«Ал жарынан аса алмай Жайық жатыр баяғы.
Толқындары көк тасқа тайып жатыр баяғы»
Жұмекен НӘЖІМЕДЕН
КӨЗБЕН КӨРСЕҢ...
Қазақ: «Естігеніңді айтпа, көргеніңді айт. Естігеннің өтірігі болар. Көргеніңе көзің куә» дейді. Не болып жатқанын көзімізбен көрейік деп, Алматыдан Атырауға ұшқанбыз.
Мынау қай кез?
Елімізде өзен тасып, жерімізге су жайылып, ауқымды ауыл-аймақ, мал-жан селге кеткен кез. Қызылжарда, Оралда, Құлсарыда мыңдаған үй суға батып, қапы күндер бастан өткен кез.
Айға жалғасқан арпалыста мемлекет болып, ұлт болып ұйыса қимылдаған кез. Сол қайрат биік рух, шалт қимылмен ұштасып, жұрттың су шайған көңіліне демеу болған кез.
Қазақтың жүз мыңдаған жанашыр азаматы жан ұшыра қайрат қылып, қар суынан қираған ауыл, қиналған жұртқа қуат берген кез.
Біз әдейілеп Атырауға келгенде бұл уақыт Жайықтың кемерінен асып төгілтілетін күндері болар дегенбіз. Атырау соған дайындалған. Ор дария тасып, жағасын жайпап өтіп, Жайыққа Орынбордың бір тұсын жапырып келіп құйғанда күллі қазақ абдырап қалған. Сөйтіп, жалма-жан жан ұшыра қимылдаған.
Орынборда 12 метрге көтерілген су мұнда қандай екпінмен қашан жетерін болжаған. Атырау – Жайықтың Каспийге құяр сағасында жазыққа жайылып түскен қала. Енді ол анау су жеткенде қапы қалмасқа қарманған. Су мамандарының сәуегейлігіне сенген. Дегенмен Жайық жол-жөнекей жағасынан асып төгіліп, жайыла жылжып келеді. Межедегі 1 000 шақырымдай қашықтық өзен иірімдерімен екі есе ұзарып сала беретін көрінеді. Ағыс көлбеулігі де бір шақырымда 10 см-ден кем екен. Соның өзі Атырауға 20 тәуліктік мұрсат берген.
Ал Атырау ше? Біз көргенде қала қандай суды болса да қарсы алуға тас-түйін дайындалып үлгеріпті. Келгеніміз жақсы болыпты. Ұлттың тұтастығын, халықтың бірлігін, бірліктің күш-қуатын көзімізбен көрдік. Бір тұлғаның басқаруымен, жұдырықтай жұмыла қимылдаудың мықты мысалын көрдік.
Ұшақтан түскен бетте Халел Досмұхаметов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Ыдырысов қарсы алды. Бізді қаладан қашық тұстағы арна бекітуді енді аяқтап жатқан облыстық Мәдениет департаментінің ұжымына бастап барды. Оларға Қазақстан Қарулы күштері Отар төңірегіндегі гарнизондарының бірінен келген әскерлер ротасы да қосылыпты. Мәдениет саласында еңбек ететін қыз-жігіттердің домбыраны аялаған алақандары күрек сабын қысқанда да қайратты көрінді. Атқарған жұмыстарына қарап көңіліміз өсті.
Халел Досмұхаметов атындағы Атырау университетінің тындырған ісіне таңырқай қарап, көзбен өлшеп, көңілмен есептей бастадық. 5 мың метр қашықтыққа 150 мың текше метр шамасында топырақ үйіп тастапты. Университет ректоры Саламат Нұрмұханұлының айтуынша, бөгеттің су шаяр бетіне полиэтилен жабылып, оның үстіне топырақ толтырған 120 мың қап төселіпті. Қапты да, орам-орам полиэтиленді де әлдеқайдан жолдаған. Әлдеқайдан емес-ау, байтақ Отанның барша түкпірінен еліне жанашыр азаматтар жолдаған. «Қазақстан – әр қазақтың жалғызы». Осылай ойлайтын отандастарымыз аз еместігін осының өзі-ақ көрсеткен.
Жаңағы 5 мың метр бөгенді айтам. Әрине, сонша топырақ үйіп, су арнасын 4-5 метр биіктетуге кәсіпорындар жіберген және алыстан эшалондап келген техникалардың күші жұмылдырылғаны анық. Ал енді 120 мың (шамамен 6 000 тонна) қапшыққа топырақ толтырып, оны жанама бетке жатқызып жинағанын айтыңыз. Ол – әрине, адам қолымен істелген еңбек. Унивеситеттің 500-дей ұстазы мен мыңдаған студент жастардың 20 күндік қол жұмысы екен. «Ұстаздар мен студенттер ата-анасы мен балалары сияқты болып, жақын араласып кетті. Бірге еңбек етті. Киіз үй тігіп, бірге тамақ пісірді. Дала дастарқанында бірге отырды», – дейді жас ректор, еңбекқор ұжымына риза көңілмен.
Жұмысқа жұмылған халық жүз мыңдап саналатын шығар. Есептеп жатқан ешкім жоқ. Нәтиже сол – бүкіл қала мен қала маңындағы, өзен бойындағы ауылдарды және кәсіпорындарды суға алдырмас үшін Атырау қаласы бойынша 250 шақырымға созылатын бөгет жасап, оны топырақ толған қаппен қымтап тастапты. Қала көшелерінде жолыққан жұрт жүзінен алғашқы күндердегідей алаң көңіл байқалмайды.
Халықтың күшіне, мемлекеттің қуатына деген сенім көздерінен көрінеді. Енді ойласам, бізге жетпей тұрғаны сенім екен ғой. Халықтың жүзінен бақыт самалын естіретін ең қасиетті құбылыс та сол сенім екен.
СЫН САҒАТТА СЫРТ ҚАЛМАҒАН
Үшінші күні Алматыдан ұшардағы аптыққан көңіліміз арнасына түскендей еді. Содан өзіміз құрмет тұтатын сұрапыл ақын Жұмекен Нәжімеденнің ескерткішіне бардық. Қайсар ақын қасқайып тұр. Арқасында ерекше дизайынмен салынған еңселі сарай. «Бақтықожа үш айда салдырды» дейтін Салтанат сарайы екен.
Жұмекен ақынның Жайықты жырлап отырып, соған жанастыра толғайтын ауқымды саяси шығармасы «Жаңғырық» дастаны санамызда жаңғырып, бұл күндері толқыны биіктеп қалған Жайыққа қарадық. Бұдан жарты ғасыр бұрын Жұмекен жазған тұста да айдын осылай толысып, толқып жатқан шығар деп ойладық. Сөйтіп, көңіл шіркін дастанға – кітапқа ауды. «Кітап-АMANAT» не болды екен?» деп солай бұрылғанбыз.
Күйіп-жанып жүріп жолға қойған жобамыз еді. Бұрылып көре кеткіміз келді. «Онда не болып жатыр екен?» дедік. Кітап үйі – рухани орталық ашық тұр. Қуанып қалдық. «Есігімізді жапқан жоқпыз», – дейді кітапханашы Асыл Оңайғалиқызы. Есігінен кірген жердегі көрнекті алаңнан «Кітап-АMANAT»-қа орын берген мекемеге де бас сұқтық.
Атырау ауқымында «АMANAT» партиясы да қарымды қайрат көрсетіпті. Тек қала ішінің өзінде жағалауға 22 мың метр бөгет тұрғызып, бекемдеп шығыпты. Ал облыс бойынша 40 шақырымдық бөгетті осы партия тұрғызған. Оған «АMANAT»-тың жастар қанатындағы 2 000-нан астам волентермен қоса, партия құрамындағы кәсіпкер азаматтар еліміздің әр шалғайынан техникасымен келіп, кірісіпті.
Ресми статистика «Жайықтың Атыраудан ағып өтетін тұсындағы жағалауды бекітуге 13 мың адам, 1200 техника жұмылдырылған», – дейді.
Үйінен шай қайнатып, шәугімін көтеріп шыққан келіншектер мен ұршығын иіріп, ұшық аластаған әжейдің, әкесінен қалмай қалың топқа араласып, қаптың аузын ұстаған бүлдіршіндердің, Алтайдың әлде Алатаудың бір қойнауында отырып, мың теңгесін жолдаған мың болғыр зейнеткердің, бес мыңдап, он мыңдап, қор топтаған қарапайым қаламгерлердің, тілеулес болып тиынын салған әр қазақтың ол санда тізімі жоқ. Ал шынында, соның бәрі жүз мыңдап саналар еді. Солардың әрқайсысы тау тұрғызар еңбекке тамшыдай болса да күшін қосқан. Қарап тұрып тебіренесің. Сын сағатта сырт қалмайтын халқыңнан айналасың.
Әуежайда кезіккен Рашида ханым Ерімқызы (Алматыдағы Орталық мұражайдың бастығы) «Сіз қаланы айтып отырсыз ғой. Ауыл-ауылдың айналасын биік бөгендермен түп-түгел бекітіп тастады. Төркіндеп келіп он шақты күн жүрдім. Тамақ істеп, шәй қайнатып, қолғабыс еттік. Халықтың берекесі мен құлшынысына шексіз тебірендім, қатты разы болдым. Ел болады екенбіз және мықты ел болады екенбіз», – деп толқыды. Көзінен өжеттік оты ұшқындайды. Сол сәтте біз осы әуежайға есімі берілген Хиуаз Доспанова апамызды ойлап отырдық.
КӨЛТАУСАР
Наурыздың соңынан басталған су тасқыны Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай, Қызылжар деп бастап, еліміздің ауқымды аймақтарын әбігерге салған. Біршама ауыл тұтас күйінде көлкіген «көлдің» ортасында қалды. Аталған аймақтардағы ауылдастарымыз көз алдымызда мал-жанымен қоса мұздай суда малтып жүрді. Шатырын тесіп шығып, үрпиісіп үй төбесінде отырды. Шырқырап суға кетіп бара жатқан сайгүліктерді көрдік.
Шығынның ауқымы да, оның психологиялық соққысы да өлшеусіз ауыр болды. Үш мың шаңырағын су шайған Құлсарыға барғымыз келген. Сәті түспеді. Сорғы техникаларымен соншама көлемді көлді еңсеріп жатқанын айтты.
Көңіл жүйрік қой. Ойымыз әрмен кетті. Қазақ ауыз әдебиетіндегі фантастикалық шығарма «Ертөстік» есімізге түсті. Көлтаусарды айтам. Бүгінде сол фантазиялық шығарма кейіпкерлері арамызда жүргендей. Жаңағы көлде тұрған Құлсары, Оралдағы суға кеткен саяжайлар, Есілдің Қызылжардағы тасып төгілген суы – соның бәрін ығыстырып, сорғы техникаларымен тартқан «көлтаусар» азаматтарымызға күш-қуат тіледік.
ДЕҢГЕЙ ЖӘНЕ СӨЗ
Қар суы ауылға кірген күні-ақ ашық ақпарға да, шу-шұрқанға да толып кететін әлеуметтік желі алаңы аттан айқайға басты. Сөз жоқ ақпарат алаңында алғашқы дабылды қарапайым тілшілер қақты.
Осы тұста мемлекет қабылдаған шұғыл шаралар мен құрылған штабтың кәсіпқойлығы тасқынмен таласа өршеленген айқай-шудың арынын басқан. Мемлекет басшысы су басқан барлық аймақ ауылдарды аралап, жерден де, көктен де қарап өтіп, халықтың халін көзбен көріп өтіп, сонан соң мығым сеніммен айтқан сөзі былай еді: «Ешкім ескерусіз қалмайды. Барлық шығын толығымен өтеледі», – деді.
Жақындап келіп, халқына солай сөз берді. Сабырға шақырды. Жұрт та айтылған сөз бен оның деңгейіне сенді. Сабырсыз алаң көңілдер сабасына түсті. Жұрт жұмыла аттанып, көмек қолын созып жатқанда Мемлекет басшысының емеурінімен-ақ орнынан қозғалған олигархтар әр аумақты бөлісіп ала бастады.
Әр сөздің ауқымын және орындалуын оның айтылар деңгейі белгілейді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан сөз түгел сөздің түп тиянағы еді. Содан да айтыған сөз айға жетпей атқарылып жатқанын халық көрді.
Президенттің салмақ түсіре айтқан тағы бір сөзі: «Апаттың салдарын жоюға көңіл білдірген олигархтар әр өңірдегі нысандарға бағытталған көмек миллиардтарын өздері қадағалайды. Бұл – қаржының қолды болуынан сақтанатын тосқауыл», – дегені.
Ақпарат кеңістігі ашық. Айтамын дегеннің аузына қақпақ қойған жоқ. Әр адамның айтқан сөзі – өзіне айна. Сөзінен өзі көрінеді. Айтқан ойынан өзінің бойы көрінеді. Ашық алаңда дегенінен деңгейі көрінеді.
Өзіне ұқыпты кісі сөзіне де ұқыпты болмақ.
ЖАЗЫП БОЛҒАНДА...
Біз Атырауда бастаған мақаламызды ұшақта тәмамдап жерге қонғанымызда еліміздегі аса ауқымды телемарафон басталып кеткен екен. Он телеарнаның қарым-қабілетін біріктіріп, жиырма шақты сөзуар шешен тілді қыз-жігіт тізіліп тұрып, таратқан ауқымды хабар жүріп жатты. Тапжылмай отырып қарап шықтық. Ай бойы болған арпалысты бейнелі, мазмұнды және лирикалы леппен қамтып өтті. Теледидардың мүмкіндігі мен режиссерлердің жасампаздығын жақсы ұштастырыпты. Арада ай өтпестен құлаған үйінің орнына үй алып, су алған қорасына мал кіргізіп, ғажайып мұғжизаға кенеліп, тілегі орындалған жандарды көрдік. Қарап отырып, біз де әсерлендік.
Ақын көзбен көріп көңілге түйгенін айтады. Ақын апатты да, апатқа қарсы біріккен біртұтас алып күшті де көреді. Ақын жан дүниесі тиянақ тапқан қазақтың өзіне деген, еліне деген сенімін көреді. Мемлекетіне деген, бірлігіне деген сенімін көреді.
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,
ақын
Алматы – Атырау – Алматы