Жылқы қазақ даласында қолға үйретіліп, бабаларымыздың серігі болғаны рас. Сөйте тұра, бұл жануарлар адамзат тарихындағы соғыстың көбіне қатысыпты.
Жалын от шалған жануарлар
1,030
оқылды

Тіпті, Екінші дүниежүзілік соғыста атты әскер дивизияларының маңыздылығы ерекше болған екен. Германия әскерилері атты әскерге қарсы арнайы тактикалар да ұйымдастырған.   

Сонымен, 1941 жылы фашистік Германия КСРО-ға шабуыл бастаған соң майданға аттанған талай боздақпен бірге жылқылар да от кешіпті.Майдан даласына азық-түлік, жылы киім-кешек, қару-жарақ­тың түр-түрі мыңдаған эшелонға тие­­ліп, үздіксіз жіберіліп жатты. Осын­дай эшелонның бірқатарында майданға қарай жалын жел тараған талай жылқы қазақ даласынан аттанған. Мұндай тарихты  біреу  білсе, біреу  білмейді. Ең қы­зығы, қазір селекциялық ғылым әлем­нің түк­пір-түкпірінде бойында Адай жыл­қысының қаны бар талай сәй­гүліктің жүргенін анықтаған. Бұл Адай  жылқысы сол Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде майдан даласына барып, сол далада жүріп Германияның асылтұқымды жылқылар санатына енгізілді, осы арқылы әлемге тараған деген болжам бар.  Адай жылқысының асылтұқымдылар санатына енгізілуіндегі бір мән, қыл құйрықтының бұл түрі аса шыдамды әрі шөлге төзімді болып келеді екен. Сон­дық­тан кезінде неміс ғалымдары жыл­қы­ның бұл түрін өзге жылқылармен бу­дан­дастырып, өзгеше жылқы түрлерін қалыптастыра бастаған. 

1941 жылы соғыс басталған шақта Кеңес Одағының қарулы күштері шөлге тө­зімді, мініске берік, күші мығым жыл­қы түрін одақтас республикалардан ар­найы жинаған. Сол заманда Маңғыс­тау­дың кең даласында асау жылқыларға құ­рық салу дүрбелеңі басталған. Алды­мен Гурьевке айдап, одан әрі лек-легімен вагондармен майданға аттандырған. Аза­матынан бір, жылқысынан екі айы­рылған қалың ел соғыстың бітуін тағат­сыз­дана күтіп, қолдан келгенше көмегін ая­маған. Тіпті, кейбіреулер баптап бақ­қан жүйрігі мен талай бәйгеден озған тұл­парларын арнайы ұстап әкеліп ва­гондарға өз қолымен тиеп жіберген. 

Алғашқыда Маңғыстаудан майданға ай­далған 480 бас жылқы болғаны тір­кел­ген деректер мұрағаттардан табылған. Кейінгі зерттеулер бойынша қазақ дала­сы­нан барлығы  3 мыңға жуық қыл­құй­рық майдан даласында түрлі жұмысқа жі­­берілген. Бұл әзірге бізге белгілі дерек қа­на. Болжам бойынша қазақтар май­дан­ға 100 мыңдай жылқы жіберген екен. Олардың арасында ерекшелігімен көз­ге түсіп, мадақ-марапатқа ие болған­дары бар ма? Соғыста нешеуі оққа ұшып, нешеуі аман-сау қалды. Одан кейінгі тағ­дырлары қандай болды? Өкінішке қарай, мұндай ақпарат бізге жетпеді. Тек генерал Д. Городовиков мінген Адай жыл­қысы майдангердің абыройын ас­қақ­татқаны туралы айтылады. Қазақ даласынан келген бір топ жылқы ге­нерал Д.Городовиковтың қарама­ғын­дағы әскери құрылымдарға жіберіледі. Бас білетін тұғырлы түліктер міністен бө­лек түрлі жұмысқа жегіледі. Ауыр зең­біректерді сүйреп, әскери қимылдарды жыл­дам атқаруға тартылады. Күші мен шы­­дамдылығы жағынан өзге қылқұй­рықтыларға ұқсамайтын бұл жылқы­лар тобы қазақ даласынан келгенін біл­ген генерал қазақ халқына  ризашы­лық біл­діріп, өз атынан және күллі қы­зыл армия атынан алғыс айтқан хат жол­­дайды. 

Қазақтың арда батыры Бауыржан Мо­мышұлының да майдан даласында  «Сұркөжек» есімді ақбоз аты бол­ғаны белгілі. Ол туралы өз аузынан ай­­тылған естеліктері де жетерлік. 

«Мен адымдай басып, шеткері тұрған ақ­бозға жақындап, зер салдым. Орташа ғана тығыршықтай ат. Құйрық-жалы сұйық­тау, қоян жақ, бөкен қабақ, құйма тұяқ. Арқасында ер қаққан оймақтай ақ да­ғы бар. «Япырым-ай, атқа ат ұқсай бере­ді екен-ау» деп тұрмын ішімнен. Со­нау бір жылы тайға мініп жарысып жүр­ген кезімде бүкіл Қаратау атырабында аңыз болып кеткен Сұркөжек. Сол Сұр­көжек те дәл осындай шағын ғана елеусіз жыл­қы болатын. Аттың жонарқасын си­пап, сауырын қағып-қағып қойдым. Ақ­боз маған қарап оқыранды», – деп жаз­ды батыр өз естелігінде. 

Ол уақытта әскердегі әр жылқы­ның рөлі  әскери бөлімнің так­тикасына, шаруашылық жағдайына жә­не шайқас өткен жердің геогра­фия­сына бай­ланысты болды. Жылқыларды пай­да­лануда Германия мен  КСРО  бірдей қолданды. Қазіргі деректерге сәйкес,  1941 мен 1945 жыл­дары екі жақ 6 мил­лионнан астам жыл­қыны соғыс тәсілдерінде пайдалан­ған деген ақпар бар. Бұл туралы ресейлік зерттеуші Николай Бобров «Лошади во Второй мировой войне» атты еңбегінде жаз­ған.  

Бірінші дүниежүзілік соғыспен са­лыстырғанда атты әскерлердің саны ай­тарлықтай қысқарғанымен, көлік ретінде түрлі міндетті орындап отырған. Соғыс  басталған шақта Кеңес армия­сын­да шамамен 120 мың жылқысы бар 30-ға жуық атты әскер дивизиясы болған екен. Кейін қатары біртіндеп сиреп отыр­ған. Себебі жылқыны баптап күту­ден бөлек арнайы жылқы бағушы әскер­лер тобы мен қатты суықта арнайы қо­ра­лар қажет болған. Мұндай қатал әрі ауыр жағдайға жылқы тү­лігі көбіне шыдас бермейді. Дегенмен кейбір де­ректерге сүйенсек, 1930-1942 жылдар ара­лығында Германияның атты әскері­нің саны 35 мыңнан 100 мыңға дейін өссе, Кеңестер Одағында атты армияның ұзын саны 120 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғай­тылған екен, – деп жазды өзінің зерт­теуінде Беларусь мемлекеттік уни­вер­ситетінің профессоры А. Козленко.  

«Жылқылар әсіресе көктем мен күзде қа­ра жолдарда көлік жүре алмайтын кезде сенімді көлік болды. Дегенмен жыл­қыларды күнделікті жемдеу мен күтуге байланысты қиындықтар туын­даған. Атты әскерлер өзгелерден тыс­қары жерлерде болды. Себебі аттар­ды азықтандыру үшін шөбі мол жер қа­жет. Тек шөпте жайылған жануарлар жұ­мысқа жарамай қалған. Дегенмен та­лай жалды жануардың майдан дала­сын­дағы ауыр жағдайды жеңілдетуге орасан зор ықпалы болғаны белгілі», – дейді А.Козлен­ко өз еңбегінде.  

Тағы бір деректерде Сталинград­та­ғы фашист жауынгерлері өзде­рінің сыртынан қоршаған кеңес ар­миясы қоршауын бұзып өте алмай аштыққа ұшы­рай­ды. Сол кезде өздерінің мініске әкел­­­­ген және түрлі жұмысқа жегілген жыл­­қы­ларын шетінен қырып жей бас­тай­ды. Осылайша, қаланы азат еткен сәт­те Кеңес әскері тау болып үйілген жыл­қы тұяқ­тары мен ат әбзелдерін көріп жаға ұста­ған. Мәлімет бойынша,  Герма­ния­ның 6-армиясы Сталинград түбінде 6 мың­нан астам атты тулағымен қосып жеп қойған. 

Соғысқа қатысқан жауынгерлер мен иттерге тіпті техника түрлері мен аттарға қатысты көптеген мақала, ән, өлеңдер жазылып, фильмдер де экран­ға шықты. Тіпті, ескерткіштер де же­тер­лік.  Осыдан біраз жыл бұрын Мәс­кеу­дегі «Жеңіс» саябағы аумағында «Со­ғыс жолында» атты моңғол жылқысын еске алуға арналған ескерткіш пайда бол­ды. Деректер бойынша 1943 жылдан бас­тап соғысқа сонау моңғол елінен де жыл­қылар тартылған. Моңғол зерттеу­ші­лерінің айтуынша, 1945 жылға дейін майданға одақтас ел ретінде көмекке 500 мың жылқы жөнелтіліпті. Ескерткіш ке­шен осы бір ерекше жағдайды есте сақ­тау мақсатында қоладан құйылған екен.  «1942-1944 жылдарда майдан даласында бол­ған  барлық ірі шабуылға кеңестік ат­ты әскер бөлімдері сәтті қатысқан. 1941 жылдың 22 маусымында Қызыл Ар­мия құрамындағы жылқы саны 526,4 мың болса, 1 қыркүйекте әскерде тұяқ­тылардың 1,324 мыңы ғана қалды» деп жаз­ды сол кезде «Правда» басылымы. Бұған қарап жылқы түлігінің соғыс да­ласында өте көп мөлшерде шығын бол­ғанын байқаймыз. 2004 жылы Лондонда соғыста жоғалған жануарларға арналған ескерткіш мемориалды кешені ашылған. Мемориал адам ұрыстарында қызмет еткен және қаза тапқан барлық жануарды еске алуға арналған. Қазір ескерткіш ке­шен өзге де көптеген жануардың мү­сін­дерімен толығуда. Мұнда  «Оларда таңдау болған жоқ...» деген жазу ғана бар.

Бердібек ҚАБАЙ