Теміржол ұзындығы 6 шақырымға жуық. Бір нүктеден екінші нүктеге жету, шынайы теміржол нысандарына ұқсастығы жағынан оған тең келер нысан елімізде жоқ. Балалар теміржолы бірнеше рет қайта жаңғыртылып, іске қосылған. Локомотив пен вагондар сәбилер тасымалына қабілетті болғанымен, семафорларды жаңғырту, жолдың екі жағындағы қорған зонасын тазарту, рельстер мен шпалдарды түгелімен тексеруден өткізіп, жарамсыздарын ауыстыру, жетпей тұрған нысандарды салу сияқты үлкен жұмыстар бар. Өкінішке қарай, үшінші мегаполиске келген әрбір басшы балалар теміржолының жаңғыртылуы бойынша мәселе көтеріп, соңы сиырқұйымшақтанып кететін.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков нысанның қайта қалпына келтірілмейтіні жөнінде айтып, бұл мәселеге нүкте қойды. Есесіне енді балалар теміржолының аймағы демеушілер есебінен жаңа серуен аймағына айналмақ. Бүгінде үшінші мегаполистегі жаңғыртылып, жаңарып жатқан жобалардың басым бөлігі демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып отыр. Шымкенттегі балалар теміржолының бойынан да дәл солай демеушілер көмегімен рельстер алынып, оның орнына заманауи талаптағы веложол, жаяу жүгіру жолдары, бірнеше воркаут алаңы салынып, жан-жағы көгалдандырылатын болады. Қала әкімі Ғ. Сыздықбеков А.Асқаров атындағы дендробақтан бастау алған балалар теміржолын аралап көрді. Ұзындығы 6 шақырымды құрайтын балалар теміржолы дендросаябақ маңындағы «Тұлпар» және Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадиондағы «Спорт» стансаларын байланыстырған. Бұған дейін теміржолдың жұмысы бірнеше рет тоқтатылған. 2010 жылы қайырымдылыққа қаралған қаржы есебінен қайта іске қосқан. Дегенмен локомотив көп ұзамай толық істен шығып, депоға қойылған. Ал 2013 жылы қалалық прокуратура балалар теміржолының қауіптілігін ескере отырып, пайдалануға тыйым салған-ды. Сонымен қатар мамандар ондай локомотивтер өндірісте жоқ екенін, ал арнайы тапсырыспен жасату өте қымбатқа шығатынын мәлімдеп отыр. Ғабит Әбдіжамитұлы мемлекет қаржысы, қала бюджеті қаладағы жоспарлы және кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталатынын, ал балалар теміржолының бойын жаңғыртуға арналған жоба демеушілердің қаржысына жүргізілетінін атап өтті.
«Шымкентте бұған дейін де бірнеше жоба демеушілер есебінен жаңарып, халық игілігіне берілген болатын. Біз қала бюджетін халықтың әлеуметтік жағдайына септігі тиетін маңызды жобаларға бағыттап, тиімді игеруді көздеп отырмыз. Атап айтар болсақ, жаз мезгілінде тоқтап қалатын ыстық су мәселесі, ауызсу, ирригация және кәріз жүйесі жүргізілмеген аудандар бар, осындай халыққа бірінші қажет жобаларға жұмсаймыз. Ал балалар теміржолын қайта жаңғыртып, локомотивке тапсырыс беру мәселесі де мамандармен талқыланды. Алайда ол экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені, ондай локомотивтің өндірісте болмауына байланысты арнайы тапсырысты орындау қомақты қаржы қажет ететіні бұған дейін де айтылды, – дейді Ғабит Сыздықбеков.
Теміржолдың жағдайымен таныстыра келе қала әкімі жан-жақты зерделенгенін, серуендеушілерге қауіпсіз аймақ болатынын айтты. Арғынбеков-Бәйдібек би жолайрығын салу кезінде теміржолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаяу жүргіншілер жолын ыңғайлы етіп салуды тапсырды. Сондай-ақ екі станса орнын жаяу жүргіншілерге қажетті заттарды сатуға шағын кәсіп иелеріне бергелі отыр.
Айта кетейік, бұған дейін қала тұрғындары арасында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың қолтаңбасы қалған балалар теміржолының өзгеруі кереғар пікір тудырған болатын. Алайда қала әкімі Ғ. Сыздықбеков локомотивтердің ескерткіш ретінде пайдаланылып, теміржол бойының заман талабына сай өзгертіліп, ел игілігіне берілетінін алға тартты. Әсіресе, 1980 жылдан бері қаланың орналасуында да көптеген өзгеріс болып, балалар теміржолының бойында қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетуге арналған жолайрықтар салынғанын да ескерген жөн. Қала жұртшылығының белсенді демалуына, саламатты өмір салтын ұстануына арналған жоба жақын арада пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар мегаполис басшысы осы күні Тәуке хан даңғылындағы жаяу жүргіншілер тротуарларының жағдайымен танысты. Қала тұрғындары қыс мезгілінде тротуар плиталарының қозғалысқа қауіптілігіне бірнеше рет шағымданған. Тұрғындардың шағымын ескере отырып, сауалнама жүргізілген. Сауалнамаға қатысқандардың 90 пайызы тротуар плиталарын асфальт төсемімен ауыстыруды қолдаған. Осыған байланысты қала әкімі жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды асфальттау бойынша шешім қабылдады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы