Бірақ бізде қандай тауар өтімді, мәселе – осында! Қырғыз киноиндустриясы түсірген екі бірдей фильм қазақ кинотеатрларында көрсетіліп, көрерменнен оң бағасын алды. Екі фильмнің де жанры комедия емес. Қырғыз фильмдері «комедия түсірсек қана қаржың еселеп қайтады» деген көзқарасты өзгерткен сыңайлы. «Пейіштің» «Таптым-ау сені» не болмаса «Қазақша бизнестен» артықшылығы неде? Белгілі киносыншы Дана Әмірбековамен «Экранда» қырғыз фильмін талдап көрдік.
Мағынасыз дүниелерден көрерменнің жауыр болғаны сезіледі
– Фильм алты елде таспаланған. Демек, алты елдің ортақ өнімі деп айта аламыз ба?
– Фильмнің қай елге тиесілі екенін оның түсірілімдерінің қандай елді мекендерде өткеніне немесе қай елдің актерлері рөл сомдағанына қарап емес, қай мемлекеттің қаржысына жүзеге асқанына қарап анықтаймыз. Иә, үш-төрт мемлекет бірігіп қаржыландыратын фильмдер де болады. Алайда сөзімізге тиек болып отырған фильмнің түсіріліміне қаржы бөлген жалғыз мемлекет – Қырғызстан. Мысал ретінде, осыдан жиырма жыл бұрын жарыққа шығып, көрермен тарапынан сынға алынған «Көшпенділер» фильмі де Голливудтың танымал актерлері мен режиссерлерінің көмегімен жүзеге асқан болатын. Дегенмен қаржы бөлген өзіміз болғандықтан, ол фильм біздің елге тиесілі. Сол сияқты ғой.
– «Пейіштен» ұққанымыз – режиссер көрерменнің сұранысын мықтап зерттеген секілді. Жеңіл жанрдан гөрі, осындай ой салатын фильмдерді көбірек іздейтін сияқтымыз. Осы тұрғыдан алғанда, фильм арқылы «адами қатынасты зерттеудің тетігі қайда?» екенін біле аламыз ба?
– Расымен, соңғы жылдары отандық экранымыз бірінен екіншісінің айырмашылығы онша байқалмайтын арзан комедиялармен толықты. Бұндай мәнсіз, мағынасыз дүниелерден көрерменнің жауыр болғаны сезіледі. Соңғы жылдары қыруар касса жинап, қоғамда резонанс тудырған «Бақыт», «Оян, қазақ!», «Дәстүр» қатарлы фильмдердің алға шығуы – соның дәлелі. Көрермен қоғам жарасын ашатын, түйткілді тақырыптар мен түрлі жанрдағы фильмдерге сусындап отыр. Себебі комедия – ауруды сездірмейтін дәрі сияқты. Бірақ ол ешкімді емдемейді. Қоғамға жайылған іріңнен арылу үшін оның жарасын ашатын туындылар қажет. Арзан күлкіден іргемізді аулақ салып, адами құндылықтарды дәріптейтін адамзатқа ортақ тақырыптарды қаузай отырып, қазақтың мәселесін экран арқылы алға тартатын уақыт келді.
«Пейіш» дер кезінде шықты
– «Пейіш» күлдіреді, ойландырады, мұңға батырады. Әсіресе, Сириядағы түсірілім бірнеше факторға негізделген. Ел неге мұндай күйге түсті? Қырғыз қызы неге адасты? Жалпы, қырғыз қызы арқылы адасқандардың типтік образын көрсеткісі келген сыңайлы. Кейбір көрермен фильмнің шырқау тұсы да Сирияны көрсеткен жері деген пікір айтуда. Сіз қалай ойлайсыз?
– Соңғы жылдары ата-баба дәстүрін ұмытып, діннің атын жамылған кері ағымды дәріптеушілердің қарасы күн санап ұлғаюда. Қара киімге оранған қаракөздеріміздің арасында өз ұлтының салты мен дәстүрінен безініп, дүниетанымына қарсы шығып, болашағына балта шапқандар қаншама?.. Байқасаңыз, кез келген ойлы фильмде әйел бейнесі – ұлттың бейнесі. Әке – мемлекет бейнесі болса, балалар – халық. Бұл тұрғыда режиссер адасқан әйелді көрсету арқылы адасқан елді, күллі біл ұлтты меңзеп тұр. Өкініштісі, бұл тек қырғыздарға ғана тән мәселе емес. Қазақ арасында да туындаған жағдай. Сондықтан да отандық көрермен тарапынан жылы қабылданды деп есептеймін.
– Қазір кез келген фильмнің касса жинауы да маңызды. «Пейіш» бұл жағынан да озық шыққан секілді. Жалпы, кино тақырыптық тұрғыдан ұтып отырған жоқ па?
– Дұрыс айтасыз. Кино – арзан сала емес. Сол себепті де салынған қаржыңның еселеніп қайтуы аса маңызды. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, «Пейіш» фильмі дер кезінде, уақытылы шықты. Ауыз бекітіп, имандылыққа бет бұрған көрерменнің сұранысын ескеріп, фильмнің көрермен назарына Оразамен тұспа-тұс ұсынылуы сәтті продюсерлік шешім болды. Мүмкін сәл кешірек шыққанда, бұндай қызығушылық тудырмас па еді. Өйткені бізден кейін Татарстан экрандарында көрсетілгенде үлкен касса жинай алмағаны белгілі.
Бала – ол әрқашан халықтың бейнесі
– Біз тек көрермен көзімен ғана бағалап отырмыз. Кино сыншысы ретінде қандай кемшілігі бар деп санайсыз?
– «Қоғам ғылым мен білімнен алшақтаған сайын діндар бола бастайды» дейді ғой. Осы ретте діни тақырыптағы фильмдердің үлкен экран арқылы жиі ұсынылуын өз басым құптамаймын. Осыдан бес ай бұрын ғана «Дәстүр» фильмі жарыққа шыққан еді. Миллиардтап касса жинаған аталған фильм басында әлеуметтік маңыздылыққа ие зорлық-зомбылық тақырыбын көтермекші болып басталып, соңы діни экзорцизм мен догматизмды дәріптеумен аяқталған еді. Ұлттық символымызға айналған қасиетті домбыраға күйе жағып, жамандықтан құтқаратын жалғыз жол Аятул-Күрсі сүресі, ал жыннан қорғауға қауқарлы жалғыз жан молда екенін алға тартқан фильмді көргендердің басым көпшілігі жанұялық зомбылық жайлы емес, теріс ағымдар алға тартатын жындар мен шайтандар жайлы ортағасырлық ой түйіп шыққан болатын.
Ал енді әңгімеміздің өзегіне айналған «Пейіш» фильміне келер болсақ, бұнда да режиссердің көзқарасымен келіспейтін тұстарым бар. Жоғарыда айтқанымдай, бала – ол әрқашан халықтың бейнесі. Фильмдегі бас кейіпкер – ақыл-есі кем, өз ісіне жауап бере алмайтын, ештеңеге сыни тұрғыда қарай алмайтын жасөспірім. Ол жанындағылардың айтқанына еш күмән келтірмейді, артық сұрақ қоймайды, ойланбайды. Қарап отырсаңыз, нағыз діншіл фанатиктің бейнесі. Ал режиссер болса, осындай бейнені үлкен экран арқылы романтизациялап отыр. Ол – бір. Екіншіден, фильмде жұмаққа кірудің жалғыз жолы – Меккеге бару екені алға тартылады. Демек, жұмаққа кіру үшін сенің адами құндылықтарың емес, анаңды Меккеге жаяу апарғаның маңыздырақ екен. Әуелі бас кейіпкердің анасы ел-жұртқа: «Менің жарымес баламның өзі Меккеге апаратын болды. Ал сендердің сау балаларың қайсыңды апарды?» деген сұрақ қояды. Бұл көрермен санасын манипуляциялау. «Жәннат аналарыңның табанының астында» хадисін тікелей топшылаған фильмнен кейін Меккеге анасын апарушылардың саны күрт өсті. Жуырда ғана әлеуметтік желілерден қарт анасын сықырлаған арбаға салып Меккеге жол тартқан жігіттің видеосын көрдік. Ертең олардың тағдыры қалай болмақ? Жалпы, бұндай тақырыптағы фильмдерді жарыққа шығарарда өте абай болу керек деп есептеймін.
– Жоғары рейтинг жинаған екі фильм де қырғыздарға тиесілі. «Приговордың» режиссері қазақ дегенімізбен, оқиға желісі қырғызда өрбіген. Қазақ киносы комедиядан ұзай алмай жатқан секілдіміз. Неге?
– Қазір жанрлық киномыздың деңгейінің төмендігіне тек сол Батыстың төмен санаттағы фильмдерінің әлсіз көшірмесінен ұсынып жүрген «киногерлер» ғана емес, сол фильмдерді қолдап-қолпаштап, әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап жүрген көрермен де жауапты. Демек, біздің көрермен осындай деңгейлі фильмдерге де риза. Әйтпесе, мәдениеттен жұрдай, адами құндылықтарды аяққа таптайтын, белден төмен әзілдерден құрылған бүгінгі өнімдерді ұсынатын продюсерлер қанатын кеңге жаймас еді. Қарасаңыз, анайы сахналар мен боғауыз сөздері көп фильмдер қаржыны миллиардтап жинайды. Халық осындай фильмдерге билет алудан бас тартып, өзіне деген құрметі артқанда ғана өзгеріс болады деп ойлаймын. Көрермен талапшыл болғанда ғана қазақ киносы өседі, өркендейді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС