Қоғамдық сананы елдің тағдырына жазған тарихы мен мәдениеті қалыптастырады, ал санасы жетілмеген қоғамның ұлттық болмысы да рухани бірлігі де кенже қалады.
Отпен өріліп, оқпен жазылған шежіре
808
оқылды

Демек, тарих тағылымының тәлімді тәрбиесі халқымыздың бүтін ел болуы мен мемлекет руханиятын шыңдайтыны аян. Ұлтымыздың тағдырына жазған тарихи оқиғалардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс. Бұл соғыстағы ел күйзелісін әрбір отбасы тартып, бір кісідей жұмылып көтере білді. Ал 6 миллион халықтың 1,3 миллионы майданға аттанса, тылда қалған отбасы, бала-шаға, ұрпағы соғыстың қажетіне аянбай еңбек етті. Соғыстан оралмаған 400 мыңнан астам боздағымыз ата-ана үмітін үзіп, жесір әйелді, жетім баланы зар илетіп, қабырғасын қайыстырды. 

Ұлтымыздың ұландары Кеңес идео­логиясы үшін емес, Отаны үшін, елі үшін, отбасы үшін, туған жері үшін со­ғысты. Сұрапыл соғыстың әр күнінде елде қалған ата-анасы, аяулы жары, балалары, ел-жұртының бейбіт аспаны үшін жанын шүберекке түйді. «Елі – ерім, Ері – елім» деп еңіреген қилы за­ман болды. 

Жылдар өткен сайын соғыс сабақ­тарының қоғамға берер рухани тәрбиесі де жадымыздан өшіріле берері заң­ды­лық. Ол аз десеңіз, идеологиялық ва­куум мен бүгінгі қоғамның, әсіресе жас­тар санасындағы бос кеңістіктің орнын әлеуметтік желі арқылы толты­рып жатқан батыстың көзқарасы бұл соғыстың тарихи мазмұны мен маңызы ұрпақ санасынан өшірілуін тездетуде. 

Соғыс елге қайғы мен күйзеліс әкелсе де, сол күйзелісті жеңе білген қоғамдық бірлік пен ынтымақ, тө­зімділік пен қайрат, ақыл мен тәртіптің сұрыпталуын қалыптастырды, бола­шаққа үмітпен қарауды үйретті. Мұны ұрпақ сабақтастығымен ұзақ жылдар бойы үзбей жалғастыра алу биліктің қасиетті қызметінің бірі екенін айту қажет. 

Соғыс сабақтарын есімізде сақтау­дағы міндетіміз – ең алдымен, майдан даласында ерлікпен жанын қиған, сол сұрапыл күндерде бар ауыртпалықты ерлігімен еңсерген майдангерлерге деген құрмет. Соғыстың ауыр зардап­тарға әкелетінін кешегі бауырлас елдер­дің бүгінгі түсініксіз қанды қақты­ғысынан да көріп отырмыз, оған нем­құрайлылық танытудың өзі де ауыр қылмыс екені ақиқат. Әйгілі ойшыл Аристотель «Соғыс ұмытылғанда жаңа соғыс басталады. Оны есте сақтау – соғыстың басты жауы» деген екен... 

Кешегі сұрапыл соғыстың ішінде оқ боранда отқа оранып, менің әкем Әб­сат­таров Бектай Әшірбекұлы да қия­меттің күнін кешті. Жалаң шұлғау ораған етігімен толарсақтан саз кешіп, қарша бораған оққа қарсы тұрды. Кездейсоқ жарылып жатқан мина алаңынан жанын шүберекке түйіп өтті, жаңбырдай жауған снарядтар мен бомбалардан аман қалды, пеш болып қызған темір танкінің ішінде де оттай жанды... Біз бұның бәрін кинодан ғана көрдік.

Шегінерге жер жоқ, артыңда – Отаның, туған жерің! Еліңді, жеріңді қасық қаның қалғанша қорғау – ата-бабаңның аманаты, жаудың бетін қай­тару – азаматтың қасиетті борышы!

Әкем соғыс қасіреті туралы көп айт­пайтын, сұрақ қойған адамға естімеген сияқты кейіп танытатын. Әлде менің көрген қияметімді ұрпағым түсінде де көрмесе екен, құлағы да естімесе екен деген тілеуі шығар. Ол елге оралып, ең­бек етіп жүрген кезінде еңсерген шаруа­ларын да мақтан етпейтін. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын біртоға тұйық адам болатын.

Әкем кешегі Ұлы шайқасқа өлім үшін емес, өмір үшін аттанды. Өмірге деген құштарлығы үнемі алға жетеледі. Ол өлімді өмірмен жеңу үшін оған күн сайын қарсы тұрып, бетпе-бет келді...

ҚЫРЫҚ ЖАМАУ ЖАРАҚАТ

Соғыс басталған жылы әкем Қар­сақбай мыс қорыту зауытында iстеп жүреді. «Елімді, жерімді қорғау – менің міндетім» деп түйген ол жасы 18-ге толмай өз еркімен сұранып, майданға аттанды. 

Соғыстың алғашқы күндері майдан­ның алдыңғы шебінде 353 пулеметтiк-артиллериялық батальонның химия­лық барлау взводы құрамында қанды ұрысқа кіреді... Тереңдігі кеудеден келетін ор қазып, күздің ызғарында батпаққа батып, су кешіп, түні бойы жауды аңдыды. Ордың іші таң атқанша суға толып қалады, басын сәл көтерсе, оққа ұшады. Құрыш тұлға әкеміз осы­лай түн қатып, мұз жастанған. Басқын­шылардың майдан шебінде газ шабуы­лын болдырмауын қадағалап, алдын алып, жау тылында қарсы әрекеттерді іске асырады. Сондай бір барлау тапсырмасын орындауда Старое Руссо қаласының түбінде ми батпақпен үш жауынгер майдан шебінен өтіп, жау тылында құрылған мина қақпанынан өтеді. Немістер сол мезетті байқап қалып, оқ жаудырады. Алды – оқ боран, арты – мина алаңы. Жауынгерлер жанқиярлықпен алға ұмтылғанда оққа ұшып құлаған әкемнің аяқ астында мина қоса жарылады. Ауыр жараланып, ес-түссіз қалған әкемді қаруластары дала госпиталына жеткiзедi. Содан соң Кострома қаласына аттандырып, жара­қатының тым ауырлығынан, одан әрі Чусовой қаласына жөнелтедi. Денеге қадалған мина жарықшақтарын алу қиынға соғады, қанша жарықшақ денеге дарыса, сонша рет етін кесіп, ота жасалады. Шықпаған жан қырық пышақ тілсе де, шыдайды екен... Тек өкпеге барып қадалған жарықшақты алуға мүмкін болмайды. Сол оқ соғыс­тан кейін де әкемнің кеудесінде жер қойнауына бірге кетті... Әкемнің дене еті тілім-тілім кесіліп, алынған оқтың ойық орнынан сау жері болмағанын көзіміз көрді... Үш айлық ұзақ емделуден соң денесі қырық жамау сарбаз 19-жаттығушы танк полкінің мектебіне жiберiледi. Оны Т-34 танкiнiң командирі лауазымында үздік бiтiрiп шы­ғады...

ШОЙЫН ДА ОТТАЙ ЖАНДЫ

Әкем тарихта атышулы Курск Доғасында танкілер бетпе-бет тірескен ең ірі шайқастың бел ортасында болды. Прохоровка селосы маңында екі жақтан мың жарымға жуық танк қатысқан қырғын шайқаста шойын танкілер шоқтай балқып, оттай жанады. Үш күн, үш түн қатарынан оқ бораған қара түнек­тің астында қияметті басынан өткереді... Танк снаряд атқан сайын оның іші қалың түтінге толып, эки­паждың тыныс алуы қиындай түседі. Отқа оранған дала әлем-тапырық. Аспан айналып жерге түскендей. Қалың өрт, ештеңе көрінбейтін қою қара түтін. Танкілердің гүрілі мен жарылған бомбаның дүрсілі құлақ жарады. Жан-жақты бағдарлау мүмкін емес. Әкем ішке таза ауа енгізіп, айналаны бар­лайын деп танкінің жоғарғы қақпағын ашып, басын қылтитқаны сол еді, құлақтың түбінен шың еткен қатты жарылыстан есі танып, ішке құлап түседі. Есін жиып қараса, жаудың снаряды ашылған люкті жұлып әкеткен екен. Егер қас-қағым кешіккенде өз басы да люкпен бірге ұшатын еді. Бұл жолы да Алла сақтады. 

Снарядтар таусылып, ататын оғы қалмайды. Қаптаған қалың танкілердің ішінен танк зеңбірегімен көздеуге ыңғайланып, көлденең зымырап келе жатқан «Тигрді» көреді. Әттең снаряд жоқ. Соғыс заңы – тек бірінші болып қимылдау керек, әйтпесе құрыдың! Әкеміз дереу шешім қабылдайды, қапталдан шыға келіп, қатты жыл­дам­дықпен неміс танкісін бүйірден соғып, аударып тастайды... Тараннан кейін соңғы күшін жинап, жалындап жанып жатқан танкіден әзер шығып үлгереді. Құлақ тұндырар қатты соққыдан кон­ту­зия алады, одан кейін не болғанын білмейді. Санитарлық бөлім пала­та­сында есін жияды...

Курск қырғынынан аман шыққан танкист әкеміз Украина жерiндегi Жи­томир, Черновица, Каменец-Подольск, Бердишев, Козятин қалаларын азат етуге тiкелей қатысады. Польшаның астанасы Варшаваны басқыншылардан босатты. Гдыня, Данциг, Фридрихе­фельде, Карлхорст, Биркенбердер қалаларының түбіндегі өліспей беріс­пейтін қорғаныста тұрған жау әскер­лерін жоюға қатысты.

БҰЙРЫҚ – БЕКІНІСТІ БҰЗУ

Кеңес әскерінің Польшаны азат етіп, Германияға шабуыл жасауына стратегиялық жол ашатын Висла өзені бойындағы атышулы Сандомир бекі­нісінде жаудың ірі қорғанысын бұзу үшін үш күн, үш түнге созылған шай­қастың ішінде әкем соғысқан танк бригадасы да болды. Немістердің оқ ататын зеңбірек нүктелерін анықтап барлау үшін әкем бастаған үш танкіні «қармаққа жем салған сияқты» май­данның ең алдыңғы шебіне жібереді. Олар жан-жақтан зеңбіректердің атқылап жаудырған оқборан өтінде әдейі бөгеліп, өлімге саналы түрде бас иіп, жаудың назарын өздеріне аударады. Бір кезде танкіге снаряд тиіп, лапылдап отқа орана бастайды. Экипаждың радист атқышы мен механик жүргізу-

шісі де оққа ұшады. Қатты жарақат алған әкем ақырғы күшін салып, жа­нып жат­қан танкіден сыртқа ұмтыла құлайды... Есін бір жиғанда, майдан алаңында жаралы жатқан жауын­герлерге оқ атып жүрген немістердің дауысын естиді... Әкеміз қолына «лимонка» гранатын алып, сақинасын ағытып, оны барма­ғымен қысып ұстап, кеудесіне басып, «Жаныма таянып келсе, өзімді де, оларды да бірге қосып жарып жіберемін» деген оймен олардың келуін күтіп жа­тады... Көз алдына туған ауылы, әкесі, шешесі, бауырлары елестеп, жарық дүниемен қош айтысып жатып, әбден қансырап, қалжыраған әкем есінен танып, көзі ілініп кетеді... Қанша уақыт жатқаны белгісіз, кеудесіне қатты батқан гранаттан ауырсынып, оянып кетеді. Көзін ашса, айнала түн екен, тым-тырыс, алыстан атылған оқтың жаңғырығы еміс-еміс естіледі, немістер көрінбейді. Кеудесіне батқан грана­таның сақинасы ағытулы екені есіне түсіп, сақинаны орнына бекітеді. «Есім­­ді білмеген күйде байқамай кеу­деме басқан алақанымды ашып жібер­сем, немістен бұйырмаған оқсыз-ақ гра­натаммен бірге жарылып кететін едім...» деген қорқынышты ойдан шо­шы­нып, жалма-жан есін жиып алады. 

 «Енді не де болса жау тылынан шығу керек» деген ойға келеді. Майдан шебі алыс емес екенін оқ атып жатқан пуле­мет дыбысынан болжап, сол бағытқа қарай бауырымен жылжиды.... Ойы – «Түн қараңғысын пайдаланып, жаудың шебін жарып өту...». Бір-біріне жақын орналасқан екі пулемет ұясының ара­сы­нан өтсе, біреуі болмаса, екіншісі байқап қалуы мүмкін. Не істеу керек? «Пулемет ұясының біреуін шабуылдап өту керек» деп шешім қабылдап, неміс пулеметшілерінің тылынан білдірмей келіп, қолындағы жалғыз гранатасын пулемет ұясына лақтырады. Граната жарылған кезде алға қарай жанұшыра жүгіре жөнеледі. Қанша уақыт жүгіргені белгісіз, қансырап, әлі құрыған әкем есінен танып құлап түседі... Біраз уа­қыт­тан соң көзін ашып, көпке дейін қандай күйде екенін түсіне алмай жата­ды... Таң атып, айнала жарық бола бас­таған кез секілді. Майдан шебінен аман-есен өткеніне көзі жетеді. Ептеп қозғалып, қанға малынған денесін сүйретіп, келесі күні өзінің әскери бө­лімін тауып алады. Бөлім штабына келсе, әкемді «ерлікпен қаза тапты» деп, еліне «қара қағаз» жіберейін деп жатыр екен...

БЕРЛИН ОТ БОЛЫП ЖАНЫП ЖАТТЫ...

Әкем Берлинге шабуыл жасау кезін­де атақты қолбасшы генерал М.Катуков басқарған 1-ші гвардиялық танк әскері құрамында Берлинге ең алғашқы басып кіргендердің қатарында болады. Ең соңғы шешуші шайқаста жау өліспей беріспейтінін көрсетті. Соғыстың алғашқы күнінен кешкен «қырғын қияметтен» соң Жеңіске бір қадам қал­ғанда, «ертең тірі боламын ба?» деген ауыр ой әкемді қатты мазалайды... Қан­шама боздақтар соғыстың ең соңғы күндері оққа ұшып, жер жастанғаны, әрине, өкінішті жағдай... 

«Берлиннің әрбір көшесі үшін ауыр шайқастар басталды. Майдан шебі Рейхстагтан алыс емес «Тиргарен» паркіне тірелетін Вильгельмштрассе көшесі арқылы өтіп жатты. Танкілерге фаустатқыштар кедергі жасады, неміс­тер канализация құдығынан, үй жер­төлесінен көшеге шыққан танкілерді ата бастады. Қай жаққа қарасаң да біздің танкілер жанып жатты. Танк ішінде отқа орансаң, сыртта оқборан түтеп тұр. Оқ пен оттың арасында бір ғана таңдау – тек алға ұмтылу, Рейхс­тагқа табан тіреп, жеңіс туын желбірету... Біз де фаустатқыштарды аямай атқылаймыз. Тіпті, танкіде экипаждың біреуін ғана қалдырып, жаяу әскермен бірігіп, автоматпен қаруланып, жер­төле­лердегі атқыштарды іздейміз. Үй терезелерінен атқыштар көріне қалса, танк зеңбірегімен жарқыншақ снарядты жаудырамыз. Бұрын бір снарядты жаудың бір топ әскеріне жұмсасақ, енді оны бір фаустатқышқа жұмсауға тура келді. Үй терезелерін атқылап отырып, Берлиннің көшелерімен күн сайын жүз қадам ғана жылжимыз... Көшедегі кескілескен танкі шабуылдары іркілісте болды... Біздің танкіміз Рейхстаг ірге­сіне келіп тірелген кезде де екі жақ бір-біріне үздіксіз оқ жаудыруын бір мезет те тоқтатпады. 

...Танкінің радиоқабылдағышы арқылы 2 мамыр күні таңертең армия қолбасшысының оқ атуды дереу тоқтату туралы бұйрығын алдық. Бұл қуанышты хабар еді. Әбден қажыған жауынгерлер мен офицерлер мәз болып, бір-бірін құшақтауға ұмтылды. Әрқайсымыз ас­п­ан­ға оқ атып, баскиімдерін жоғары лақ­тырып жатты. Жау жеңілгенін мо­йындап, біржола берілді. Жеңіс құр­метіне салют аттық. Берлин от болып жанып жатты...» – деп, әкем соңғы шай­­­қастың қаншалықты ауыр болға­нын баяндаған еді. Мен мұны өз аузы­нан естімесем де, ардагер досының ер­теректе газетке жариялаған мақа­ласы­нан оқып білдім.

Соғыс жылдары көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін гвардия сержанты – әкем Бектай Әбсаттаров екі «Қызыл Жұлдыз», «III дәрежелі Даңқ» «ІІ дәр­ежелі Отан соғысы», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерінің және «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Вар­шаваны азат еткені үшін», «Бер­линді алғаны үшін», «Шайқастағы ең­бегі үшін» әскери медальдардың иегері болды.

Бұл әкемнің бастан кешкен отпен өрілген оқпен жазылған отты жылдар шежіресінің бір бөлігі ғана. Осы мақала әкемнің жеке мұрағатынан алынған деректер және оның көзін көрген май­дангер, замандастарының айтқан ес­теліктері бойынша жазылды.

Қазір елімізде көзі тірі соғыс арда­герлері саусақпен санарлықтай ғана. Халқы 90 мыңнан асатын Жезқазған қаласы Отан соғысының ең соңғы май­дангерін өткен жылы ақтық сапарына шығарып салды. Жүрегі елім деп соққан әкем де бүгін бұл өмірде жоқ, оның өмір­ге келгеніне биыл – 100 жыл. Май­дангер әкелердің ерлігінен тәрбие алу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы! Әкемнің ерлік істері, еліміздің өркен­деуіне қосқан ерен еңбегі жайлы өнегелі әңгімелерді келер ұрпақтың білгені абзал. Ол кісінің тағдырына елді ашар­шылыққа ұрындырған Кеңес үкіметінің солақай саясатын, Отан соғысының қанды қырғыны мен Қайта өрлеу кезеңін, социалистік дәуірдің күйреуі мен Тәуелсіздіктің де алғашқы дағда­рысты кезеңін көруді жазған екен. 

Әкемнің толық өмірбаяны мен бейбіт өмірде еліне сіңірген ерен еңбегі – ол өз алдына бөлек әңгіме... 

Кешегі күні ел қорғаған әкелердің де, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ана­лар­дың да тілегі – елдің тыныштығы! 

Біз де тәуелсіз мемлекетіміздің тұ­ғыры берік, аспаны ашық болып, елі­міздің өсіп-өркендей беруі үшін адал ең­бегімізбен үлесімізді қосамыз деген ниетімізді айтамыз.

Қайрат ӘБСАТТАРОВ,

Астана қаласы