Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің өкілдері Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында (Киев қаласы) өткен, Каменец-Подольск армян Войтовский сотының армян-қыпшақ тілінде жазылған есепке алу кітаптарының цифрлық көшірмелерін тапсыру рәсіміне қатысты.
Қазақстан көне қыпшақ кітаптарының цифрланған көшірмесіне қол жеткізді
1,832
оқылды

Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің өкілдері Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында (Киев қаласы) өткен, Каменец-Подольск армян Войтовский сотының армян-қыпшақ тілінде жазылған есепке алу кітаптарының цифрлық көшірмелерін тапсыру рәсіміне қатысты.

Іс-шараға Елшіліктің кеңесшілері А.Әлібеков, Е.Катренов, Д.Сатыбалдин, Украина Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатының директоры Ю.Файзулин, мұрағат қызметкерлері, сондай-ақ қазақстандық бизнес өкілдері қатысты.

Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатының директоры Ю.Файзулин атап өткендей: «Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында әлемдегі ең үлкен армян-қыпшақ ескерткіштерінің жинағы – 16-17 ғасырлардағы Каменец-Подольск армян Войтовский сотының 28 акт кітабы сақталған. Бұл бірегей жазба құжаттар Орталық Азиядағы көптеген халықтардың, соның ішінде қазақтардың, қырғыздардың, өзбектердің де көнетілі болып табылатын, бірақ қазір жоғалып бара жатқан көне армян-қыпшақ тілінде жазылған. Осы мұраны сақтау және олардың зерттеу жұмыстарын жеңілдету мақсатында Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи-мәдени мұрағаты Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі арқылы Қазақстанның ғылыми және оқу мекемелеріне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмелерін береді. Болашақта бірлескен күш-жігердің арқасында бұл бірегей тарихи мұра ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енеді деп үміттенеміз».

Елшілік өкілдері Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи-мәдени мұрағаты қызметкерлеріне және жеке Ю.Файзулинге атқарылған ауқымды жұмыстар үшін алғыстарын білдіріп, қыпшақ немесе протоқазақ тілі Еуразияның кең аймағындағы жалпы қарым-қатынас тілі болғаны туралы дәлелдерді ескере отырып, кітаптардың әрі қарай ғылыми зерттеулер үшін құндылығын атап өтті.

Бұл құжаттардың электронды көшірмелерін алуға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сондай ақ Ежелгі және ортағасырлық тарихқа қатысты құжаттарды сақтауға маманданған Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұрағат ғалымдары қызығушылық танытты.

Тарихи құжаттарға қол жеткізуге атсалысқан қазақстандық бизнес өкілдері мен меценат Айдын Рахимбаевқа ерекше алғыс айтылды. А.Рахимбаевтың атынан Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатына бес заманауи компьютер берілді.