Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов барша қазақстандықтарды 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құрметті отандастар!
Ардақты ардагерлер!
Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – жанқияр ерлік пен қайсар елдіктің рухы алаулап, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі бейбіт өміріміз – сонау сұрапыл соғыста Отан үшін от кешіп, ел қорғаған майдангер ардагерлеріміздің арқасы.
Аталған мереке еліміздегі әрбір отбасы үшін ерекше. Өйткені соғыс бірде-бір шаңырақты айналып өткен жоқ.
Сондықтан соғыс және тыл ардагерлерін ардақтау, олардың ерлігі мен өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеу – ортақ парызымыз. Осы бағытта мемлекет тарапынан игілікті істер атқарылып жатыр.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне әйгілі батырлар – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді.
Бұл – ерлігі елге ұран болған ерлерімізге көрсетілген құрметтің айшықты көрінісі. Отан үшін отқа түскен барлық батырымыздың есімі ғасырдан-ғасырға жаңғыра береді.
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, еліміз өркендей берсін!
Баршаңызға зор денсаулық, ардагерлерімізге қажымас қайрат, елімізге бақ-береке, ашық аспан тілеймін», – делінген Мәжіліс Спикерінің құттықтауында.