Елордада Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының бірінші отырысы өтті.
Орталық Азия елдері қауіпсіздіктің үш бағытында күш біріктірмек
607
оқылды

Елордада Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының бірінші отырысы өтті, –  деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Біздің мемлекеттеріміздің Президенттерінің мақсаткерлік күш-жігерінің және бірізді қадамдарының арқасында ортаазиялық ықпалдастық жаңа деңгейге шығып отыр. Бұл елдеріміз арасында орнаған сенім, достық пен тату көршіліктің сан ғасырлық дәнекерін нығайтуға деген ұмтылысты білдіреді. Қарым-қатынасымызды тереңдетуде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі маңызды рөлге ие. Өзара іс-қимылдың бұл форматы сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік пен логистика салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына айтарлықтай серпін берді», – деді кездесу барысында Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов.

Осы орайда ол қазіргі уақытта осы жылдың тамызында Астанада өтетін VI саммитке дайындық қарқынды жүріп жатқанын баса айтты.

«Геосаяси және геоэкономикалық турбуленттілік өңіріміздің қауіпсіздік жай-күйіне теріс әсерін тигізеді. Бүгінгі бізбен кездесуде Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары деңгейіндегі кездесулер сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге қарсы тұруда күш-жігерді біріктіру алаңы болуға бағытталған. Сонымен қатар біздің өзара іс-қимыл форматымыз саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы оң динамиканы нығайтуға септігін тигізеді деп есептейміз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстандағы су тасқынына байланысты бауырластық тілектестігін және гуманитарлық көмегін көрсеткен сіздің елдеріміздің шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Біз бастапқы кезеңде үш тармаққа жұмылып, оларды жүзеге асыру үшін дәйекті түрде ілгерілеуге уағдаластық. Бірінші – су-энергетикалық қауіпсіздігі, екінші – азық-түлік қауіпсіздігі, үшінші – Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігі мен көлік-логистикалық әлеуетті дамыту», – деді ол.