18 мамыр – Халықаралық музей күні. Ұлттық құн­дылық­тары­мызды ұлықтар, та­рихымызды таразылар му­­зей қызметінің ұрпақтар сабақтастығы жолында алар орны ерекше.
Көненің көмбесі – музей
2,075
оқылды

Се­бебі ұлы далада әлем­ді өзінің өркениетімен, мәдениетімен, өнерімен, тарихымен таңғал­дыр­ған, ержүректігімен жарты әлемді бағындырған халық ұрпағымыз. Өткенге көз жіберсек, халық­аралық музейлер кеңесі бұл атаулы күнді 1977 жылы бекіткен екен. 

Музей күні 1978 жылдан бастап кә­сіби мереке ретінде атап өтіліп келеді. Бұл дата КСРО кезінде, 1977 жылы Мәскеу қаласындағы халықаралық музейлер кеңесінің ХІ бас конференциясында бекітілген. Осы күні әлем елдеріндегі музейлерде «Музей түні» акциясы ұйым­дастырылады. Музей – қоғам өмірінің айнасы, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, халқымыздың асыл рухани мұраларын жинап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған тарихи орын. Ғасырлар қойнауында жатқан тың деректерді археологтарымыз алып, музей қорына өткізеді. Сонау тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі жәдігерлерімізді көздерінің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа насихаттау ісінде орасан шаруалар атқаруда. Тарихымыздың тереңінен қазіргі өркениетті елімізді жалғастырып тұрған алтын желі іспеттес тарихи-мәдени құндылықтарымыз өңірімізде баршылық. Қазір елімізде 271 музей бар. 2022 жылдың қорытынды бо­йынша, музейге келушілер саны 6 мил­лион адамнан асыпты. Бұл 2021 жыл­мен салыстырғанда 1 миллионға жуық көп. Бұл ретте келушілердің 35%-ы немесе 2,175 миллионы – бала­лар. Сол жылы 166 801 экскурсия ұйым­дастырылды, бұл 2021 жылмен салыс­тырғанда 41 мыңға көп болған. Ал көрме саны – 8 393. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда 1 484 көр­меге артық. 

Ұлттық музей директоры Айбек Сы­ды­қовтың айтуынша, 2014 жылдан бері Ұлттық музей тарихында екі ірі келушілер легі тіркелген. 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Ұлттық музейді 280 мың адам тамашаласа, 2022 жылы бұл көрсеткіш 330 мың адамға жеткен. Өткен жыл­дың тек алты айында ғана 310 мың келу­ші тіркелген. «Бұл халқымыздың мың­жылдық мәдени мұрасы мен тарихына деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді», – деді ол.

Келушілердің арту динамикасының себебін осы жылдың сәуір айында екі жаңа залдың ашылуымен бай­ланыс­тырады. Бұл – барлық жаста­ғы қонақтарды қызықтыратын палеон­тология залы және қолөнершілер орталығы. Палеонтология залында тиранозавр рекс, гиппарион жылқысы, ірі мүйізді бұғы, алып индрикотериум мүйіз­тұмсық, мамонт және басқа да жануарлардың қаңқалары мен қалдық­тары ұсынылған. Қол­өнер­шілер орталығы түрлі кәдесыйлар мен еліміздің шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнерінің үздік туындыларын ұсынады. Сондай-ақ өткен жылғы «Музейлер түні» халықаралық акциясы аясында Ұлттық музейді бір түнде 47 мыңнан астам адам тамашалап, тағы да рекорд орнатқан. Ал былтырғы бірінші жартыжылдықтың өзінде-ақ  мұражай қоры 4 мыңнан астам экспонатпен то­лыққан екен.

Елімізде негізгі музей қорларын­дағы экспонаттарының саны 2,6 мил­лионнан асады, оның ішінде 350 мыңы – аса құнды жәдігерлер. Мил­лионнан астам экспонат электронды форматта ұсынылған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы музей қорының мемле­кеттік каталогі жұмыс істейді, оған қазір 114 мемлекеттік музейден 130 мың­нан астам экспонат қосылды. Ұлт­тық мәдени мұра нысан­дарының қатарына 61 музей қорынан 5 000-ға жуық жәдігер кіреді.

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бір сөзінде:  «Елдегі музейлердің жұмысы бел­сен­ді дамып, келушілер саны күн сайын артып отыр. Музейлерде та­қы­рыптық көрмелер, дә­ріс­тер, экс­курсиялар, қы­зық­ты, танымдық және шығармашылық іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Елі­міздегі музейлерде ерекше, бірегей залдар ашылып жа­тыр. Мысалы, Ұлттық музейде палеон­тология залы мен қолөнершілер орта­лығы бар. Сол секілді ашық аспан астындағы ең үлкен «Бозоқ» музей-қорығы салынып жатыр. Визит-ор­та­лықтар ашылып, онда тарихи-мә­дени ескерткіштер мен олардың аумақтарынан табылған жәдігерлер туралы ақпарат ұсынылған. Әрине, бұл істің бастамасы ғана. Біз бұл жұ­мысты одан әрі қарай жалғастыруға ниеттіміз. Атап айтқанда, ғы­лыми экспедициялар өткізіп, халықаралық деңгейге шығу­ды мақсат етіп отырмыз. Халық­аралық жобалардың бірі ретінде 2026 жылы Луврда қазақ өнерінің көрмесін ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деген еді.

Жалпы, жаһандану заманында мәдени мұраны сақтап, өскелең ұр­пақтың тарихи санасын қалыптастырып отырған, сырлы дүниелер және тағы­лымды тарих пен дәстүр ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі – музейдің мәдениетте алатын орыны айтпаса да түсінікті. Сол себепті көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, көздің қарашығындай сақ­тайтын мәдени орынның бәсі әрқашан биік.

Айта кетейік, 18 мамырда бүкіл әлемде Халықаралық музейлер күні атап өтіледі. Атаулы күнге орай дү­ние­жүзінде түрлі іс-шаралар ұйымдас­тырылады. Соның ішінде мысалы – Қазақстанның музейлері белсенді қатысатын «Музейлер түні» акциясы. «Музейлер түні» алғаш рет 1997 жылы Берлинде өтті. Халықаралық музейлер күніне орайластырылған акцияның мақсаты – мәдени мұра мен өнерді насихаттау. Қазақстанда бұл акция 2006 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. 

Наурызбек САРША