Актриса жеке өміріне қатысты түрлі жағымсыз пікір жазатын оқырмандарына ескерту жасады.
«Енді аямаймын...»: Дариға Бадықова өзін сынайтын оқырмандарына ескерту жасады
Фото: әлеуметтік желі
137
оқылды

Продюсер, актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында өзін орынсыз сынайтындарға жауап берді, – деп жазды Aikyn.kz.

Актриса шыдамның да шегі болатынын айтып, жеке өміріне қатысты түрлі жағымсыз пікір жазатын оқырмандарына ескерту жасады.

"Бүгін біреудің өмірін табалап, ертең өз бастарыңа не келетінін білмейсіңдер. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңның тағдыры қандай болатынын білмейсіңдер. Ешкім баласының болашағына, денсаулығына, бақытына кепілдік бере алмайды. Өзгенің тағдырын талқыламас бұрын осыны бір ойланыңдар. Біреудің бүгінін сөз етіп, өз ертеңдеріңе сенімді болмаңдар. Менің үндемегенімді әлсіздікке, тәрбиемді қорқақтыққа баламаңдар. Үндемегенге үдемеңдер! Әр нәрсенің шегі бар! Ұнамай ма? Қарама! Жақпай ма? Жазылма! Көргің келмей ме? Парақшама кірме! Мен ешкімді өз өмірімді көруге мәжбүрлеп отырған жоқпын. Біреуді күндеудің орнына өздеріңді дамытыңдар. Өзгенің өміріне ақыл айтатындай әулие болсаңдар, алдымен өз өмірлеріңді түзеп алыңдар. Бүгін айтқан әрбір ауыр сөздерің үшін ертең жауап беретіндеріңді ұмытпаңдар. Ақша үшін не істемейді бұлар деп ауыздарына келгенді айтатындарға: бұл мамандық көшеден келген жоқ. Төрт жыл академияда оқыған білімнің, жылдар бойғы маңдай тердің, табандылық пен күрестің жемісі. Байдың тамағын байғұс қызғаныпты дегеннің керін келтірмеңдер. Ақша аспаннан түскен жоқ. Біздің табысымызға тіл тигізгенше, сол деңгейге жету үшін қанша тер төгілгенін түсініп алыңдар. Іштеріңдегі қызғанышты менің парақшама төкпеңдер! Бұл парақша менікі. Енді аямаймын намысқа тиетін адамдарды. Өзімді өзім қорғауым керек", – деді Дариға Бадықова.

Продюсер бұл жазба барлық оқырманына арналмағанын атап өтті. Ол өнерін бағалап, құрметтейтін көрерменге алғыс білдірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.