Алматы облысының прокуратурасы түзеу мекемелерінде заңсыздықтарды анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Прокуратура мәліметінше, сотталғандар, ұялы телефондар пайдалану арқылы онлайн сатып алуды, кредиттерді рәсімдеп және букмекерлік кеңселер мен онлайн казино арқылы құмар ойындарға қатысқан. Түрмедегі ақша айналымы 3 млрд теңгеден асқан.
"№10 мекеменің сотталғандары, мобильді құрылғыларды қолдана отырып, рұқсат етілген және тыйым салынған заттарды мекеме ішінде сатқан. Аталған дерек бойынша Алматы облысының прокуратурасымен ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді", – деп хабарлады ведомстводан.
Іле аудандық сотының үкімімен осы мекеменің үш қызметкеріне түрлі жазалау шарасы қабылданды.
Бұдан басқа, облыс прокуратурасы ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша №12 және №57 мекемелердің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, №57 мекеме бастығына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
"Анықталған деректер қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекеме қызметкерлерінің қатысуымен бұзушылықтардың жалғасып жатқанын айғақтайды. Тергеу жалғасуда және қазіргі уақытта ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды", – деп атап өтті Алматы облыстық прокуратурасы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.