Ол – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық болатын. Осы қосарланған алты құндылық ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың негізгі бағыт-бағдары бола алады. Бұл, тіпті идеологиялық тұжырымдама іспеттес. Былтырғы құрылтайда жарияланған «Адал азамат» ұғымымен де үндесіп жатыр. Осы ретте Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастыруымен «Адал азамат – Адал Еңбек – Адал табыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шара Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру мақсатында өткізілді.
Ұрпақтар сабақтастығы тақырыбында өткен дөңгелек үстелде алғашқы болып сөз сөйлеген Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Мұхтар Еркетаев орталықтың жұмысы туралы айта келе, орталықтың ұрпақ тәрбиесіне де баса назар аударып отырғанына тоқталды.
Дөңгелек үстелге қоғам қайраткерлері, Мәслихат депутаттары, Астана қаласының құрметті ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, еңбегімен ерекшеленген білікті мамандар қатысты. Олар құрылтай тұжырымдамасына сәйкес «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбын талқылап, аға буын өкілдерін ұрпақ тәрбиесіне тарту туралы ой бөлісті. Мәселен, ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуының ұрпақ тәрбиесіне әсерін айта келе жас қызметкерлер арасында патриоттық тәрбие беру мәселелеріне де тоқталды.
– Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде айтар болсам, бүгінде қоғамдық бірплестіктің 45 филиалы бар. Онда есепте тұрған 80 мыңнан астам ардагер бар. Оның 5-уі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, 200-дей еңбек майданының ардагері, 100 шақты Ауған соғысына қатысқан ардагерлер, бірінші, екінші топ мүгедектері мен 2000-нан астам зейнеткер бар. Бүгінде ардагерлер жас ұрпақ тәрбиесіне жақсы атсалысып келеді. Мен ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді қатысып жатқанын көргеніме қуаныштымын. Бұл жас ұрпақты адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелеуге, қызметтік дәстүрлерді сақтауға, жастар арасында полицей мамандығының имиджін сақтауға ықпал етеді. Қазір ішкі істер органдарының ардагерлері қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, түрлі іс-шараға қатысып, жинақталған тәжірибесі мен білімін бөлісе отырып, жас мамандарды үйретіп, жастармен патриоттық жұмыстарға үлкен көңіл бөлуде, – деп атап өтті Өмірзақ Болсамбеков.
Сондай-ақ жиында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Зұлфухар Ғайыпов та сөз алып, Мемлекет басшысы айтқан «Адал азамат» ұғымына кеңінен тоқталды.
«Мемлекет басшысы отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс екенін айтты. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бірауыз сөзбен сипаттауға болады», – деді. Міне, біз де осы ретте Президенттің осы сөзінен нәтиже шығаруымыз керек. Нағыз отаншылдық, отансүйгіштік дегеніміз – ел мен жерге жанашырлықтан бөлек білімпаздық пен еңбекқорлық. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» дегені де осыны меңзейді. Біз осы идеологияны басшылыққа алып, іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек», – дейді Зұлфухар Ғайыпов.
Кеш қонағы ретінде шақырылған батыр-полицей Арман Сәрсембаев «Ерлігі үшін» медалімен қандай ерлік істері үшін марапатталғаны және адал еңбек жетістіктерге жетелеп, абыройға бөлейтінін айтты.
Сонымен қатар дөңгелек үстел жұмысына қатысқан жас маман, My Mind медициналық технологиялар саласындағы стартап әзірлеушісі Ю. Тумгоев жастардың ғылымға сіңірген еңбегі мен аға буын өкілдерінің өнегелі істері арқылы жас мамандарды еңбекке баулу туралы ойын білдірді.
«Адал азамат – Адал Еңбек – Адал табыс» атты дөңгелек үстелде блиц-сауалнама мен орталықтың қызметі туралы бейнематериал көрсетілді.
Кеш соңында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев дөңгелек үстел қатысушыларына алғысын білдіріп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда зейнеткерлердің мол тәжірибесі мен нақыл сөздері маңызды екенін баса айтты.
Наурызбек САРША