Ол есектің етін Қытайға экспорттамақ болған.
Шымкентте 100-ден аса есек баққан қожалық иесіне айыппұл салынды
istockphoto.com
4,670
оқылды

Шымкент маңында бір үйір есекті "еті үшін бағып отыр" деген ақпарат тарады. Бейнежазба авторы тіпті сойылған жануардың қалдығы жатқан жерді де көрсеткен. Бұл жайтты арнайы комиссия барып тексеріп, 106  есек және 36 бас ұсақ мал ұстаған шаруа қожалығын анықтады.

Тексеріс 13 мамыр күні Шымкентте жүргізілген. Комиссия кұрамында – Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, Шымкент қаласы "Ветеринариялық станция" кәсіпорны және Тұран ауданының учаскелік полиция қызметкерлері болған. Оның нәтижесі Telegram-дағы eGov.press арнасында жарияланған болатын. 

Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілінің хабарлауынша, комиссия тіркелмеген шаруа қожалығының 106 есек пен 36 бас ұсақ мал (иесінің айтуы бойынша) ұстағанын анықтаған. Ал оқиға орнындағы жануар қалдығын кәсіпкер 12 мамырда үш-төрт өлген есекті сойып, шаруашылықтың ауласына көмгенімен түсіндірген.

"Сойған есектің етін сату фактісі анықталған жоқ. Шаруа қожалығы иесінің айтуынша, ол есекті Қытайға ет экспорттау мақсатында өсірген", –  делінген Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарламасында.  Басқармадағылар есек баққан кәсіпкер айыппұл арқалағанын айтты.

"Қалалық Полиция департаменті шаруа қожалығының иесіне Шымкент қаласының аумағын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес айыппұл салынды", –  делінген хабарламада.