Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалары Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді.
Президент Жолдауы – Қазақстанның тұрақты дамуы мен халық әл-ауқатын арттырудың стратегиялық бағдары
158
оқылды

Президент көтерген мәселелердің барлығы өзара тығыз байланысты: ауыл шаруашылығын жаңғырту, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, цифрлық экономиканы қалыптастыру, инфрақұрылымды жетілдіру және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету – біртұтас экономикалық саясаттың маңызды бағыттары. Олардың түпкі мақсаты – экономикалық өсімді азаматтардың нақты тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттау. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту». Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттерді қолдау және сапалы жүзеге асыру ел болашағы үшін айрықша маңызға ие.

Ең алдымен, ауыл шаруашылығын дамы­туға қатысты бастамалар елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл тұрғын­дарының табысын арттыруға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Президент келтірген мәлімет бойынша, өткен жылы ауыл шаруа­шылығы саласы шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Шаруаларды жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемінің 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғаюы да саланы қолдаудың ауқымын көрсетеді. Ендігі міндет – қаржыландыруды ұзақмер­зімді инвес­тициялық ресурстармен толық­тырып, фермерлерге өндірісін кеңейтуге, жаңа техника сатып алуға және заманауи технологияларды енгізуге жағдай жасау. Тағам өнеркәсібінде жалпы құны 500 мил­лиард теңгеден асатын әлеуетті жоба­лардың дайындалуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және қосылған құны жоғары тауар өндіруге үлкен мүмкіндік береді. Бұл – шикізатты ғана сатпай, дайын өнім арқылы көбірек табыс табуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және импортқа тәуелді­лікті төмендетуге бағытталған тиімді жол.

Ауыл шаруашылығына жасанды ин­теллектіні енгізу, заманауи тракторлар мен комбайндар өндірісін арттыру, су үнемдеу технологияларын пайдалану да уақыт талабына сай шешімдер. Президент қолдаған технологиялық жаңғырту ауыл шаруашы­лығының өнімділігін арттырып, өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Суармалы егіншілікті ғылыми негізде дамыту арқылы дәстүрлі дақыл­дардың өнімділігін 2-2,5 есе арттыру мүмкіндігі де ерекше назар аударуға тұр­арлық. Алайда бұл нәтиже су ресурс­та­рының жеткілік­тілігіне, суару техноло­гия­ларына және агротехникалық талаптардың сақталуына байланысты. Сондықтан суды ұқыпты пайдалану, су желілеріндегі шығындарды азайту және Ұлттық ақпарат­тық су ресурс­тары жүйесін толық іске қосу – ауыл шаруа­шылығының ғана емес, тұтас елдің болаша­ғына қатысты маңызды міндет. Қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде елімізде 71 тауарлы-сүт фермасының іске қосылып, жылына 462 мың тоннадан астам сүт өндіруі заманауи тәсілдердің нақты нәтиже бере алатынын көрсетеді. Осындай тә­жіри­бені өзге өңірлерге тарату мал шаруа­шылығын дамытуға, азық-түлік өндірісін ұлғайтуға және ауыл эконо­микасын нығайтуға ықпал етеді.

Бұл жұмыстар «Халықтық құрылыс» бастамасымен де сабақтас. Мемлекет басшысы ұсынған инфрақұрылымдық жаңғыру аясында әлеуметтік нысандарды, жолдарды, инженерлік желілерді және ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту өңірлердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Президенттің бастамаларына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Мұндай ауқымды қаржыландырудың тиімділігі жаңа жұмыс орындарын ашудан, жергілікті кәсіпорындардың өндірісін жандандырудан және халыққа қажетті нысандардың қол­жетімділігін арттырудан көрінуге тиіс. Әсіресе құрылыс материал­дарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды еліміздің өзінде өндіруге басымдық беру маңызды. Бұл мемлекеттік инвестициялардың отандық экономикаға қайтарымын арттырып, өн­дірістік әлеуетті нығайтады. Президент­тің «Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды» деген талабы мемлекеттік қаражаттың ел ішінде өндіріс пен жұмыс орындарын дамытуға бағытталуы керектігін айқын көрсетеді.

Инвестициялық саясатты жетілдіру де Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі жаһандық бәсекеде инвестиция тарту ғана емес, оны нақты өндірістік нәтижеге айналдыру шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты инвестициялық жобаларды үйлестіру жүйесін жетілдіру, мемлекеттік органдар арасындағы қайта­ланатын құзыреттерді реттеу және инвесторларға қолайлы жағдай қалып­тастыру қажет. «Бәйтерек» холдингінің рөлін күшейту жөніндегі ұсыныстар осы жұмыстың жүйелілігін арттыруға бағытталған. Ин­вестицияның тиімділігі қағаз жүзіндегі келісімдермен немесе жарияланған жоба­лардың санымен емес, іске қосылған кәсіп­орындармен, өндірілген өнім көлемі­мен, құрылған жұмыс орын­дарымен және экономикаға қосқан нақты үлесімен баға­ла­нуға тиіс. Мұндай тәсіл қаржы ресурстарын тиімді пайдалануға және елдің ұзақмерзімді экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Шағын және орта бизнесті қолдау да экономикалық өсімнің негізгі шарттары­ның бірі. Президент келтірген дерек бойын­ша, шағын және орта бизнестің жал­пы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетіп, негізгі капиталға тартылған инвес­тициялардағы үлесі 70 пайызға жуықтаған. Бұл сектордың ұлттық экономикадағы маңызын айқын көрсетеді. Ендігі міндет – кәсіпкерліктің құрылымын әртараптан­дырып, бизнестің саудамен ғана шектел­мей, өндіріс, өңдеу, технология және қызмет көрсету сала­ларында да кеңінен дамуына жағдай жасау. Орта бизнесті ұзақмерзімді қар­жыландыру, кәсіпорын­дарды технологиялық жаңғырту және олар­дың ірі өндіріс орындарымен байла­нысын күшейту тұрақты экономикалық өсімге жол ашады.

Мемлекеттік сатып алуларға отандық шағын және орта кәсіпорындардың қатысу мүмкіндігін кеңейту де маңызды. Егер мемлекеттік органдар мен квазимем­лекеттік сектор қажетті тауарлар мен қыз­меттердің бір бөлігін отандық кәсіп­керлерден тұрақты сатып алса, жергілікті өндірістің дамуына қосымша сұраныс қалыптасады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге заңсыз кедергілер қою, отандық өнімнің нарыққа шығуын шектеу және әділетсіз бәсекеге жол беру әрекеттеріне тосқауыл қою қажет. Пре­зиденттің «Бизнесті қорғау – ұлттық эко­но­миканың дербестігін нығайту деген сөз» деген ұстанымы осы мәселенің стратегиялық маңызын ашады. Кәсіпкер өзін тұрақты әрі әділ ережелер қорғайтынына сенген жағдайда ғана өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ұзақмерзімді инвестиция жасауға ынталы болады.

Осы тұрғыдан алғанда, микро және шағын бизнеске қатысты бақылау жүйесін қайта қарау жөніндегі ұсыныстар да назар аударуға тұрарлық. Президент келтірген мәліметте бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан тіркелген бұзушы­лықтар саны 34 пайызға азайғанымен, айыппұл сомасы шамамен 11 пайызға өскені және жоспардан тыс тексерулер саны бірнеше есе артқаны айтылған. Бұл көрсеткіштер бақылау жүйесінің тиімділігі мен кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені теңгерімді бағалау қажеттігін көрсетеді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылау жөніндегі ұсыныс та осы тұрғыдан қарастырылуға тиіс. Мұндағы басты мақсат – заң талаптарын әлсірету емес, адал кәсіпкерлерге артық кедергі келтірмей, бақылауды тәуекелге негізделген және цифрлық тәсілдер арқылы тиімді жүргізу.

Жолдаудағы ең маңызды басымдық­тардың бірі – цифрлық экономиканы және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық ортаны қалыптастыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Қазақ­стан цифрлық экономиканы құруға мін­детті». Бұл міндет мемлекеттік қыз­меттерді электрондық форматқа көшірумен немесе қымбат бағдарламаларды сатып алумен шектелмеуі керек. Цифрлан­дырудың негізгі нәтижесі өндіріс өнім­ділігін арттырудан, шығындарды азайтудан, қызмет көрсету сапасын жақсартудан және азаматтардың жаңа табыс көздеріне қол жеткізуінен көрінуі қажет. Елде екі суперкомпьютердің іске қосылып, үшін­шісін жыл соңына дей­ін пайдалануға беру жоспарлануы, Каспий түбімен талшықты-оптикалық магистраль төсеудің аяқталуы және дерек­терді өңдеу орта­лықтарының құрылысы – цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар. Бұл ин­фра­құрылымды экономикаға нақты пайда әкелетін жоба­лармен толықтыру қажет.

Жасанды интеллект, цифрлық плат­формалар, блокчейн және активтерді токенизациялау технологиялары кәсіп­керлікке жаңа мүмкіндіктер ашады. Ауыл­дағы өндірушілер өз өнімдерін цифрлық сауда алаңдары арқылы кең нарыққа шы­ғара алады, ал шағын кәсіпкерлер дел­далдарға тәуелділігін азайтып, тұтыну­шы­лармен тікелей байланыс орната алады. Президент ұсынған цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту және өңірлерде пилоттық жобаларды іске қосу бастамалары ауыл мен қала тұрғындарына технология арқылы заңды табыс табуға мүмкіндік беруге бағытталған. Бұл ретте интернетке қолже­тімділікпен қатар, цифрлық сауаттылықты арттыру, азаматтардың деректерін қорғау және технологиялардың нақты экономи­калық қайтарымын бағалау маңызды.

Макроэкономикалық тұрақтылық пен халықтың сатып алу қабілетін сақтау да барлық бастаманың нәтижелі жүзеге асуының негізі болып саналады. Инфля­цияның жоғары болуы азаматтардың күнделікті шығынын арттырып, табысының нақты құнын төмендетеді. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді жұ­мыс істеуі, бюджет және салық саясатын байыппен жүргізу, отандық өндірістің өнімділігін арттыру аса маңызды. Халық­тың әл-ауқатын жақсарту тек жалақы мен табысты өсірумен шектелмейді; сонымен бірге бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, сапалы тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Экономиканың өндірістік әлеуеті күшейген сайын ел ішіндегі ұсыныс артып, сыртқы нарықтағы өзгерістерге тәуелділік төмендейді.

Қаржы жүйесінің ресурстарын эко­номиканың нақты секторына бағыттау да осы міндеттермен тікелей байланысты. Президент келтірген деректер бойынша Қазақстан банктерінің активтері 75 триллион теңгеден асып, депозиттер көлемі 52 триллион теңгеге жеткен, ал салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Бұл қаржы жүйесінің ауқымы мен теңгедегі жинақтардың үлесін көрсе­теді. Ендігі міндет – осы ресурстардың кәсіпорындарды жаңғыртуға, өндірісті кеңейтуге және ұзақмерзімді инвести­циялық жобаларды іске асыруға көбірек жұмсалуына жағдай жасау. Банктердің бизнеске инвестициялық несие беруін ынталандыру, капитал нарығын дамыту және қаржыландырудың жаңа тетіктерін қалыптастыру экономикаға қосымша серпін бере алады. Мұндай саясат қаржы ресурстарын айналымда ұстап қана қоймай, нақты өнім мен экономикалық құндылықтың қалыптасуына ықпал етеді.

Сонымен қатар бюджет қаражатын бас­­қару сапасын арттыру, тиімсіз шығын­дардың алдын алу және мемлекеттік қаржы жүйесін толық цифрландыру маңыз­ды. Жасанды интеллект құралдарын бюджет шығындарын талдауға қолдану күмәнді операцияларды ертерек анықтауға, қаражатты жоспарлау сапасын жақсартуға және мем­лекеттік ресурстарды ұтымды бөлуге мүм­кін­дік береді. Алайда мұндай жүйелер ашықтықпен, дерек­тердің дұрыс­тығымен және адам тарапынан тиісті бақы­лаумен ұштасуы қажет. Мемлекеттік аппараттың кәсібилігі, жобаларды іріктеу сапасы және әрбір кезеңге жауап­кер­шілікпен қарау инфрақұрылымдық және техноло­гиялық бастамалардың нақты нәтижеге жетуін қамтамасыз етеді.

Жолдауда ұсынылған келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасы да осы міндет­тердің басын біріктіреді. Әр облыс орта­лығында, аудандарда және елді мекендерде жолдарды, вокзалдар мен әуежайларды, денсаулық сақтау меке­мелерін, оңалту орталықтарын, шығармашылық үйлерін, спорт кешендерін, кітапханалар мен ғылыми орталықтарды салу және жөндеу халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Мұндай құры­лыс жұмыстарының табысты болуы үшін жобалар нақты қажеттілікке сай таңдалып, сапалы орындалуы және ұзақ мерзім қызмет етуі қажет. Құрылысқа отан­дық материалдар мен жабдықтарды тарту, жергілікті кәсіпорындарды қолдау және қоғамдық бақылауды күшейту осы бастамалардың ел экономикасына беретін пайдасын арттырады.

Қорыта айтқанда, Президент Жол­дауында көтерілген бастамалар – жекелеген салаларға қатысты тапсырмалар жиынтығы ғана емес, Қазақстанның экономикалық моделін жаңғыртуға бағытталған өзара сабақтас стратегиялық міндеттер. Ауыл шаруашылығын технологиялық дамыту азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады; шағын және орта бизнесті қолдау жұмыспен қамту мен өндірісті арттырады; инвес­тициялық саясатты жетілдіру жаңа кәсіп­орындардың ашылуына жол ашады; цифр­ландыру мен жасанды интеллект еңбек өнімділігін көтереді; ал инфра­құрылымды жаңғырту өңірлердің дамуына және халықтың өмір сапасының жақса­руына ықпал етеді. Мұның барлығы мак­ро­э­кономикалық тұрақты­лықпен, қаржылық тәртіппен және мем­лекеттік басқарудың сапасымен ұштасқанда ғана күтілген нәтижеге жеткізеді.

Мемлекет басшысының «Біздің мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру» деген негізгі ұстанымы осы бастамалардың ортақ мәнін айқындайды. Сондықтан Жолдауды қолдау – айтылған міндеттерді құптау ғана емес, олардың сапалы орындалуына, қара­жаттың тиімді жұмсалуына, кәсіпкерлікке әділ жағдай жасалуына және технологиялық жаңғы­рудың нақты нәтижеге айналуына мүдделі болу. Елдің дамуы ортақ жауапкер­шілікке, кәсіби еңбекке және қоғамдық бірлікке сүйенеді. Бүгінгі реформалар мен ин­вестициялар ертеңгі экономикалық қуа­т­­­тың, халықтың әл-ауқатының және келешек ұрпақтың мүмкіндіктерінің берік не­гізіне айналуға тиіс. Қазақстанның тұрақты дамуы мен жарқын болашағы жолындағы бұл бастамаларды қолдау – баршамызға ортақ міндет.

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚМПУ ректоры