Содан жауын жауса болды, жамбылдықтар да буынып-түйініп отыратын күйге түсті. Жуырда ғана Жасөркен ауылындағы үй аулаларын су алған жағдай жұртты алаңдатқан еді. Ал күні кеше Меркі ауданындағы өзендердің тасу алдында тұрған видеосы тұрғындарды тағы сескендіріп тастады.
Десе де, оқиға орнына жергілікті билік өкілдері дер кезінде жетіп, бұқараға басу айтты. Өзендердің арнасын аралап көріп, ауылдарға қауіп төнбейтініне сендірді.
«Қазгидромет» РМК өңірлік филиалының мәліметінше, Жамбыл облысында 2024 жылғы 10-13 мамыр аралығында қатты жаңбыр жауады деп болжанған. Бүгінде су тасқыны жағдайы тұрақты.
Алайда жауын-шашынның салдарынан Меркі өзеніндегі су деңгейі көтерілді. 10 мамыр сағат 20:00-ден бастап Меркі өзенінің арнасы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылуда. Су айдындарының жай-күйі мен толуына үздіксіз мониторинг, бақылау шаралары атқарылуда.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібек, ТЖД бастығының орынбасары Е. Ақылбеков және басқа да жауапты лауазымды тұлғалар оқиға орнына жедел түрде жолға шықты.
«Су қоймалары пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыс істеуде», – деген облыс әкімдігі ресми ақпарат таратты.
Демек, өзеннің арнасынан асуы Меркі ғана емес, Т.Рысқұлов ауданына да қауіп төндірген екен. Сондықтан халықтың дүрлігуі орынды. Осы орайда аудандағы қазіргі жағдайды білмек мақсатта Меркі ауданының әкімдігіне хабарластық.
«9-10 мамыр күндері күннің күрт жылуына және 11-12 мамыр күндері шамадан тыс мөлшерде жауын-шашынды болуына байланысты Меркі және Аспара өзендеріндегі су деңгейі көтерілді. Су тасқынының алдын алу мақсатында аудан әкімдігі мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар жоспарын жасап, төтенше жағдайлар бөлімі және жауапты мекемелердің қызметкерлері мен техникалары жұмыс атқарды. Меркі өзені бойындағы
С.Сейфуллин және Ә.Исмайлов көшесі бойындағы автожол көпірлеріне күшейту жұмыстары жүргізілді. Меркі ауданы бойынша 5 дана мотопомпа және 2000 дана қап, 120 дана күрек дайындалып, ауылдық округтерден ерікті жасақтар құрылды. Су деңгейінің көтеруіне байланысты өзен арнасындағы тал-тарақтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп, өзен арнасында судың кедергісіз ағып кетуіне жағдай жасалды. Нәтижесінде, төтенше жағдайлар болған жоқ», – дейді Меркі ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл ақпарға сүйенсек, қауіптің беті күш жұмылдыру арқылы ғана қайтарылған екен. Демек, тиісті шаралар дер кезінде атқарылмаса, оның арты не боларын ойлаудың өзі қиын.
Меркіліктердің айтуынша, 11 мамыр күні Меркі өзеніндегі судың көлемі секундына 25 текше метр, ал Аспара өзенінің су көлемі 11 текше метрге дейін жеткен екен. Алайда 12 мамыр күнгі ақпарат бойынша Меркі өзеніне түскен су көлемі секундына 8 текше метрге, Аспара өзенінде 5 текше метрге төмендеген. Осылайша, қауіптің беті сейіліп отыр.
Дегенмен Меркі мен Аспара өзендері жіті бақылауға алынып, коммуналдық мекемелер штаттық режимде жұмысты жалғастыруда. Жағдай аудан әкімінің тікелей бақылауына қойылған.
Бұдан бөлек, Меркі ауданы бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою мақсатында шұғыл әрекет ету жасақтары құрылған. Ол жасақ 60 адам және 22 арнайы техникадан тұрады.
Әрине, апат айтып келмейді. Сондықтан төтеншеліктердің қандай жағдайға болмасын сақ отырғаны қуантады. Алайда босаңсуға негіз жоқ. Жауаптылар Меркі мен Т.Рысқұлов қана емес, өзге аудандардағы жағдайды да тұрақты бақылауда ұстап отыр деп сенеміз. Өйткені қарғын су қателікті кешірмейтінін анық көрсетті.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы