Тарих парақтарына үңілсек, Сырдың жыраулық өнері сонау Қорқыт бабамыздан бастау алып, кешегі Нысанбай, Балқы базар, Ешнияз, Тұрмағанбет Ізтілеуовтердің жырларымен жалғасын тапқан. Бертін келе, Нұртуған, Жиенбай, Нартай, Сәрсенбайдың жыраулар мектебі қалыптасты. Сонымен қатар, бүгінгі Мардан Байділдаев, Алмас Алматовтардың мол мұрасы халықтың баға жетпес басты құндылығына айналып отыр.
Негізінен, «Сыр елі – жыр елі» саналған өнер тұнған өңірде Жыраулар үйін ашу ісі көптен көкейде жүрген мәселе болатын. Биыл ғана халықтың қалауы ескеріліп, бұл бастама «Руханият» жылы аясында жүзеге асты.
Қызылорда облыстық филармониясы жанынан құрылған өнер ордасы жырсүйер жамағатты зор қуанышқа бөлегені жасырын емес. Өз алдына бөлек отау болып, дербес ғимаратта жұмысын бастаған орталықтың алдағы жоспары да ауқымды көрінеді. Өнер ордасына арнайы барып, орталық директоры Амандық Бүрлібаевтан осы жайында көптеген мәліметке қанықтық.
Жыр күмбездеген Жыраулар үйіне кіре беріске салынған панорамалық Қорқыт ата композициясы келушілерді өзінің ерекше мазмұнымен баурап алады. Онда түркі әлемінің ортақ ойшылы, жырау, күй өнерінің көгінде қалықтаған Қорқыт бабамыздың бейнесі нақышына келтіре бейнеленген. Сонымен қатар бұл композицияда Жанкент, Сауран, Шірік-Рабат сияқты көне қалалардың да көрініс тапқанын аңғаруға болады. Туынды авторы облыстық филармонияның бас суретшісі Қайырбек Өмірбеков екенін бірі білсе, бірі білмес, бәлкім.
Жыраулар үйінің елең еткізер тағы бір ерекшелігі – кіреберісіне орнатылған ақпараттандыру құрылғысы. Инфокиоскіге жыраулар орталығына қатысты барлық деректер енгізілген. Осы арқылы әрбір келуші дәстүрлі жыраулық өнердің өткені мен бүгіні жайында толыққанды мағлұмат ала алады.
«Жыраулар үйінің кіреберісіне осындай инфокиоск орнатуымыз да бекер емес. Бұған дәстүрлі өнер жайында барлық мәліметтер салынады. Келешекте ақпараттардың барлығын төрт тілде жасауды жоспарлап отырмыз. Яғни, әрбір келуші Сыр өңірінің дәстүрлі өнері жайында ақпаратты осы арқылы қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде оқи алатын болады. Әлі де жырауларымыз жайында мәліметтер жинақталып, толықтырылуда. Сондай-ақ, құрылғыға жырауларымыздың үнтаспасын да жасап, енгізуді көздеп отырмыз», – деп түсіндірді Жыраулар үйінің директоры Амандық Бүрлібаев.
Ақпараттық құрылғыдан өңірден шыққан Көшеней Рүстембеков, Құрманбек Бекпейісов сынды жыраулардың тұтынған жәдігерлері жайында да мәліметтер енгізілген. Сонымен қатар осы Жыраулар үйінің дәстүрлі орындаушыларының, атап айтқанда, Шолпан Бейімбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Руслан Ахметов, Әділхан Қуанбаев, Марат Сүгірбай сынды өнерпаздардың өмірбаянынан сыр шертеді.
Жуырда ғана ашылған жыр жампоздарының киелі шаңырағында берекелі бастамалар қолға алынып, түрлі бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде өңірге келген өзге ұлт өкілдерінің Сыр елі дәстүрлі өнері жайында төрт тілде қажетті мағлұмат алуға мүмкіндік арттыруды мақсат тұтады. Осы мақсатта ғылыми орталық құрып, екі ғылыми қызметкер алып, жұмыс көрігін қыздыруды көздеп отыр.
Келесі кезекте орталық директорымен кіреберіс дәлізге өттік. Онда дәстүрлі өнердің негізін қалаған 15 жыраудың суреттері ілініпті. Атап айтқанда, ұлы ойшыл, қобызшы Қорқыттан бастап, Асан қайғы, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның ақылшысы болған Бұқар жырау, сондай-ақ Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Рахманқұл Бердібаев, Мардан Байділдаев сынды тұлғалардың бейнелері көрініс табады. Осы арқылы дәстүрлі жыраулық өнерін зерттеген ұлы тұлғалардың өмір тарихымен танысуға мүмкіндік жасалған.
Жыраулар үйінде арнайы экспозициялық музей жұмысы да жолға қойылған. Негізінен, Сыр өңірінің дәстүрлі жыраулық өнері Қорқыт мұрасымен тікелей байланысты. Сондықтан музейдегі Қорқыт бабамыздың асыл мұрасы саналатын Қобыз экспозициясынан бастап, оның ізбазарлары жайында құнды жәдігерлер көмбесін табуға жасалған. Алдағы уақытта орталық басшысы дәстүрлі орындаушылар тұтынған дүниелер қатары толықтыратынына сенім білдіріп отыр.
Орталықта көрермен және конференция залы да жұмыс істеп тұр. Оның ішінде ұлттық нақышта көмкерілген көрермен залы көркемдігімен көз тартады. Залдың жартылай киіз үй пішінінде тұрғызылған сахнасының төбесі шаңырақ бейнесінде жасалған. Орталық басшысы алдағы уақытта облыс орталығында дәстүрлі өнерге қатысты ұйымдастырылатын әрбір іс-шара осы сахнада өткізілетінін мәлімдеді. Күні бүгінге дейін бұл сахнада Сыр өңіріндегі жыраулық үш мектептегі жас дәстүрлі орындаушылардың қатысуымен төрт концерт өткізілген.
Жыраулар үйіндегі конференция залының да дәстүрлі өнерді дәріптеуде маңызы зор. Орталық алғаш ашылғанда осы залда ғылыми конференция ұйымдастырылған. Алдағы уақытта бұл жерде түрлі облыстық, республикалық ғылыми конференциялар ұйымдастыру жоспарда бар.
Ал дыбыс жазу студиясында жыраулардың дауыстары таспаланатын болады. Бұл дәстүрлі жыраулық өнердің қүндылығын арттырып, келешек ұрпаққа дәріптеуге зор ықпал етері сөзсіз.
«Осы орайда дәстүрлі орындаушылардың қара шаңырағы саналатын Жыраулар үйін ашуға қолдау танытқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың еңбегін ерекше айтып өтуге болады. Орталық жұмысын ұйымдастырула Қызылорла облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мира Қазбекованың да ықпалы зор. Келешекте бұл орталық түрлі келелі мәселелерді талқылайтын орынға айналық қана қоймай, жас өнерпаздарды тәрбиелейтін шеберлік мектебіне айналатыны сөзсіз. Осы арқылы Сыр өнеріне баулып, шыңдалған дүлдүлдеріміз әлі талай дүбірлі додаларда топ жаратынына сенеміз», – деп сөзін қорытындылады орталық директоры.
Жалпы, бүгінде облыс аумағындағы үш ауданда Жыраулар үйі ашылып, жұмыс жүргізіп жатыр екен. Оның ішінде Арал қаласында Нұртуған жыраудың ізімен ашылған орталықта 10 үйірме жұмыс істейді. Сол сияқты Қармақшы ауданындағы Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі жанынан ашылған орталықта 9 үйірме дәстүрлі өнерді жаңғыртуға күш салып жүр. Сол сияқты Шиелі ауданында да мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Нартай өнер үйі ашылған. Қазір бұл орталықта 5 үйірме жұмыс жасап жатыр екен. Алдағы уақытта оның қатарын арттырып, Сырдария, Жалағаш және Жаңақорған аудандарында да осындай орталықтар ашуға ұсыныс жасалып жатқанын жеткізді.
Дәстүрлі өнердің қара шаңырағында өткен бір күніміз ерекше әсерге толы болды. Сырдың бас қаласы Қызылордада «Руханият» жылы аясында Жыраулар үйінің ашылуы дәстүрлі өнер жанашырларының қазақтың баға жетпес асыл қазынасына деген шынайы құрметі деп қабылдадық.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы