Еліміз Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін одақтық республика (Қазақ КСР) мәртебесінде КСРО құрамында болғаны белгілі. Де­ректерде соғыс басталған кезде біздің елден 178 мыңға жуық адам Қызыл Армия қа­тарында болғаны айтылса, олардан бөлек  майданға 1 миллион 200 мың қазақстандық шақы­рылғаны мәлім.
Аманат арқалаған ұйым
835
оқылды

Әскерге шақырыл­ған­дардың жартысы соғыстан оралмай, 600 мыңнан аса азамат қаза тапқан. Қаза болғандар саны сол кездегі Қазақстан халқының 11,2 пайызын құраған екен. Иә, соғыс жылдарындағы сұрапыл қазақ даласын да айналып өтпей, талай шаңырақтың ошағын сөн­діріп, бәйтерегін құлатты. Майдан­нан қайтқандардан бөлек, елге жете алмай, туған жерінен топырақ бұйырмай хабар-ошарсыз кеткен боздақтар қаншама?! Бүгінде жат даласында жоғалып, із-түссіз кет­кен ата-әкелерінің басына дұға оқып, топырақ сал­сам, сүйегін туған жерге әкелсем деген ұрпақтар аз емес.

Соңғы жылдары баспасөз беттерінде сұрапыл соғыста хабарсыз кеткен қазақ­­стандық майдангерлердің дерегін анықтап, сүйектері іздестіріліп және туған-туыс­тарына жеткізіліп жатқаны туралы ақпарат жиіледі. Негізінде, бұл игі жұмыс­тардың басы-қасында «Атамның аманаты» бір­­­­лестігі жүретінін біреу білсе, біреу білмес. Аталған бірлестік Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кеткен қазақстандық жауын­­герлерді жүйелі түрде іздеумен айна­лысатын еліміздегі жалғыз ұйым екен. Ұйымның көмегімен қаншама ұрпақ әке-атасының басына барып, топырақ салып, кейбірі сүйегін туған жерге жеткізді. Соның бір жарқын мысалы, қазір 80-нен асқан Мәде­­­­ниет әженің оқиғасы. Ол әкесі Хамен майданға аттанғанда небәрі 3 жаста бо­­лыпты. Бейнесі есінде жоқ, қолында тек суреті қалған әкесінен жылдар бойы үмітін үзбеген кейуана «ең болмаса жерленген жері табылса басына барып, қабіріне бір уыс топырақ салсам ғой» деген арманын «Атам­­­ның аманаты» еріктілерінің арқа­­­­сында орындаған. Іздестіру жұмыс­­­тарының нәти­­­жесінде белгілі болғандай Хамен Жұманұлы Ржев түбіндегі шайқаста қаза тауыпты. «Пионер» іздестіру тобы қазақ жауынгерінің сүйегін медалоны арқылы анықтаған. Бір жерден табылған үш сарбаздың екеуінің аты-жөні белгілі болған. Бірі – Хамен Жұманұлы болса, екіншісі – Төлеубай Жұмабекұлы, өкінішке қарай үшінші жауынгердің есімі жұмбақ күйде қалған. Олардың сүйегін елге әкелген соң Мәдениет ата, әже салтымен әкесін үйіне бір күн түнетіп, үшеуін бөле-жармай қатар жерлейді. Есімдерін ескерткіш тасқа қашап жазып, басына белгі қойып, жаны байыз тауыпты. 

«Басына белгі қойсам деп едім...»

Осындай сауапты істің сансыз түрін атқарып, жауынгерлер ұрпақтарының жауапкершілігін, арда азаматтардың амана­тын арқалаған бірлестікпен біз де байланысып көруге тырыстық. Әлеуметтік желідегі парақшаларынан байланыс нө­мірін тауып, хабарласып, бірлестік кеңсесі Астана қаласындағы Сығанақ 45-тегі мекен­жайында орналасқанын біліп, сонда тарттық. Бізді бірлестік төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайылов қарсы алды. Төраға орынбасары бірден сөзді бірлестіктің негізгі міндеті мен ұстаны­­­­­­мынан бастады. 

«Біздің бірлестіктің негізгі ұстанымы – «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналығы. Осы бірауыз сөзге бәрін сыйғызуға болады. Біз қашанда әруақты құрметтеп, өткенін ұлықтаған, үлкенін ардақтаған елміз. Осы дәстүрді берік ұстан­ған кешегі майданда мерт болып, дерегі жоғалған жауынгерлердің ұрпақтары бізге көп үміт артады. Елімізден Екінші дүние­жүзілік соғысқа 1,5 млн әскер кетсе, оның 600 мыңы майданда дүниеден өтіп, 270 мың­нан астам сарбаз хабар-ошарсыз кетті. Біздің бірлестік сол боздақтардың жерлен­ген орны мен сүйегін тауып, мүм­кіндік болса сүйегін туған жеріне жеткізіп, болмаса ұрпақтарының басына барып, топырақ салуына мүмкіндік сыйлау. 2019 жылдың 19 мамырында құрылған ұйымы­мызға биыл 5 жыл толғалы отыр. Осы кезеңде «Атамның аманаты» сайты арқылы іздеуге 9 мыңнан астам өтініш түскен. 4 000-нан астам қазақ жауынгерінің жерленген орындары мен тұлғалары анықталып, табылған 19 сарбаз­­дың сүйегі үйлеріне әкелініп, әскери құрметпен жер­ленді», – дейді Әбубәкір Смайылов. Ол бірлестіктің негізгі бағыт­­­­тарының бірі – 50-ден астам халықара­лық ынтымақтастық келісімдерге қол қойылып, іздеу жұмыс­­тары сәтті жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтті. Тізімде 20 мың қазақстандық бар.

«Нидерланд Корольдігінің Кеңестік «Даңқ алаңы» қорымен бірлескен жұмыс туралы соңғы меморандумдардың біріне 2023 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылды. Бұл қордың директоры Ремко Рейдингтің айтуынша, Голландиядағы Амерсфорт концлагеріндегі әскери тұтқындар ара­­­сында қазақтар да болған. «Атамның аманаты» іздеу жүйелерінің көмегімен голландиялықтар Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің бірі – алматылық Баратовтар отбасының ұрпақтарын таба алды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп тек ТМД елдерінде ғана емес, Еуропада жерленген қазақстандық жауынгерлердің деректер базасы да құрылды. Бұл тізімде 20 мыңға жуық адам бар. Олардың жақындары мен туыстарын табу бойынша белсенді жұмыс­­ты бастап та кеттік. Осылайша, Екін­­­­ші дүниежүзілік соғыс кезінде Еуропа аума­ғын­­­­да қаза тапқан қазақстандықтардың аты-жөндерін, жерленген жерлерін анық­тау жөнінде бірқатар жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, 1944–1945 жылдары Сербия жерінде опат болған отандас­­тарымыздың есімі белгілі болды. Ұзын саны Қазақстанның әр түкпірінен ша­қырылған 198 жауынгер. Олардың бар­лығы негізінен соғыстың соңғы жыл­да­ры ұрыс даласында немесе жара­қаттан госпи­­тальдарда көз жұм­ғандар. Бұған дейін Норвегия, Нидерланд, Венгрия және басқа да елдердің топырағы бұ­йырған қазақ­­­­­­стандықтардың аты-жөн­дерін анық­таған едік. Сонымен қатар ел Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі ара­сындағы Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде қаза тапқан әскери қыз­метшілер жерленген орындардың мәр­тебесіне қа­тысты келі­сімге де қол қо­йылғанын атап өткеніміз жөн», – дейді төраға орын­басары. 

Майдангерлерге мәңгілік тағзым

Бірлестік былтырғы жылдың 22-23 қыр­­­күйегінде Қорғаныс министрлігімен бірге «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» атты халықаралық конферен­цияны үшінші рет өткізіпті. Форум жұмы­сына Беларусь, Қазақстан, Қырғыз­стан, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінің мемле­­кеттік органдары мен іздестіру топта­рының өкілдері, сон­дай-ақ ғалымдар, та­рихшылар, мұрағат­­­шылар, мұражай қыз­­мет­­­керлері, Қарулы Күштер­­дің арда­гер­лері қатысқан. Конфе­­рен­­­цияның мақса­­­­­ты – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдер­дің аумақтарында мұрағат­­­тық және далалық іздестіру жұмыс­тарын ұйымдас­­­тырудың ерекшелік­терін талқы­лау, табыл­ған жауынгерлердің сүйегін Ота­нына беру кезінде іздестіру топтарының өзара іс-қимы­­лы бойынша ұсыныстарды тұжы­­рым­­дау және батырлардың есімдерін мәңгі есте қалдыру бойынша бірлесіп жұмыс істеу екен. 

Сондай-ақ жастарды әскери-пат­риот­­­тық рухта тәрбиелеу жұмыстарын да қатар ұйымдастырып жүрген бірлестік бұл тұр­ғыда көптеген шараның басынан та­былыпты. 

«Жастарды рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында Астана қаласындағы колледждердің көп­­шілігімен (барлығы 33) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Біздің «Аталар аманатына адалмыз» ак­циясы аясында әр колледж Қазақстан­­­­дағы қалыптасқан құрамдар мен бөлім­­шелердің тарихын зерттеу мақса­­­тында өзін­дік ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Со­ны­мен қатар бірлестік жұмы­сына Қор­ғаныс министрлігі Жоғары техникалық мектебінің курсанттарын тартуда. Бір­лескен іс-шаралар жоспарына сәйкес ЖОО курсанттары мен оқытушы­лары жыл сайын әскери шайқастар болған жерлерде қазба жұмыстарына қатысады. Былтыр 19 тамызда астаналық Триатлон саябағында шабуылшы ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бегелдиновтың туғанына 101 жыл толуына орай жарыс өтті. Оған 1 000-нан астам адам қатысты. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігі Ақмола гарнизонының, Шекара қызме­тінің, Ұлттық ұланның әскери қызмет­шілері, Қарулы Күштердің ардагерлері, кәсіби спортшылар мен спорт сүйер қауым бар. Биыл бірлестігіміздің құрылғанына 5 жыл толуына орай осындай игі іс-шараларды әлі де жалғастыратын боламыз. Алға қой­ған жоспарымыз өте көп. Осы мүмкін­дікті пайдалана отырып, еріктілер­дің жанқияр­лық жұмысын ерекше атап өткім келеді», – дейді Әбубәкір Смайылов. 

Бүгінде аталған ұйымға хабарласып, бірі әкесінің, бірі атасының дерегін білсем деген азаматтар аз емес. Жат жерде опат болған жауынгерлердің ұрпақтарының өзі ата-әже болды. Сонда да әлі күнге майдан­гер аруағына бір дұға оқып, топырақ салу­ды армандайды. Әлбетте, «Өлі разы бол­май, тірі байымайды» деген халықтың ұрпағы емеспіз бе?! Лайым өткен ғасырдағы зұлмат зобалаңның кесірінен туған жерден жырақ қалып, сүйегі туған топырақты аңсап қаншама асқақ рух иелерінің аманаты орындалса екен.

Наурызбек САРША