Желі қолданушысы Арайлым Шырайлы алаяқтықтың жаңа түріне кезіккенін айтып, қазақстандықтарға ескерту жасады.
Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
585
оқылды

Жаңа схема бойынша, қаскөйлер сізге қандай да бір тауар келіп тұрғанын айтып, жалған Қазпошта сайтының сілтемесін жібереді екен, деп жазады Aikyn.kz.

Stan.kz тілшісі  алаяқтықтың құрбаны болғандардың оқиғасымен танысты.

Арайлым Шырайлы есімді блогер Instagram-дағы парақшасында алаяқтықтың жаңа әдісі пайда болғанын айтып, дабыл қақты. Телефон нөміріңізге белгісіз нөмірден хабарлама келіп, Қазақстан пошта қызметі деп көрсетеді. 

“Пакетіңіз қоймаға келді, бірақ мекенжайы толық емес болғандықтан, жеткізу мүмкін емес. Төмендегі сілтемеге ақпаратты толтырыңыз”, – деп жазылған хатта.

Сілтемеге өткен кезде расымен Қазпоштаға ұқсас атау тұрады, тіпті парақшасын бірдей етіп жасаған.

“Парақшаға өткенде сізде күдік болмас үшін деректер сұрайды. Содан кейін жеткізу қызметі үшін 132 теңге жіберу керек дейді. Ол үшін төлем картаңыздың деректерін толтырғызады. Кейін нөміріңізге SMS-код жібереді. Көбі бұл кодтың не екенін, не үшін керек екенін оқымай, сайтқа жазып жібереді. Ал алаяқтар сіз терген кодты Wallet-ке тіркеп, кейін сіздің картаңыз арқылы емін-еркін төлем жасай алады”, – деді ару.

Желі қолданушылары бұл ақпаратқа қатысты өз ойын бөлісіпті. Олардың арасында мұндай хабарлама алғандар қарасы көп болып шықты.  Араларында ақшасынан қағылғандар да болды.

Айжан Жұмабаева бірнеше күн бұрын онлайн тапсырыс беріп, тауарын күтіп жүрген екен. Сол кезде оған осы хабарлама келген. Ол білместікпен мәліметтерді толтырып, 30 мың теңгесін жоғалтты.

“Бір ай бұрын мен онлайн дәрумендерге тапсырыс бергем. Олар тауарды Қазпошта арқылы жібереміз деді. Араға 3 күн салып, “тапсырысыңыз қоймада тұр” деген хат келді, мен кімнен келгенін де ойламай, деректерді толтырдым. Содан кейін Халық банк картамдағы ақшамды шешіп алыпты”, – деді ол.

Осыдан кейін ару банк бөлімшесіне барып, картасын бұғаттаған. Бірақ еш жерге шағымданбапты, өйткені кімнің үстінен арызданатынын да білмедім дейді. 

Ал Арайлым Шырайлы Қазпоштаның ресми хабарламасы мен алаяқтардың жалған хабарламасын ажыратудың жолдарын көрсетті.