12 мамырда жасөспірім мектепте сыныптасы мен мұғаліміне пышақ жарақатын салған.
Оқушы сыныптасы мен мұғалімді пышақтады: әкім жасөспірімнің үйіне барды
Фото: instagram.com/khassarkhabylbekov
11,795
оқылды

Павлодар әкімі Хасар Қабылбеков мектептердегі қауіпсіздік мәселесі бойынша жиын өткізетінін жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Әкім қаладағы мектептердің бірінде оқушы сыныптасы мен мұғалімге пышақ жарақатын келтірген соң осындай шешім қабылдаған. Сонымен қатар зардап шеккен балаға барып, жағдайын білгенін айтты.

«Бүгінгі 14 орта мектепте болған оқиғаға қала әкімі ғана емес, екі оқушының әкесі ретінде де үнсіз қала алмадым. Оқиға болған жерде болдым, мектеп басшылығымен, мұғалімдермен сөйлестім. Зардап шеккен балаға барып, оның тезірек сауығып кетуін тілеп, қандай көмек қажет екенін білдім. Павлодар мектептеріндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша үлкен жиналыс өткізбекпін, – деді әкім.

Қала басшысы оқушылар өздерін қауіпсіз сезінуі үшін шұғыл түрде кешенді шаралар қабылданатынын атап өтті.

«Біз мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін шаралар кешенін келісіп, жедел жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Павлодарлық ата-аналар білім беру ұйымдарында балаларының өмірі мен денсаулығына ештеңе қауіп төндірмейтініне сенімді болуы тиіс», – деді ол.

Айта кетейік, 12 мамырда жасөспірім мектепте сыныптасы мен мұғаліміне пышақ жарақатын салған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.