Адамзат тарихындағы ең зұлмат соғыстың бірі – Екінші дүние­жүзі­лік соғыс болғаны даусыз. Қанды майданға үлкені де жасы да, егін­ші де, малшы да аттанды.
Қалам мен қаруды қатар ұстаған
585
оқылды

Отан үшін отқа түскендердің қатарында қа­ламгерлер де аз болмаған. Қалам мен қаруды қатар ұстағандардың ше­бінде  жамбылдық жазушылар да сап түзеді. Оның бірі – соғыстан аман-есен оралса, енді бірі  ерлікпен қаза тапты.

Жасыратыны жоқ, Ұлы Отан со­ғы­сында Қазақстан ерекше рөл атқарды. «Бәрі майданға», «Бәрі Жеңіс үшін» деген ұранмен ауыл шаруа­шы­лы­ғынан бастап, барлық саладағы өнімдер май­данға жөнелтілді. Бұл жайында бел­гі­лі тарихшы, академик Манаш Қозы­баев мынадай дерек келтіреді: «Қазақстан соғыс жылдарында шын мәнінде майдан ар­сеналына айналды. Республика ең­бек­шілері майдан талаптарына сай еңбек ете жүріп, соғыста аса маңызды страте­гия­лық мәні бар түсті металдар өндіруде өзі­нің одақтағы жетекші рөлін нығайта түс­ті. Соғыс жылдары Қазақстан май­дан­ға және қорғаныс өндірісіне қажетті мыстың үштен бірін өндіріп отырды. Май­данда атылған он оқтың тоғызын Қа­зақстанда құйылған қорғасыннан ж­а­сады. Республикада сонымен бірге Қоңы­­рат молибден кен орны, Жездідегі марганец өндіру кен орны, Ақтөбедегі Хром­тау, Ақшатау молибден-вольфрам, Текелі полиметалл комбинаттары жедел са­лынып, іске қосылды. Осының арқа­сын­да одақтық өндірісте молибденнің 60, висмутінің 65, полиметалл кендерінің 79 проценті Қазақстанда шығарылды», – дейді тарихшы.

Бұған Шымкенттің қорғасынын, Ем­бінің мұнайын, Орталық Қа­зақ­станның түсті металын, Қарғандының кө­мірін қосыңыз. Бұл аз десеңіз, оқтан да қымбат қазақ даласынан майданға тон­налап астық жөнелтілді. 

Жамбылдықтар 1942 жылы Брянск май­данына – 13, 1943 жылы Солтүстік Ба­тыс майданына 16 вагон тауар жет­кіз­ген. Жаудан босатылған өңірлерге ұсақ малмен қатар жылқы да берді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ даласы расында майдан арсеналына айналды.

Қазақтар тылдағы еңбектерінен бө­лек, майдан даласындағы ерліктерімен де танылды. Жеңісті жақындатқан жазу­шы­лар Талас өңірінің тумасы Шона Сма­ханұлы, Кенингсберг түбінде ерлік­пен қаза тапқан Рахымбай Құлбаев, ауыл мұғалімі болған Аманғали Сегізбаев, майданда дивизиялық газет редакторы бол­ған Жайық Бектұров, өңірде жасақ­тал­ған 105 атты әскер дивизиясы құра­мында болған Мыңатай Қыстаубаев пен Қалмахан Әбдіқадыровтың ерліктері өз алдына бір төбе. 

Алматы қаласындағы Қазақстан Жа­зушылар Одағы ғимаратының кіре бе­рісіндегі мәрмәр тақтада ұрыс даласынан орал­маған жазушылардың есімдері жа­зыл­ған. Онда жамбылдық қаламгер Аман­ғали Сегізбаевтың есімі таңба­лан­ған.

– Мұрағат құжаттарында Жамбылдан май­данға аттанған жазушылар туралы де­рек аз. Десе де, біз бірқатары туралы мағ­лұмат жинақтауға тырыстық. Мә­селен, Аманғали Сегізбаев Қостанай об­­­лысы Ақсу ауылында туған. Мол­да­дан хат танып, еңбек жолын ауыл мұ­ғалімдігінен бастаған. Баспасөз бет­терінде ойлы өлең, өткір мақала, фелье­тон­дарымен танылып, 1924 жылы Орын­­­бор қаласындағы «Еңбекші қазақ» (қа­зір­гі Egemen Qazaqstan) газетіне шақы­ры­лады. Соғыс басталар тұста ол осы га­зеттің Жамбыл облысы бойынша мен­­­шікті тілшісі болған. Осылайша, Се­гізбаев Жамбыл жерінен қан майданға аттанып отыр. 

Талас өңірінің перзенті Шона Сма­ханұлы да ел басына күн ту­ғанда қаламын қаруға алмастырған жазу­шы. Ол сатираның прозалық та, поэ­зия­лық та жанрына қалам тербеген. Шо­на қысқа да нұсқа жазудың хас ше­бері болды. Оның ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы қалды. Сондықтан халық қаламгерді «Шоқ тілді Шона» деп атап кетті. Бүгінде жазушының еңбектері кейінгі ұрпаққа мұра болып қалды. 

Оңтүстік Қазақстан облысында ұзақ жыл­дар партиялық басшылық қызметте болған жазушы Әбжапар Жылқышиев те майданға туған жері қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданынан аттанған. Құлан жеріндегі бір ауыл осы кісінің есімімен ата­лады. Ал Қордайдың Шарбақты ауы­лын­да 1925 жылы дүниеге келген Сан­сыз­бай Сарғасқаев – соғыстан елге аман оралған қаламгердің бірі. 

Жазушы Жайық Бектұров та майданға Жамбыл жерінен ат­тан­ған. Ол 1939 жылы Жамбыл облысы құ­рылғанда Алматыдан облыстық газет­ке бас редактор болып келген. Сол жыл­дың қарашасынан 1942 жылдың ма­мы­рына дейін осы қызметті атқарған.

Ақмола облысы, Қызылағаш ауы­лы­ның тумасы Жайық Бектұров майданда дивизиялық газет редакторы болған. Елге оралған соң 1958 жылдан бастап, ұзақ жыл Жазушылар одағының Қара­ған­­ды облысындағы облысаралық бө­лім­шесін басқарған. 

1919 жылы өмірге келген Балтабай Адам­баев – Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы. Майданда рота ко­ман­дирі болды. Өлең жинақтары, дерек­ті әңгімелермен повесттерінен тұратын кітаптары бар.

Жамбылдан майданға аттанған жазу­шы­лар туралы деректер аз болса да, олар­дың қалам мен қаруды қатар ұстаған ерлік­тері бүгінгі ұрпаққа ұран, – дейді Жам­был облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы.

Тағы бір тарихи деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ­стан­да 12 атқыштар дивизиясы мен 4 ұлт­тық дербес атты әскер дивизиясы, 7 бри­гада, 50-ге жуық полк, батальон және өзге де әскери құрамалар жасақталған. Олар­дың бәрін киім-кешекпен, тамақ­пен қамтамасыз етуде жамбылдықтар ерен еңбектің үлгісін көрсеткен. 

Жамбыл қаласында жасақталған Ұлт­тық атты әскер дивизиясының са­пы­на алынып, әскери дайындықтан өткен Қал­махан Әбдіқадыров бұл кезде ел таныған ақын болатын. Әйгілі «Мың бір түн» хикаясын қазақша сөйлеткен жазу­шы Қызылорда облысы Шиелі ауда­нын­да туылған. Соғыстан аман есен оралған соң ол Қазақстан Жазушылар одағында, Жамбыл ақынның мұражайында қызмет атқарып, 1964 жылы өмірден өтті. 

Облыстан 105-ші атты әскер диви­зия­сының сапында болған жазушының бірі Талас ауданының Қызыләуіт ауы­лында 1922 жылы дүниеге келіп, со­ғыс­ты Берлинде аяқтаған Мыңатай Қыс­тау­баев. Ол аға-лейтенант шенінде май­дан­нан оралып, туған ауылында ұзақ жылдар ұстаздық етті. Қыстаубаев жүрегінен өлең төгілген ақын болса да Жазушылар ода­ғына өтпеген. Атақтардан да алыс жүр­ген. Десе де оның ерлігі мен еңбегін ұр­пақ ұмыта қойған жоқ. Бүгінде ақын­ның туған ауылы Қызыләуіттегі орта мек­теп Мыңатай Қыстаубаевтың есімі­мен аталады. 

Негізі, 1941 жылдың қараша айын­да Жамбыл қаласында 105 дербес ұлттық атты әскер дивизиясы қауырт құры­лады. Ұлттық болған соң оған қазақ ұлтынан азаматтар көптеп тартылуы керек болды. Бұл елді мекендердегі оқы­ған, көзі ашық азаматтардың қатарын тағы да сирете түсті. 

Облыстық архивтің 282 қорының 1 тізі­міндегі 453 ісінің 29 бумасында 1943 жылдың қыркүйегіне дейін Жамбыл об­лысында және Жамбыл қаласында қан­дай әскери құрамалар құрылғаны туралы тың деректер сақталған. Міне, осы құ­жат­қа сүйенсек, 1941 жылы маусым айын­да Жамбылда 678 жеке атқыштар ба­тальоны құрылған. Осы жылдың та­мыз айында 81 атты әскер дивизиясы жа­сақталған. Шілде айында дербес ин­женерлік-құрылыс батальоны Жамбыл қаласынан майданға аттанады. Ал 1941 жылдың соңында облыста газсыздандыру отряды құрылады. 

Міне, осылайша Қазақстан соғыстың бірін­ші күнінен алдыңғы шептен табыл­ған. Тылда да, майданда да ерлік таныт­қан. Ал жеңіс күнінің жақындауына өл­шеу­сіз үлес қосқан жазушылардың ер­лігі ешқашан ұмытылмайды. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы