«Жер аманаты» комиссиясы 2022 жылы қалалық әкімдіктің қаулысымен 2,2 гектар жер учаскесі «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға 5 жылға уақытша жер пайдалануға берілгенін анықтады.
«Жер аманаты»: Жергілікті билік сот шешімін орындамай отыр
1,373
оқылды

Шымкент қаласындағы «Кең баба» саябағына тиесілі жердің басым бөлігі заңсыз жекеменшікке берілген. Бұған қоса, аталған қаладағы «Ұлы дала» тұрғын үй кешені Жер кодексінің нормаларын бұза отырып салынуда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді әділ бөлу мәселесіне ерекше назар аударады. «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде осы міндеттің жүзеге асуына қоғамдық мониторингі жүргізіп келеді.

Мәселен, Шымкентте партиялықтар «Кең баба» қалалық саябағында рейд өткізді. Саябақ іргесі сонау 1901 жылы қаланып, оның аумағына бағалы ағаштар, негізінен емен егілді. Бүгінде саябақ аумағы ойын-сауық бизнесі кеңістігіне айналды. Яғни, ондағы 3,5 гектардың 2,6 гектары заң бұза отырып пайдаланылуда. Сот шешіміне сәйкес, жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Бақытжан Базарбек алда апелляция кезеңі күтіп тұрғанын айтты. Депутат саябақ аумағында заңсыз салынған мейрамханасы бар қонақүй кешеніне жеке тоқталды.

«2009 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен 0,5664 гектар жер учаскесі уақытша пайдалануға беріліп, бір жылдан кейін бұл жер жеке меншікке өтіп кетті. Жер кодексіне сәйкес, жалпыға ортақ пайдаланылатын жерді жекешелендіруге болмайды. Қазір бұл жерде 5 қабатты мейрамхана бар. Шымкент қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті әкімдіктің қаулысын заңсыз деп тану туралы талап-арыз жолдап, сот алғаш инстанцияда аталған арызды қанағаттандырды», – деді депутат.

Бұдан соң партиялықтар қалалық әкімдіктің жанынан салынып жатқан көппәтерлі «Ұлы дала» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысты. Аманаттықтардың айтуынша, құрылыс компаниясы дәл осы жер учаскесін ешқандай аукционға және конкурсқа қатыспай алыпты.

«Жер аманаты» комиссиясы 2022 жылы қалалық әкімдіктің қаулысымен 2,2 гектар жер учаскесі «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға 5 жылға уақытша жер пайдалануға берілгенін анықтады. Бұдан соң ӘКК аталған учаскені әкімдіктен сатып алып, кейін жеке құрылыс компаниясына қайта сатыпты.

«Жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін ӘКК арқылы заңсыз беруде. Оны инвестициялық жоба ретінде ресімдейді. Алайда инвестициялық жоба ретінде жаңа өндіріс орындары саналады. Яғни тұрғын үй кешені құрылысы инвестициялық жоба анықтамасына жатпайды. Бұл дегеніңіз – Жер кодексінің 48-бабын бұзу. Құрылысты тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар. Соған қарамастан нысан құрылысы жалғасып жатыр. Пәтерлер еркін сатылымда. Жергілікті биліктің сот шешімін орындауға күші жетпейтін секілді», – деді Бақытжан Базарбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін партиялықтар Дендропарк аумағындағы 0,4 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтаруға атсалысты. Жалпы, былтыр Шымкенттегі «Жер аманаты» комиссиясы атқарған жұмыстың нәтижесінде Көкбұлақ тұрғын алабында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 603 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар, қала шегіндегі жалпы аумағы 1,33 гектарды құрайтын екі жер учаскесі де мемлекет меншігіне өтті.

Айта кетейік, өткен екі жылда ел аумағында 10,3 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 3 млн гектарға жуығы халық арасында бөлінді.

Бұған дейін республикалық «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесі көрсетілген jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы әзірленген болатын.

Жер мәселелерін жедел шешу үшін қазақстандықтар «AMANAT» партиясының 8 800 080 44 41 «Сенім телефоны» арқылы заң бұзушылықтың барлық фактісі туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмірі бойынша қабылданады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.