Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдан соң «Адал адам қандай болу керек?» деген әртүрлі жазбалар қаптап кетті.
Адалдық – адамдықтың белгісі
454
оқылды

Соның бірі өзім болатынмын. «Осы уақытқа дейін Ұлтты ұйыстырған жиын» деген қысқа пікір жаздым да, күрделісін кейінге ысырып қойдым. Өйткені бұл адам-қоғам мәселесі – терең философия, оған атүсті қарауға болмайтын, қалай болса солай қалам тартуды көтермейтін тақырып.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Адал адам туралы тек Атырауда ғана айтқан жоқ. Атырауда Адал адам болуға жетелейтін адал еңбек пен адал табыс табу арқылы Әділетті Қазақстан құру көзқарасын нақтылаған болса, ал қоғамдық сананы өзгерту жөніндегі бас­таманы Түркістандағы Құрылтайда көтерген болатын. Ата-бабамыз ниет түзулігі жөнінде бұрыннан айтып келеді. Сол сияқты қазіргі уақытта Әділетті Қа­зақ­станды құру тек саяси-экономикалық реформалармен шектелмейді. Мемлекет басшысы айтқандай, Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Ең бірінші, сананы сілкілеу – барымыз мен нарымызды електен өткізіп қажетін қалдыру.

Жалпы, Ұлттық құрылтайдың қай жиынында болмасын басты тақырыпта адам-қоғам, оны заманға сай қалай дамыту, рухани өсу жолдары қозғалып келеді. Мемлекет басшысының даңқты бабаларымыз ат тізгінін босатып, шылбырын байлаған қасиетті киелі жерлерде Құрыл­тай өткізуінде үлкен астар жатыр.

Адам мәселесіне келетін болсақ, белгілі ғұлама әл-Фарабидің еңбектерінен артық еңбекті, дана сөздерді кездестірмеппін. Абайдың «Толық адамы» да әл-Фараби еңбектерінен кейін дүниеге келген. Алайда бұл танымда Абайдың антика дәуірінің мықты философтары Сократ, Платон, Аристотельдің де еңбектеріне ден қойғаны байқалады. Әсіресе, Аристотельдің «Этика» ілімінен осы Абайдың «Толық адам» ілімі бастау алып, адамгершіліктің құндылығы қайы­рымдылықта деген түсінікті толықтырып жалғастыра түскен. Гректің ойшылдары мен әл-Фараби еңбектері сабақтас, ой түйісуі бірдей. Қандай адам болу адамның өзіне байланысты адам өз өмірінің қожасы деген тұжырымға алып келеді. Отырарлық ғұлама болмысты зерттей отырып, бақытқа барар кілтті іздейді. Аристотель мен Платонды философияны жасаушы деп ұқсақ, әл-Фараби осы екеуінің еңбектерін зерделеген, жалғас­тырушы деп айтсақ қате емес деп ойлаймын.

Әбу Насыр әл-Фараби болмысты зерттеу арқылы адам бойындағы қабілетті өле-өлгенше болмысты тануға жұмсауды меже тұтты, ізгілікке жетуді мақсат етті, ізгілікке жеткенді адами даналық деп түсіндірді. Әл-Фараби адам мен қоғамды бөліп жармайды, қайта адам бақытқа жету үшін өзара бір-бірімен бірігуге мұқтаж дей келе, «бақыт дегеніміз ізгілік» дегенге саяды. Ғұламаның дәл осы ойлары қай фармацияда болмасын өміршеңдігін жо­ғалтпады. Біреулер бақытты мал-мүлік­тен, байлықтан, кейбірі биліктен іздесе, ғұлама бақытты ғылымнан тапқан. Негізінде, бақытқа жетуді ғұлама қайырым­дылықпен үнемі байланыстырып отырады. Ғұлама қоғамның түрін ұлы, орташа, шағын деп үшке бөледі. Ұлы қоғамға жататын бір идея төңірегіне біріккен, бір-біріне қол ұшын беретін көпшілік. Дәл осы қоғам – Мемлекет басшысы күн тәртібіне мақсат етіп қойған, баршаға үндеген – ұлт сапасы мықты қоғам. Мемлекет басшысы ұлт сапасын жақсарта отырып қана Әділетті Қазақстанға қол жеткізуге болатынын елге жеткізуде. Әл-Фараби еңбегіндегі орташа қоғам бір халықты ғана құраса, шағын қоғам – белгілі бір жерде, мысалы бір қалада топтас­қан қоғам. Ғұламаның «Қайырымды қала» еңбегінен қала адамдарының ізгілік мейірімінен адалдықты тануға болады. Ғұламаның ойшылдығына таңғалатын бір нәрсе бақыт жөнінде пікірді адамдардың өзіне қалдырады, демек ой еркіндігін мойындайды, қайта адамдардың бәрі бақытты терең ұғынуы үшін ұстаздың, тәлімгердің қажеттігін айтады. Халық айтты деп күнара айтатын «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәр­биесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөздер Әбу Насыр әл-Фарабидің түйінді ойлары екенін жұрттың бәрі біле бер­мейді. Ғұлама бақытқа жетудегі ең қа­жеті қайырымдылық, ал кедергісі зұлым­дық дейді. Бұны да уақыт дә­лелдеп отыр.

Ғұлама қоғамды бақытты ету үшін ел басқарушысына қажет он екі қасиетті атайды. Қазір ол қасиеттердің көбісін Әдеп кодексінде пайдаланып жүрміз. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында ғылым туралы айтпай кетпейді. Әл-Фараби ғылымды екіге бөлінетінін, біріншісі – ізгілікке жету, екіншісі – пайдаға ие болу десе, қазіргі қоғамда елімізде ізгілік жасай отырып жаңалық ашып, елге пайдасы тисе, оны ел болып, жұрт болып қолданса, ғалымның еңбегі бағаланып пайда тапса, оның еш айыбы жоқ. Мемлекет басшысы ел экономикасын көтеру үшін креативті ойлаушы азаматтарды қолдап отыр. Бұл – ғұлама ойларының ғасырлар асып жүзеге аса бастауының көрінісі.

Биыл Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтар жүйесіне тоқталды. Атырауда айтылған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұғымдары Адал адам келбетін толық қам­тиды. Адал адамсыз әділетті қоғамды құру мүмкін еместігін ғұламаларымыз дәлелдеп кеткен, қарапайым халық та түсінеді. «Адам өз өмірінің қожасы» деп әл-Фараби жазып кеткендей, ұлы қоғамды жасайтын да адамдар, әрине адал адамдар. Адалдық та, адамгершілік те, ізгілік те өз бойымыз­дан табылуға тиіс. Ұлттық бірегейлігіміз сонда ғана нығаяды. Мемлекет басшысы адал азамат болуға ұмтылыстың қажеттігін үнемі қайталап айтумен келеді. Қолдайық, осы идея төңірегіне топтасайық. Әрқай­сы­мыз өз саламызда адал еңбек етсек, табысымыз да адал, айналамызға бауыр­мал­дық, қайырымдылық танытсақ, заң­ның үстемдігін мойындасақ, Әділетті Қазақстанды құруға қосқан үлесіміз болады.

Адал азамат идеясы бізді әл-Фараби мұраларына үңілуге жетеледі. Отырарлық ойшылдың өсиет, мұрасы біз үшін бағ­даршам болуы керек. Еліміздің әрбір азаматы адалдық адами қасиеттің ең бас­ты шарты екенін естен шығармауға тиіс. Адал азамат болып адал еңбек ету, адал табыс табу тек өзіміздің ерік-жігерімізге, отаншылдығымызға, адами ниет-пейі­лімізге, парасатымызға байланысты. 

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА, 

«AMANAT» партиясы 

Түркістан облыстық филиалы 

атқарушы хатшысының орынбасары, 

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты