Іс-шараға қатысқан жұмыс берушілер тарапынан 579 бос жұмыс орны ұсынылды.
Абай университетінде Бос орындар жәрмеңкесі өтті
1,247
оқылды

Абай университетінде «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен «Бос орындар жәрмеңкесі – 2024» іс-шарасы өтті. 

Жәрмеңкені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жұмыс берушілер мен бітіруші түлектер арасында еркін диалог алаңын қалыптастыру, нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарды анықтап, соның негізінде мамандар даярлау. Мұндай жәрмеңке жыл сайын университет қабырғасында әртүрлі форматта өтеді. Жәрмеңке нәтижесінде бітіруші түлектер өздеріне керек жұмыс орындарымен танысып, жұмысқа орналасады. Жыл сайынғы өткен жәрмеңке нәтижесінде университет түлектерінің 95 %-ы жұмыспен қамтылып жатыр.

Бүгінгі өткізілген жәрмеңкеде академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова шараға келген жұмыс берушілерге алғыс айтып, студенттерді мансап жолындағы алғашқы қадамымен құттықтады. Проректор сонымен қатар университет түлектерін жұмыспен қамтуға арналған жобалар туралы айтты. Іс-шарада Алматы қаласы, Алматы облысынан бөлек, алыс аймақтардан келген жұмыс берушілерге сөз беріліп, жұмыс орындары туралы баяндауына, өз мекемелері туралы ақпарат беруіне мүмкіндік берілді. Бос орындар жәрмеңкесіне қатысушы жұмыс берушілерге 2024 жылы бітіретін түлектер туралы ақпаратты Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков таныстырды.

Оқу орнында дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын жәрмеңкеге 135-тен астам мекеме қатысты. Олардың қатарында орта білім беру ұйымдары, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, жекеменшік білім беру ұйымдары, өндірістік және сатумен айналысатын компаниялар бар. 

Іс-шараға қатысқан жұмыс берушілер тарапынан 579 бос жұмыс орны ұсынылды. Бұған қоса алдын ала жүргізілген ынтымақтастық байланыс аясында Абай университетінің бітіруші түлектеріне республикамыздың түкпір-түкпірінен 1211 бос жұмыс орындары сұраныс хат арқылы келді. Жәрмеңкеге келген мекемелер бітіруші түлектермен ашық сұхбаттасып, өз кезегінде жұмысқа қабылдайтыны туралы мәлімдеді.