Жалпы, сенімгерлік басқаруға берудегі мақсат – мемлекетке түсетін шығынды азайту. Яғни, кәсіпкер өзі басқаруға алған мекеменің шығынын өзі көтеріп, халыққа тиімді жағдай жасауы тиіс. Алайда бұл қағида көп жағдайда жұмыс істей бермейді. Мұны Батыс Қазақстан облысы Тексеру комиссиясының өкілдері айтып отыр. БҚО бойынша сенімгерлік басқаруға берілген нысандарға жүргізілген тексеріс нәтижесі көңіл көңшітпейді.
Мәселен, Орал қаласындағы №4 емхана 2017 жылы сенімгерлік басқаруға берілген. Мемлекеттік мекемені 2017 жылы сенімгерлік басқаруға алған «Айгелов Марат Абаевич» жеке кәсіпкерлігі жетекшісінің ешқандай медициналық білімі жоқ екендігі анықталыпты. Бірақ кезінде 2017 жылы осы емхананы сенімгерлік басқаруға алатын кәсіпкердің жоғары медициналық білімі болуы керек және осы салада тәжірибесі бар адам болуы керек деген талап болған. Бірақ жеме-жемге келгенде БҚО Денсаулық сақтау басқармасы бұл талаптарға өздері көз жұмып, медициналық білімі жоқ, бұл салада қызмет атқармаған «Айгелов Марат Абаевич» жеке кәсіпкерлігіне емхананы сенімгерлік басқаруға беріп жіберген. Келісімшарт 2017-2024 жылдың тамызына дейін деп жасалған. Жоғарыдағы кемшілікті облыстық тексеру комиссиясы анықтаған. Комиссия анықтап отырған бұл жалғыз олқылық емес.
– Біріншіден, сенімгерлік басқаруға берілетін кәсіпкерге қойылатын талаптар нақты емес. Мәселен, ол 7 жылда қанша инвестиция құю керек, нақты қандай жұмыстар жасауға міндеттелді деген секілді талаптар бұлыңғыр, екіұшты көрсетілген. Тараптардың келісімшартында нақтылық жоқ. Мәселен, электронды саудаға түскен №4 емхананы алайық. Басында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жоғары білімді медициналық білімі бар адамға береміз деп хабарлайды. Бірақ тендер қорытындысында ешқандай медициналық білімі жоқ кәсіпкерге емхананы беріп отыр. Емхананы сенімгерлік басқаруға алған азамат кейін сол емхананың бұрынғы директорын қайтадан басшылық қызметке қоя салған. Біз осы емханаға жүргізілген тексеріс нәтижесінде емхананы сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкердің өзіне 114,7 млн теңге сыйақы тағайындағанын анықтадық. Осыны ескере отырып, емхананы одан да мемлекет басқаруында қалдырған дұрыс еді, – дейді БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.
БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақовтың айтуынша, емхананы сенімгерлік басқаруға бермеген жағдайда осы 114,7 млн теңге біреудің қалтасына кетпейтін еді.
– Бұл ақшаны емхананың техникалық базасын жақсартуға жұмсауға болатын еді, – дейді БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.
Орал қаласындағы №4 емхана сенімгерлік басқаруға 2017 жылы 7 жылға беріліпті. Сенімгерлік басқарудың мерзімі осы жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы БҚО Денсаулық сақтау басқармасын Қанат Төсекбаев басқарып тұрған кездер еді.
Жалпы, Тексеру комиссиясы сенімгерлік басқарудың басқа да талаптары орындалмай отырғанын айтады. Ең өкініштісі, тараптардың келісімшарт жасау сәттері өте бұлыңғыр дейді. Мәселен, осы емхананы кәсіпкерге берерде келісімшартта алғашқы үш жылда емханаға қажетті медициналық құралдар алынуы тиіс деп көрсетіліпті.
Қайрат Жапақовтың айтуынша, келісімшартта нақты қандай медициналық аппарат алынуы керектігі, оны қай ақшаға алу қажеттігі көрсетілмеген. Мәселен, кәсіпкер медициналық құрылғыны сенімгерлік басқарудағы өз бюджетіне алуы тиіс пе әлде ол үшін мемлекеттің бюджеті жұмсалуы тиіс пе – осы тұстары нақты көрсетілмеген.
Айналып келгенде, тексеріс кезінде емхананы сенімгерлік басқаруға алған азамат 2017 жылы бюджет есебінен алынған қымбат медициналық құрылғыны комиссияға көрсетіп құтылған.
– Тексеріс кезінде емхананы сенімгерлік басқаруға алған азаматтың тұтынушыларға қажетті жағдайды да жасамағаны анықталды. Мәселен, 2020 жылдан бері дәлізде емханаға келушілерге арналған ауызсу қойылмаған. Ал емхана қызметкерлері мен келушілерге арналған буфет 2021 жылдан бері жұмыс істемейді. Сонымен қатар аталған жеке кәсіпкер емхана алаңына балалар алаңын және Wi-Fі орнату туралы келісімшартта көрсетілген қызметтерді орындамаған. Ең қиыны, осы келісімшарттардың орындалуын бақылауы тиіс мекемелердің өздері осыған жүрдім-бардым қарап отыр, – деп атап өтті БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.
Тексеру комиссиясы өкілдерінің сөзінше, мұндай былықтар білім беру саласындағы, спорттағы сенімгерлік басқаруға берілген нысандарда да кездеседі. Атап айтсақ, Орал қаласындағы Шапағат мекемесі, БҚО индустриялдық колледжі және Жаңа технологиялар және сервис колледждерін сенімгерлік басқаруға алғандар қажетті талаптарды орындамай отырған көрінеді. Сөз реті келгенде айта кетейік, жалпы облыста 2016-2023 жылдары 49 мекеме сенімгерлік басқаруға беріліпті. Мұның ішінде 14 мекеме кейін сатып алу құқығымен жекеге берілген. Сенімгерлік басқаруға берілген 19 мекемемен жасалған келісімшарттар уақытынан бұрын тоқтатылған. Мемлекеттік мекемені сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер қаржылық қиындықтарға байланысты мемлекет қойған талаптарды орындай алмауы себепті келісімдер бұзылған.
Орал қаласындағы Шапағат мекемесін алайық. Бұл мекемені сенімгерлік басқаруға бергенде облыстық білім басқармасы кәсіпкер ол жерге мектеп тұрғызуы керек деген келісімшартпен берген. Электронды сауда нәтижесіне сәйкес, Шапағат мекемесін «РФМШ №31» ЖШС 2021 жылы сенімгерлік басқаруға алады.
Келісімшартқа сәйкес кәсіпкер бұл мекемені жалпы білім беретін мектепке ыңғайлауы тиіс болған. Бұдан бөлек, кәсіпкер осы алаңда футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын сапалы, заманауи алаңдар салуы тиіс екен.
– Бұл жерде де келісімшарт өте бұлыңғыр. Кәсіпкер мұны қай кезде жасауы тиіс, футбол алаңы нақты қандай болуы керек, жарық түсіретін орындар қарастырыла ма, қанша адам футбол ойнайтын алаң болуы тиіс – мұның бірі де көрсетілмей отыр. Сондықтан да біз комиссия жасалған жұмысқа нақты баға бере алмай отырмыз. Ең қызығы, осы екі қабатты ғимаратты «РФМШ №31» ЖШС қаладағы №23 мектепке жалға беріп қойған. Қазір ол жерде сол мектептің бастауыш сынып оқушылары оқиды. Ал жалға алу ақысын кәсіпкерге төлейді. Сонда былай қарасаңыз, БҚО Білім басқармасы алдымен мекемені сенімгерлік басқаруға кәсіпкерге береді. Кейін сол мекемені Орал қалалық білім бөлімі №23 мектептің балаларын оқыту үшін жалға алады. Мекемені жалға алу құны – 64,5 млн теңге. Енді қараңыз, мемлекет өз мекемесін өзі жеке кәсіпкерден 64 млнға жалға алып отыр. Осынша ақшаны кәсіпкерге төлеп оны жалға алғанша, сол мекемені сенімгерлік басқаруға бермей, мемлекет меншігінде қалдырып, сол ғимаратта балаларды оқыта берсе болмай ма?! – деген ойын айтты облыстық Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.
Облыстық Тексеру комиссиясының өкілдері сенімгерлік басқаруға берілген барлық мекемелерде осындай қитұрқы саясаттың көп екендігін айтады. Тіпті, екіжақты көрсетілген келісімшарттарға көз жұмып отырған кәсіпкерлер де бар деседі. Бүгінде тексеру комиссиясы барлық тексеріс жұмыстарын аяқтапты. Шығарылған қорытынды облыстық Прокуратураға жолданған. Енді шешімді арнайы мемлекеттік мекемелер шығарады.
Облыстық Тексеру комиссиясы 50 шақты мекемені тексеріп шыққан. Оның бәрін тізіп жазып отыру мүмкін емес. Біз тек бір-екеуіне тоқталдық. Өкінішке қарай, мекемені сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер сенімді ақтауға асығар емес, керісінше, өз қалтасын қампайтуды көздейтіндей көрінді.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы