Теміртау қаласына жақын жерде екі көлік соқтығысып, екі бала қаза тапты. 10 адам ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, оқиға сағат 17:56-да болған.
«Апат салдарынан Chevrolet Nexia көлігінің екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, екі көліктегі он жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Қаза тапқандардың екеуі де кәмелеттік жасқа толмаған», – деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция департаменті тағы да жол қозғалысы ережелерін сақтауға және белгіленген жылдамдықты бұзбауға шақырады.