Бүгінгі Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдап, отандық өнім яғни сүт өнімінің ұлғаймай жатқанын қозғады.
Мархабат Жайымбетов:  Өнім бар, сапа бар, бірақ мемлекет тарапынан қолдау неге кемшін?
426
оқылды

– Президент: «Өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек» деді. Ал отандық өнімді қолдау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Соның бірі – мемлекеттік сатып алуды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде «сүт өнімдері» ұлттық режимнен алып қою тізіміне енгізілмеуі. Осының салдарынан сүт өнімдерін өндіруші болып табылмайтын, арада делдал ретінде жұмыс жасайтын өнім берушілер мемлекеттік сатып алулардың жеңімпазы атану фактілері жиілеуде.

Атап өтетін жайт, басқа елдерден келетін өнімдердің бағасы арзан болғанымен, сапасы отандық сүт өнімдерімен салыстырғанда бірнеше есе төмен. Бұл үдеріс отандық өнімдердің бәсекелестігін төмендетуге және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Өз кезегінде, бұл өнім берушілер көп жағдайда Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдерден және өзге мемлекеттерден шығарылатын өнімдерді алып келуі мүмкін. Мемлекет басшысы әр Жолдауында мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін арттыру мәселесін қозғағанымен, бұл тапсырма атқарушы билік тарапынан өз деңгейінде орындалмай келеді.

Сонымен қатар, кейбір саланың мемлекеттік сатып алу жүйесіне кәсіпорынның отандық өндіруші мәртебесін куәландыратын құжат мехнизмін енгізу қажетпіз. Яғни, бұл құжатты алу үшін кәсіпкер техникалық, технологиялық, ресурстық мүмкіндіктері бар екенін көрсетуі және тауар өндіруге шамасы жететіндігін дәлелдеуі тиіс. Егер мемлекеттік сатып алулардың жеңімпазы тек қана өндірістік сертификатқа ие кәсіпкерлер арасынан анықталған жағдайда, тапсырыс берушілерге сапалы сүт өнімдері жеткізіледі және нарықтағы делдал мекемелердің саны азаятын болады. Байқасаңыз, өнім бар, сапа бар, бірақ неге мемлекет тарапынан қолдауға келгенде келте боламыз? «Отандық өнімді қолдау керек, жергілікті өнімге мән берілсін» деген бастамалар құр жария сөзге айналмауы тиіс. Әр сөз іспен дәлелденсе, құба-құп болар еді.

Осы айтылғандарды негізге ала отырып, сүт өнімдерін ұлттық режимнен алып қою тізіміне енгізу мәселелерін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ, жосықсыз импорттаушылар тарапынан демпинг фактілеріне тергеу жүргізіп, қажет болған жағдайда шикі сүт пен оның концентратын әкелуге тыйым салу қажет, – дейді ол.