Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың соғыс және тыл ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтау хатын қала әкімі оқып берді. «Біз 9 мамырда бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайтпай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз», – делінген Президент құттықтауында.
Үшінші мегаполисте соғысқа қатысқандардан екі ардагер бар. Олардың бірі – Нина Мосунова. 100 жастағы майдангер әжей соғыс кезінде радист болған. Ал екінші майдангер – Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк қалалары үшін шайқасқан Мұраталы Төлепберген ақсақал. Ол қан майдан шебінде жан аямай, ерлік көрсеткені үшін «Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» ордендерімен марапатталған.
Мегаполис басшысы аға буынның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатынын айрықша атап өтті. «Біз Жеңістің құндылығын ешқашан ұмытпаймыз және бостандық үшін қаза тапқан батырлардың жарқын жадына тағзым етеміз. Сіздердің бойыңыздағы ерлік пен ұлы рух, батылдық пен батырлық болашақ ұрпақ үшін табандылық пен патриотизмнің лайықты үлгісі болып табылады», – деді Ғабит Әбдімажитұлы.
Ғасыр жасаған қарт майдангерлер қала басшысына шексіз ризашылықтарын білдіріп, шынайы алғысын жеткізді.
Айта кетейік, осы күні Шымкентте Жеңіс мерекесі айрықша салтанатымен аталып өтті. Ғабит Сыздықбеков соғыс ардагерлерімен бірге «Даңқ мемориалына» гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Шаһар тұрғындары да «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоғын қойып, марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Осы ретте айта кетейік, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей ұсынысымен Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемі 1 329 120 теңгеден 2 000 000 теңгеге дейін арттырылды. Сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 166 140 теңге төленді. Бұған дейін олар 132 мың теңге алған.
Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетілді. Былтыр оларға 41 400 теңге төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге ұлғайтылды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы