Үкімет аталған жұмысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Республиканың зардап шеккен аймақтарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беруде. Бүгінде 24 835 өтінім қабылданды.
Биылғы 4 мамырдағы жағдай бойынша, 16 168 отбасы 5,7 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал басының шығыны үшін берілетін төлем көлемі 916 млн теңгеден асты.
Бүгінде зардап шеккен өңірлерде 4 556 тұрғын үй тексеріліп, 2 845 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілді.
Жөндеу жұмыстарын жүргізуге және тұрғын үйді қалпына келтіруге 696 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Аталған көмек 530 отбасын қамтыды.
Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында тағы 53 отбасына қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді.
Залалды өтеу жұмыстары жалғасуда және Үкіметтің қатаң бақылауына алынған. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.