Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиынның мақсаты – Ұлы Отан соғысындағы жеңістің тарихи маңызын түсіндіру, ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтау мен насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизм мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыру.
Іс-шараның модераторы Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсаинова:
– Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысатынын мақтанышпен айта аламыз. Олардың адал еңбегінің арқасында елордада да, елде де ұлтаралық келісім мен толеранттылық сақталуда. Біз өзіміздің игі істерімізбен қазақстандықтардың қиын-қыстау кезеңде жұмылып, ұлты мен кәсібіне қарамастан біртұтас әрекет ете алатынын көрсетеміз. Бүгінгі шара алдағы екі мереке – Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналады, – деді.
Жиында алғашқы болып сөз алған Қазақстанның орыс, славян, казак ұйымдарының қауымдастығы төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Владимир Божко:
– Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Қазақстаннан резервке 1 миллион 200 мың адам жұмылдырылса, еңбек армиясы үшін 700 мыңнан астам жіберілді. Елімізде әскерге шақырылғандардың ішінде 12 атқыштар, 4 атты әскер, 7 атқыштар бригадасы, 50 әскери батальон мен полк құрылды. 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Оның ішінде Бигелдинов, Павлов және Луганский екі мәрте батыр атанды. Елімізде орналасқан 27 мектеп майданға 16 мың офицер дайындады. 600 000 мың қазақстандық соғыста батырлықпен көз жұмды, – деді.
Сондай-ақ іс-шара аясында Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының ұйымдастыруымен «Ерлікке тағзым» атты мұрағаттық құжаттардың көрмесі өтті.
– «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандықтардың ерлігі архив құжаттарында» кітабы да көрмеге қойылып, дөңгелек үстелге қатысқан қонақтардың назарына ұсынылды. Бұл – архив құжаттарына негізделе отырып жазылған кітап. Соғысқа қатысқан азаматтардың архивтері бізде жеке қор ретінде жиналған. Осы қорларды топтастырып, орыс және қазақ тілінде кітап етіп шығардық. Бүгінгі басқосуға арқау болған даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов, Рахымжан Қошқарбев батыр атағын алғанда 20-дан енді асқан жастар еді. Олар тіпті соғысқа баруға жасы да толмай, «19 жастамын» деп өзі сұранып әскерге аттанған. Осының бәрі бүгінгі жиналысқа қатысқан жастарға үлкен тәрбие деп ойлаймын, – деді Астана қаласы Мемлекеттік архив директоры Жангелді Бимолдин.
Жиын барысында ел азаматтарының Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлік тарихы мен тылдағы еңбек майданында «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деген ұранмен соғыстың барлық ауыртпалығын көтере білген қарттар, әйелдер мен балалардың қажырлы күресі туралы да естеліктер айтылды.
Назира ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ