10 жыл бойы күйеуінің жүйелі таяқ жегені туралы Карина Мамаш 6 мамырда әлеуметтік желілерде мәлімдеді. Қазір әйел балалары, әпкесі және анасымен бірге Астананың дағдарыс орталығында,- деп жазады Aikyn.kz.
"Мен қазір өзімді қауіпсіз сезінемін. Жанымда балаларым, анам, әпкем бар. Енді ғана жаным жай тапқандай болды, өйткені көптеген жылдар бойы қорқынышпен өмір сүріп келдім. Ешқайда бармадым. Бұл жағдайды оның кейбір туыстары білді. Жиені екеуі мұрнымды тіккізу үшін ауруханаға апарған. Әрине, олар менің артық ештеңе айтпауымды бақылап отырды. Мен кетемін деп айтқан жоқпын. “Егер мені ұруды тоқтатпасаң, барлығын желіде жайып саламын, түрмеге кетесің” деп айттым. Ол күліп: "маған бәрібір" деді”, – дейді Карина Мамаш.
Елші кеңесшісі әйелінің айтуынша, бір күн бұрын жұбайы оны ғана емес, оларға қонаққа келген әпкесін де ұрған. Басына тиген қатты соққыдан кейін Каринаның беті-аузы көгеріп, көру жағынан мәселелер туындаған.
Каринаның айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық туралы оның жақын достары ғана білген, ол бәрін туыстарынан жасырған. Сондай-ақ ұрып-соғу некенің алғашқы күндерінен-ақ басталғанын атап өтті. Күйеуі көбінесе агрессивті жүріп, мас болған кезде де қолын көтерген.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты шетелден шұғыл түрде шақырып алды. Астана полициясы қылмыстық іс қозғады.
"Барлығы әйел шетелде тұрса сән-салтанатта өмір сүреді деп ойлайды. Айталық, әйелдер дипломаттарға өте тәуелді, өйткені оларға шетелдік іссапарларға, әйелдер мен балалардың өзімен бірге тұруына төленетін "жәрдемақы" деген ұғым бар. Ал бұл қаржының барлығы әйелдің емес, жұбайының картасына түседі. Яғни, шетелде әйелдің жеке қаражаты жоқ. Сондықтан олар күйеуіне экономикалық тұрғыдан тәуелді", - деді "Қорғау Астана" қорының басшысы Анна Рыль.