Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған қызға зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған 39 жастағы ер адамға қатысты іс қаралды.
Жетісу облысында математика пәнінің мұғалімі 20 жылға сотталды
Фото: zakon.kz
611
оқылды

Математика пәнінің мұғалімі жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған қызға зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған 39 жастағы ер адамға қатысты іс қаралды.

Жабық режимде өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Ж. есімді ер адамға өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салып, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қорғаушы тарап өз кезегінде сотталушының әрекетін Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі ("Кәмелетке толмаған  белгілі адамға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") және 122-бабының 2-бөлігі ("Жыныстық қатынас және 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер") бойынша саралауды сұрады.

«Ж.-ның әрекеті заң бойынша аса ауыр қылмыс санатына жатқызылып, Ж.-ның кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен толық дәлелденген. Сот-медициналық сараптама қорытындысы және істің басқа да құжаттарына сәйкес айғақ берілген», – делінген сот хабарламасында.

Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Сондай-ақ оған өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Кәмелетке толмаған жәбірленуші Г.-ның заңды өкілінің пайдасына 5 млн теңге моральдық шығын өндірілді. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.