Лудомания, яғни қарапайым тілмен айтқанда құмар ойындарына деген тәуелділік бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселесіне айналды.
Амангелді Мейрамбекұлы, психолог: Лудоман ойынқұмар екенін мойындамайды
7,232
оқылды

Себебі қайда қарасаңыз да лото, ойын автоматтары, спортқа ставка қою секілді жеңіл ақша табуға үндейтін жарнамаларға кез боласыз. Жай ғана назар аударумен шектелген адамның жарасы жеңіл, әрине, бірақ көп жағдайда «бағым шауып кетер ме» деген алдамшы үміт жетектей кетпесіне кім кепіл? Мар­ке­тингтің майталмандары қолданатын айла-амалдың алдында ішкі тірегінен айырылған кей азаматтар дәр­менсіз бе дерсің. Осы жайында оның түпкі себебі мен одан ем­делудің жолдары туралы психолог, логотерапевт Амангелді Мейрамбекұлымен әңгімелескен едік.

– Лудомания деген не, оның түрлері бола ма? 

– Лудомания дегеніміз, қа­зақша ойынға тарту деген мағына білдіреді. Бұл тәуелділіктен туындайтын дерт. Оны біз жеңіл немесе күрделі деп түрге бөле алмаймыз, себебі құмар ойындардың қай-қайсысы болмасын адам санасын улау арқылы өмірін құр­дым­ға кетіреді. Бір рет жеңіл ақ­шаның дәмін татқан соң, әрине қарызға батқан кезде де адам одан шығудың осындай жеңіл жолдарын іздейді. Осылайша, алғашын­да маңызсыз болып көрінген кі­шігірім ойындар да ішкі тірегі жоқ адамдарды соңында үлкен қате­ліктерге әкеліп ұрындыруы мүм­кін. Әрине, қазір ғылым-білім да­мыған заманда кез келген тәуел­ділікті емдеуге болады. Бірақ ең бастысы, одан айыққан азаматтар мұндай дүниелерден бойын аулақ салуға бел байлағаны абзал.

– Көп жағдайда мұның себебін отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауынан іздеп жататындар бар. Шындап келгенде, құмар ойындарына әуестіктің пайда болуына қандай факторлар әсер етеді?

– Оның себебін отбасын­дағы тәрбиеден іздеудің қажеті жоқ. Себебі логотерапияда «детерменизм» деген ұғым бар. Бұл принцип себеп-салдар мәселелерін қа­растыратын түсінік. Оған сәйкес баланы жаман тәрбиелесең, ол жаман, жақсы тәрибелесең жақсы болып ер жетеді. Яғни, сен белгілі бір әрекет жасайсың да, болашақта соның нәтижесін күтесің. Иә, өсім­діктер мен жануарлардың та­биғатын детерменизм арқылы қа­растыруға болады. Бірақ адам­ның іс-әрекеттеріне детерменизм ұғымы арқылы талдау жасау, баға беру әсте дұрыс емес. Себебі мүлде тәрбие бермеген отбасылардан да саналы азаматтар өсіп-жетілуі мүмкін. Сол секілді көзі ашық, көреген ата-аналардың да балалары көптеген қателікке ұрынып жатады. Сондықтан әңгіме адам тағдырына келіп тірелгенде біз кейбір жайттардың алдын алуға қауқарсыз болып қаламыз. Бірақ баланы өте қатты тәртіппен өсірсеңіз, белгілі бір уақытқа дейін ол тұйықтау болып өсуі мүмкін. Дегенмен есейе келе балада өз қы­зығушылығына сай ұмтылыс пайда болып, өзін тәрбиелейді, адамдармен қарым-қатынас құру арқылы өміріне қажетті тәжірибе мен қабілеттерді ала алады.

Ата-ананың берген тәрбиесі белгілі бір уақытқа дейін ғана әсер етеді. Психологияда симбиоти­калық қарым-қатынас деген ұғым болады. Ол дегеніміз – біреудің өмірін жұтып қою немесе өз өмірін өзге біреуге жұтқызуға ұмтылу. Мысалы, сәби күнінде әке-шешесі баланың өміріне қатты алаңдайды. Соның нәтижесінде «анда барма, мына жерде оқы, мына баламен дос болма» деген секілді көптеген шектеу пайда болады, қызығушы­лықтары мен университеті, тіпті мамандық пен жар таңдауға да араласады. Бір сөзбен айтқанда, ата-ана бала үшін шешім қабыл­дайды. Нәтижесінде баланың өмірін жұтып қоюы мүмкін. Ал бала 18 жасқа дейін өзі қателік­терінен қорытынды шығарып, ғибрат алып, бойындағы әлеуетін ашуға ұмтылуы қажет. Сонда ғана ол тұлға ретінде «Мен кіммін, қо­лымнан не келеді?» деген сынды сұрақтарға жауап беруге қауқарлы болып қалыптасады. Мұндай өмірлік тәжірибе болмағандықтан, уақыт өте келе адам осындай ойын­дарға тап болған сәтте ми оны ақша табудың жеңіл жолы ретінде қабылдап, әуестігі арта береді. Ал ол жолдан бас тартып өзге іспен шұғылданайын десе, өмірлік тәжірибе жетіспейді, өзіне сенімсіз болады. Сондықтан тәр­билеу барысында қиындықтарды «табиғи» жолмен еңсеруді үйрет­кен жөн. Ол сәби күнінен 1-1,5 жасында басталады: бала өзі қасық ұстауға, киімін, аяқкиімін өзі кию­ге ұмтылады. Мәселен, енді аяғы шыққан сәтте кішігірім кедергілерден өткенде бала мақтанады, дәл осы сәтте ата-анасы оны қол­паштап, қолдау көрсеткені дұрыс. Ал біз баланың өсіп жетілуі барысында қауіпсіз орта қалыптас­тырамын деп керісінше, табиғи үрдістердің тамырына балта шауып жатқанымызды байқамай қаламыз. Еркіндікте ер жеткен адам сәтті-сәтсіз көптеген тәжіри­бенің арасынан өз жолын адаспай таба алады.

– Мектеп жасында баланы шектен тыс бақылау да түбінде тәуелділікке әкелуі мүмкін бе?

– Ата-ана кейде балаға қам­қорлық жасаймын деп, қиянат жасағанын байқамай жатады. Дос таңдау мәселесінде де бала өзі таңдау жасағаны абзал. Сіз оны қанша жерде жақсы мектепке берсеңіз де, тап-тұйнақтай болып жүруіне жағдай жасасаңыз да, ол барып кір-қожалақ, әке-шеше­сінен мейірім көрмеген бір баламен дос болуы мүмкін. Әр адамның өз періштесі болады десек, «кө­шенің» тәрбиесін көрген бала сіздің балаңыз үшін періште болып көрінуі мүмкін. Ол осылайша адамдармен қарым-қатынас құру­ды, сөйлесуді, өзіне сенімділігі артып, мейірім беруді, қамқор­лық көрсетуді үйренеді.

– Лудомания кедей елдерде көп таралатыны қаншалықты рас?

– Мұндай пікірмен мен келісе алмаймын. Себебі қазір нарықта әр адамның қалтасына сай құмар ойындарына тартудың түрлі амалы қарастырылған, адам санасын ойынға байлаудың көптеген жолын көруге болады. Мысалы, ка­зи­ноларға кез келген адамның қар­жысы жетпейді. Оған тек бай-бағландар мен ауқатты азаматтар ғана кіруге қауқарлы. Бұл жоға­рыда айтып өткенімдей, психоло­гияға келіп тіреледі. Ортада адам­ның өмірлік тәжірибе алу процесіне ата-анасы араласып, өз қамқор­лығымен оны «жұтып» осы ең басты проблема. Ер жеткен бала сәтсіздікпен бетпе-бет келгенде, барынша қиындықтан қорғаштап, алдына түсіп көлеңкеден шы­ғармау оның «олақ» тұлғаға айналуына алып келеді. Егер оқуға түсе алмады ма, құрылыс немесе сауда саттықпен айналысады, одан шы­ғып кетсе кәсіпкерлікпен шұғыл­данады, осылайша адамда бір мәселені бірнеше жолмен шешу дағдысы қалыптасады. Сондықтан елімізде, әрине құмар ойындары өзекті проблема, бірақ бала тәр­биесі мен оның емін-еркін ер жетуі одан да өзекті дер едім. 

– Бұл да бір ауру десек, одан емделу мүмкін бе? 

– Өз тәжірибеме сүйенсем, маған лудомания мәселесімен келген пациенттердің барлығында дерлік симбиоткалық қарым-қатынасты көремін. Яғни, ба­ла­ның өмірінде оның қызығу­шылықтарына орын жоқ. Мысалы, мынадай жағдайлар кездеседі. «Мен әскерде қызмет еткім келеді» деген балаға «сен үйдің жал­ғызысың, одан да мынадай іспен шұғылдан» деп скрипкаға береді де, оның қалауларына нүкте қояды. Әрине, мұндай жағдайда баланың өмірге деген құлшынысы жоға­лады. Есейген сәтте тұрмыстық қажеттіліктер туындайтыны ай­қын. Нәтижесінде, айналамызда қаумалаған құмар ойындарының жарнамасы оны байқап көруге итермелейді. Ал бір рет оның қы­зығын көрген адам, әрі қарай оның құрығынан құтылуы қиын. Асқынған жағдайларда тек реа­билитациялық орталықтар ғана көмектесе алады. Себебі ол жерде адамды кешенді түрде емдеу шаралары қолданылады. Мысалы, логотерапияда адамды тәні, жаны, рухы деп үш қабаттан тұрады деп қарастырады. Осы үш қырына да жеке-дара әдістерді қолдану арқылы адамды қайтадан өмір сүруге ұмтылдырады. Тәннің емі ол – спорт. Жанын психология қағидаларына сәйкес табиғат аясында серуендеу, музыкалық инструменттерде ойнау секілді тағы басқа жаңа позитивті эмоциялар беру арқылы қалпына келтіреді. Ал рухани қабатты емдеу бұл «Мән» мәселесіне келіп тіреледі. Адамның өмірлік көзқарасына қатысты негізгі сұрақтарға жауап табуына жәрдем беру. Бірақ лудоман «мен тек ойын ойнағанды ұнатамын, басқа нәрсе менің қолымнан келмейді» деуі мүмкін, сол секілді алкоголик те «мен тек ішімдік ішкеннен басқа дүниеге қызықпаймын» деуі ғажап емес. Сондықтан оның өмірлік мақсаты, өзі шұғылданатын істің мән-маңызын, сезімдерінің қай қабат­тан шығып жатқанын көрсету, ұғындыру, сана мен рухтың аражігін ажыратып көрсету керек. Осы сәтте оның дүниетанымы өзгереді. Біздің лудомания деп отырғанымыз – бұл шартты нәрсе. Адам санасы үшін бұл ең оптималды нұсқа болып көрінуі мүмкін, өйткені 500 теңге салып, 20 мың ұтып алуым мүмкін деген үміт пайда болады. 

– Емделу барысында пациент қандай этаптардан өтеді және ойынқұмар адамның ақша салғаны есінде болмауын қалай түсінуге болады?

– Лудоман, әрине өзінің ойын­құмар екенін ешқашан мойындамайды. Бірлі-екілі сәтті шыққан ойындарына арқа сүйеп, өз қа­теліктерін тек сәтсіздікке балайды. Ал ойын барысында не істеп, не қойғанын білмеу бұл экзистенциалды проблемаға жатады. Оның түпкі себебі өмірлік мәнін жоғалту, ол адам үшін ойыннан басқа мән-мағына жоқ. Бұл негилистік көз­қарасқа жатады. Ондай адам ата-ананы да, бала-шағаны да құнсыз­дандырып жібереді. Негилистік көзқарас кез келген адамда кездесе береді. Бірақ қалыпты жағдайда ол тұлғалық даму барысында бір кезеңнен екінші кезеңге аяқ бас­қанда туындайды. Яғни, белгілі бір мақсаттарға қол жеткізгенде жаңа белестерді бағындыру үшін сіз өз принциптеріңізді қайта қарайсыз.

– Осы жерде бір қарама-қай­шылық туындайды. Бір жағынан елімізде лудоманиямен күрес шаралары жүріліп жатса, екінші жағынан осындай қызмет түрлерін ұсынатын мекеме заңды түрде жұмыс істеуде. Бұл туралы не айтасыз?

– Бұл жерде саяси мәселе­лерге дендемес бұрын, бірінші жеке жауап­кершілік мәселесіне тоқ­талғанды жөн санаймын. Себебі сіз әлеуметтік жеңілдіктер алу үшін баланы дүниеге әкелмейсіз ғой. Сондықтан кез келген азамат өзі үшін күресетін болса, оған суицид немесе әлемдік депрессия секілді глобалды жайттардың аса бір әсері бола бермейді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Кәмила ЕРКІНҚЫЗЫ