«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde – 2024» I республикалық робототехника фестивалінің ашылу салтанатына қатысты.
«RoboZerde – 2024»: «AMANAT»-тың қолдауымен республикалық робототехника фестивалі өтті
387
оқылды

Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200-ден астам оқушы қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өз сөзінде Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесте жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырғанын атап өтті.

«Еліміз ғылым және технология саласына қатысты маңызды мақсат қойып отыр. Президент атап өткендей, ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Мемлекет басшысы тапсырмасымен ғылымды дамытуға үш жылдың ішінде 625 млрд теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Ғалымдардың жалақысы екі есе өсті. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтіліп, соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастар саны артуда. Сондай-ақ жуырда «Жасанды интеллект» комитеті құрылды. Яғни, цифрландыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Осы орайда, «RoboZerde – 2024» фестивалі жас ғалымдар мен инновациялық жобалар үшін айрықша алаңға айналуға тиіс», – деді ол.

Сондай-ақ Атқарушы хатшы партияның сайлауалды бағдарламасында жас техник стансалары мен балалар технопаркін ашу көзделгенін айтты. Бұған қоса, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілгендей, Сәтбаев атындағы инженерлік мектептер, Жәутіков атындағы IT мектептер, Абай атындағы гуманитарлық мектептер желісі құрылады.

«Біздің фестиваль оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттыруға, балалардың ғылыми-техникалық қабілетін дамытуға және өскелең ұрпақты ғылыммен айналысуға жан-жақты ынталандыруға бағытталған. Мектеп оқушыларына арналған робототехника – бұл хобби ғана емес, сонымен қатар STEM дағдыларын жетілдірудің қуатты құралы. Сондай-ақ  біздің фестиваль оқушыларды инженерия және ақпараттық технологиялар саласындағы болашақ мамандықтарға дайындайды», – деді белгілі ақын әрі фестиваль бастамашысы Серікзат Дүйсенғазы.

Айта кетейік, фестивальді ұйымдастырушылар қатарында: «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры», «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, Астана қаласындағы №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Роботек» және «Mars robotics» мектептері бар.