ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сапа мен қауіпсіздік көрсеткіштеріне сай келмейтін азық-түлік өнімдерін бөлшек саудадан алып қоюдың жаңа ережелерін әзірледі. Өндірушілер бұл шешімді азық-түлік қауіпсіздігін бақылау үшін жауапкершілікті өздеріне аудару әрекеті деп санайды.
Отандық өндірушілердің пікірінше, Денсаулық сақтау министрлігі өте жеңілдетілген тәртіп ұсынып отыр: жаңа ережелерге сәйкес, ведомство тексерулер жүргізу үшін жауапкершілікті өз мойнынан алып тастап, ал өндірушінің өзі саудада анықталған сапасыз өнімдерден өз бетімен арылуға міндеттеледі.
Бұл тіпті техникалық жағынан да оңай шаруа емес. Кез келген өндірушінің бүкіл ел бойынша өкілдері мен өкілдіктері бар дей алмаймыз.
«Егер өндіруші компанияның кеңсесі Алматыда немесе Астанада болса, онда ол өз өнімдерін Атырау маңындағы дүкеннен қалай алып тастай алады? Егер бұл белорус өндірушісі болса, оның өкілі бірнеше мың шақырым жерде өз тауарларын алып кетуге арнайы бара ма? Ал дүкендер бұл міндетін қалай орындауы керек? Бұзылған немесе мерзімі өткен өнімді қайда және қанша уақыт сақтау керек? Сақтау қосымша шығындарды талап етеді, бұл тауардың бағасына әсер етеді», – деп сұрақ қояды ҚР Сауда кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Жібек Әжібаева.
Бұрын мұның бәрі қатаң болатын. Мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштері бойынша СЭҚ атынан не өз бастамасы бойынша өнім үлгілерін алып, оларды сапа мен қауіпсіздіктің мәлімделген параметрлеріне сәйкестігі үшін зертханалық зерттеуге жібере алатын. Егер өнімдердің құрамы талаптарға сай келмесе, онда тексеруші органдар бұл тауарды дереу алып, оны өндірушіге тиісті жаза тағайындайды. Сондай-ақ олардың нұсқауы бойынша сауда кәсіпорындары сәйкес келмейтін тауарларды сөрелерден өз бетімен алуға міндетті болды. Бұл – көптеген елде қабылданған қалыпты, дәлелденген тәжірибе.
«ҚР Парламенті Сенатының қарауында тұрған бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында денсаулық сақтау министрлігіне техрегламенттер мен санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін өнімді (тауарды) алып қоюды және кері қайтарып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту бойынша құзырет беру, ал кері қайтарып алудың өзі жедел ден қою шараларына жатқызылуы ұсынылады. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндірулеріне қарасақ, бұдан ведомство мемлекеттік бақылау және қадағалау қорытындылары бойынша бизнесті елдің бүкіл нарығынан өнімді кері қайтарып алуға мәжбүрлейтін болып шығады. Біз ведомство осылайша мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі іс-шаралардан ажырағысы келеді деп санаймыз», – деді Қазақстанның Сүт одағының директоры Владимир Кожевников.
Бұл жерде өндірушілер процестің мүдделі тараптары емес екенін ескеру керек – ақшаға бүкіл ел бойынша кондицияға сәйкес емес өнімді алу. Ал егер тауар қажетті сақтау шарттарына төтеп бере алмаған сатушының кінәсінен бүлінген болса ше? Өндіруші тауарды алып қою үшін бүкіл ел бойынша қызметкерлерді іссапарға жіберуі керек және оған ақша жұмсауы керек. Бұл сайып келгенде тауардың бағасына ықпал етеді. Демек, өнімдердің бағасы одан әрі өседі, ал өндірушілердің пікірінше, механизмнің өзі өте қисынсыз және жетілмеген. Мұндай тауарларды мемлекеттік бақылаушы орган алуға тиіс. Жаңа тәсіл өнімнің сапасын бақылауды фикцияға айналдырады. Өйткені ешкім өз тауарларын оған ақша жұмсап, қызметкерлерді шалғайдағы қалалар мен ауылдарға жібергісі келмейді. Сонымен қатар бұл тәсіл өндірістері мен кеңселері басқа елдерде орналасқан импорттаушыларға қолданылмайды.
ҚР Сауда кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Жібек Әжібаева Денсаулық сақтау министрлігі өз бастамасымен халықты сапасыз азық-түліктен қорғау үшін жауапкершілікті өз мойнынан алып тастайды деген пікірмен келіседі.
«Бұл бастама Денсаулық сақтау министрлігінің халық пен мемлекет алдындағы сауданың сапасыз өнімге айналмауы үшін жауапкершілігін іс жүзінде нөлге теңестіреді. Министрліктің бұл ұстанымы құқық қорғау органдары күдіктілерді өздерін ұстауға және қамауға алуға шақыруымен тең жағдай. Сондай-ақ, бұл бастама айтарлықтай тәуекелдерді тудырады: мысалы отандық тауар өндірушілерге үлкен қаржылық және ұйымдастырушылық жүктеме жасалады. Өйткені олардың импорттаушы бәсекелестері заңды тұлғаны өзгерту арқылы жаңа норманы оңай айналып өте алады. Ал контрафактілік өнімді әкелу кезінде өнімі біреу-міреудің қолдан жасаған адал дистрибьюторлар мен өндірушілерге ауыртпалық түсуі мүмкін (өндірушілер, әдетте контрафактіге қатысы жоқ және өздері мұндай құбылыстан қорғауды қажет етеді). Ең бастысы – мұндай норма қазақстандық өндірушілермен импорттық тауарды жеткізушілердің бара-бара теңсіздік жағдайларына әкеп соғады», – деп атап өтті Жібек Әжібаева.
Салалық одақтар өкілдерінің айтуынша, реттеуші нормаларға мұндай өзгерістер қазақстандық бөлшек сауда желісіндегі отандық өнімнің үлесі онсыз да азайып, импорттық өнімдердің үлесі өсіп жатқан сәтте енгізіліп жатыр. Сонымен қатар азық-түлік импортында сатып алу бағасы өте төмен күмәнді сапалы өнімдер көп. Азық-түлік нарығында импорттың кең таралған үстемдігі жағдайында, керісінше, мемлекеттің бақылаушы позицияларын күшейту қажет. Мәселен, мұндаймен көрші Ресей айналысып отыр: Ресей Федерациясының белгілі бір аймағында қазақстандық өнімдер жергілікті тұрғындарға елеулі бәсекелестік туғыза бастағанда, бақылау құрылымдары (Роспотребнадзор) бірден келіп, қандай да бір заңбұзушылықтарды табады. Жаңа тәсілмен біз жосықсыз импорттаушыларға ықпал ету тетіктерін мүлдем жоғалтамыз, дейді өндірушілер.
Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақтары альянсы өкілдерінің пікірінше, егер ұсыныстар қабылданатын болса, қазақстандық дүкендердегі импорттық азық-түлік саны одан әрі өсе бермек, ал оның сапасы ел халқының денсаулығына қауіп төндіреді. «Ұлттық экономика үшін қалыптасқан жағдайдан шығудың жалғыз жолы ретінде біз Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған заң жобасынан, сапасыз тауарды өндірушілердің өз бетінше қайтарып алуы жөніндегі ережеден және мемлекетіміз тарапынан импортқа бақылауды күшейтуді көріп отырмыз. Біз көрші елдерде қазақстандық өндіріс өнімдеріне қолданылатын импорттық өнімдерге қатысты қарама-қайшы шараларын қабылдауымыз керек. Мұны тек мемлекеттік органдар жасай алады, сондықтан оларды бұл процестен шығаруға болмайды», – деп түйіндейді Владимир Кожевников.
Салалық одақтар өкілдері Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің елімізге ұлттық экономиканың мүдделерін ескере отырып, протекционистік экономикалық саясатқа көшу қажет екенін атап өткенін еске салады. Әсіресе қазір көптеген ел ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданып жатыр. Тіпті дамыған мемлекеттер де осындай саясатқа көшті, ал Қазақстанда ДСҰ жіктемесі бойынша ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен болып қалып отыр.
«Қаңтар айында ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев өз мәлімдемесінде импорттық өнімге, атап айтқанда Ресейден қарқынмен әкелінетін азық-түлікке қатысты техрегламенттер мен санитарлық нормалар талаптарының сақталуын бақылау үшін бақылауды күшейту және «айна» шараларын енгізу қажеттігі туралы мәлімдеді. Алайда қазір біз қарама-қарсы жағдайды байқап отырмыз. Онда уәкілетті бақылаушы мемлекеттік орган – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз бастамаларымен бақылау функцияларын іс жүзінде бизнестің өзіне жүктейді және осылайша проблемадан жауапкершіліктен жалтарады», – деп атап өтті «Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының» төрағасы Жібек Әжібаева.