Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің кезекті отырысы мүгедектігі бар адам­дарды медициналық, еңбек және әлеуметтік оңалту мәселелеріне арналды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту – кеңес назарында
514
оқылды

Іс-шара барысында сенаторлар мемлекеттік органдардың және сарапшылар қауым­дастығының өкілдерімен бірге аталған санаттағы азаматтарды қолдауға арналған ұсынымдар топтамасын әзір­леді. Сондай-ақ оларды әрі қарай іске асыру мәселелерін талқылады. 

Сенат Төрағасы қатысушы­ларға ілтипат білдіріп, Мемлекет басшысы әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыруға тең жағдай жасалатын инклюзивті қоғам қалыптас­тыруға баса мән беретінін атап өтті. Қазір елімізде бұл бағытта ше­шуді қажет ететін бірқатар мә­селе бар. Мәселен, әлемдік тә­жіри­беде мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа алудың және олар­дың кәсіби біліктілігін арт­тырудың тиімді екені дәлелденген. Соған қарамастан қазақстандық компаниялар мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуетін пайдалануға аса ынталы емес. Мәулен Әшім­баевтың айтуынша, бұған еңбек нарығының ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сұраныстарына бейімделмеуі себеп болуы мүмкін.

«Бәріне тең мүмкіндік берілетін инклюзивті қоғам қалыптастыру –Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаларының маңызды басымдықтарының бірі. Біріншіден, бұл – медициналық көмекке тең әрі әділ қолжетімділік, сапалы білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге ар­налған мүмкіндіктер. Бұл ретте әлеуметтік оңалтуды дамыту да маңызды. Әлеуметтік оңалтудың тиімді тетіктерінің бірі жұмыспен қамту екені анық. Алайда бүгінде еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтардың 36 пайызы ғана жұмыспен қамтылған», – деді Сенат Спикері.

Сонымен қатар отырыста инклюзивті білім беру мәселесі де талқыланды. Бұл ретте тек физи­калық тұрғыдағы кедергісіз орта қалыптастыру жеткіліксіз екені айтылды. Инклюзивті білім беру дегеніміз – икемді бағдарламалар, бейімделген техникалық және білім беру құралдары, сондай-ақ педагогтердің тиісті құзыреті. Алайда өңірлерде әлі де болса педагог және реабилитолог мамандар тапшы болып отыр.

Бұдан бөлек, палата Төрағасы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуда тек медициналық шең­бермен шектелуге болмайтынын айтты. Бұл маңызды әлеуметтік мәселе кешенді тәсілдер мен мүд­делі тараптардың жүйелі іс-қимылын талап етеді.

«Жыл сайын білім беру саласында ерекше оқу қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Ұлттық зерттеулердің мәлімет­теріне сүйенсек, педагогтердің 50 пайызы мұндай жұмыс форматына және әр балаға жеке оқу жоспарын әзірлеуге дайын емес. Сондықтан ерекше оқу қажеттілігі бар балалармен жұмыс істей алатын мұға­лімдер мен тәрбиешілер даярлау­дың заманауи үлгісін әзірлеу қажет. Яғни, оңалтуды кешенді процесс ретінде дамыту аса маңыз­ды. Осы бағытта Парламент Сенаты өз тарапынан тиісті бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қолдауға, қажетті заңдар әзірлеп, қабылдауға дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Сенат жанын­дағы Инклюзия жөніндегі кеңес былтырғы қазан айында құрылды. Оның басты міндеті – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау және олардың қоғам өміріне, еңбекке белсенді араласуын қамтамасыз ету. Кеңес алаңында бұған дейін мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту және инклюзивті орта құруда биз­нестің рөлі, сондай-ақ қаржылық қызметтер мен инфрақұрылымға қолжетімділік мәселелері тал­қыланды.

Кеңестің бүгінгі отырысында депутаттармен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Светлана Жақыпова, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазин, БҰҰ-ның мүгедектік және оңалту жөніндегі халықаралық сарапшысы Оксана Владимирова, Медицина ғылымдарының докторы Шолпан Бөлекбаева, «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының координаторы Айнұр Нұрхожаева, Әлеуметтік инноваторлар қауым­дастығының президенті Эмин Аскеров, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығының төрағасы Василий Шиманский және тағы басқа мамандар сөз сөйлеп, қоз­ғалған тақырыпқа қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

Отырыстың қорытындысы бойынша, Кеңес айтылған ұсы­ныс­тарды зерделеп, арнайы ұсы­нымдар әзірлеп, оларды мемлекеттік органдарға жолдайды. Сондай-ақ депутаттық сауалдар арқылы да маңызды мәселелер бақылауда болады. Мұның бәрі ерекше қажеттілігі бар азаматтарды медициналық, еңбек және әлеуметтік оңалтуға оң ықпалын тигізбек. Бұдан басқа, Сенат таяу жылдарға арналған респуб­ликалық бюджетті қараған кезде де оңалту мәселелерін назарда ұстайды.