Әкімдерге өз ауылы, қаласы, облысында ашылған қоғамдық жұмыстарды сол қос санаттағы адамдар арасында бөлуге тура келеді. Бұл аз болса, әкімдік қызметкерлері сотталғандардың өзіне жүктелген жұмысты атқаруын бақылауға міндеттеледі. Бұдан олар шошынып отыр.
«Тәрбиеленушілер» еңбегі тегін
Мәжіліс «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап қойды. Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, заң жобасына енгізілетін түзетулерді 2 негізгі бағытқа бөлуге болады. Біріншісі – әкімшілік жазаның жаңа түрі ретінде «қоғамдық жұмыстарға тартуды» белгілейді және оны қолданудың тетіктерін айқындайды. Екінші бағыты – әкімшілік-деликтік заңнаманы жетілдіре түседі.
Министр қазір қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қылмыстық заңнама аясында қолданылып жүргенін еске салды. Оны Ішкі істер министрлігінің пробация қызметі жүзеге асырады. Жаңа заң аясында әкімшілік істер бойынша қоғамдық жұмыстарға жегу жазасы енгізілмек.
– Бұл заң жобасында «қоғамдық жұмыстарға тарту» түріндегі әкімшілік жазаны қолданудың ұқсас тағы бір тетігі қарастырылды, алайда оны орындату әкімдіктерге жүктеледі. Әкімшілік заңнама аясындағы қоғамдық жұмыстарды 9-бап бойынша қолдану ұсынылады. Қоғамдық жұмыстардың түрлерін және соны ұсынатын ұйымдардың тізімін әкімдіктер айқындайды, – деді Әділет министрі.
Оның түсіндіруінше, әкімшілік істер бойынша сотталғандардың қоғамдық жұмысты атқаруының келесі іс-қимыл алгоритмі белгіленді. Біріншіден, әкімдіктер өзіне сот қаулысы келіп түскенде өз аумағында тұратын құқық бұзушыны шақырады. Оның жеке деректерін толтырады. Оған құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық жұмыстарды орындау тәртібін, қашан жұмысын бастап, қашан демалып, қашан үйіне қайтатынын түсіндіреді.
Екіншіден, жоғарыда айтылған тізімге енген жергілікті ұйымдарға қоғамдық жұмыстарды атқаруы үшін адамдардың жіберілетіні туралы хабарлама жолдайды.
Үшіншіден, әкімдік қызметкері қоғамдық жұмыстарды орындау кестесін бекітеді. Құқық бұзушының қоғамдық жұмыстарды лайықты орындауын өзі бақылайды. Егер қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарса, ол туралы ішкі істер органдарын дереу хабардар етуі тиіс.
Төртіншіден, құқық бұзушыларды қабылдаған жұмыс берушілер, ұйымдар олардың қандай және қанша көлемде жұмыс атқарғанын тіркеп, тиісті акт толтырады, жұмыс істелген сағаттардың табелін жүргізеді. Сондай-ақ тоқсан сайын сотталғандардың қоғамдық жұмыстарды орындауы туралы жергілікті әкімдікке есеп береді.
Бір қарағанда бәрі түсінікті, игілікті сияқты. Жергілікті билік, кәсіпорындар тегін жұмыс күшіне қол жеткізеді. Жеңіл, орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар болса, жазасын еңбекпен өтеп, қоғамға пайдасын тигізеді. Темір торға отырып, керек-жарақпен тегін қамтылып, елге масыл болмайды.
Әділет министрі Азамат Есқараев қоғамдық жұмыс үшін құқық бұзушыларға жалақы төленбейтінін нықтады.
– Қоғамдық жұмыс дегеніміз – қоғамдық пайдалы еңбек. Мұндағы мақсат – құқық бұзушыны еңбек арқылы «тәрбиелеу». Бұл – оның өзі жасаған, қоғамдық қауіпсіздікке, жеке тұлғаға, басқару тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқықбұзушылықтарын қайталауын болдырмауға бағытталған профилактикалық шара, – деді министр.
Шенділердің «халтурасына» қауіп төнді
Алайда шенеуніктер үшін қоғамдық жұмыстар – кез келген дағдарыс кезінде еңбек нарығын уақытша тұрақтандырудың, «тесікті тығындаудың» құралы екенін ұмытпаған жөн.
Мысалы, 2016 жылғы 14 маусымда сол кездегі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев келісіп, қабылдаған «Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында» жұмыспен қамту орталықтарына қоғамдық жұмыс түріндегі уақытша жұмыс орындарын қаптатып құру жүктелген.
«Қоғамдық жұмыстар – Халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік пайдалы бағыттағы еңбек қызметінің түрлері», – деп бекітілген сол қағидаларда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің былтырғы 2023 жылғы 30 маусымдағы №275 бұйрығымен бұл қағидалар күшін жойды. Бірақ әкімдер сол бойы ескі қағиданы берік ұстанып келеді. Мысалы, таяуда Қызылорда облысының әкімдігі өзіне сеніп тапсырылған өңірде жұмыссыздықпен қалай күресіп жатқаны жөнінде есебін жариялады.
«Облыста жұмыс күшінің саны – 348 522 адам. Жұмыспен қамтылған халық саны – 331 480 адам. Жұмыссыздар саны – 17 042 адам. Жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,9% (2022 жылы – 4,9%). «2024 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту Жол картасы» шеңберінде 46 475 жұмыс орнын құру жоспарланса, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 13 353 жұмыс орны құрылды (28,7%-ы). Оның ішінде жаңа жұмыс орындары – 11 056: тұрақтылары – 3 589 бірлік (26,9%-ы), уақытша жұмыс орындары – 9 764 (73,1%-ы)», – деп хабарлады Қызылорда облысының әкімдігі.
Ұқсас жағдай барлық өңірде қалыптасқан.
Уақытша жұмыс орындарын құруға әуестеніп кеткен көзбояу тірлігі үшін Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) қатаң сынына ұшырады. Ұйым ел Үкіметін уақытша жұмыс орындарын құруға басымдық беру тәжірибесінен бас тартуға, онсыз да аз адами ресурстарын олай рәсуалай бермей, ұтымды пайдалануға шақырды.
Сарапшылардың айтуынша, қоғамдық, уақытша жұмыс орындарына орналастыру – халықты орнықты жұмыспен қамтуға бастамайды. Бір жұмыстан екіншісіне сенделген азаматтар өмірден, қоғамнан лайықты орын таба алмауы мүмкін. Содан үлкен бір тобы өмірден баз кешіп, өзін бағалауды қойып, төл әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігін іздеуге құлық танытпайды. Немесе қылмысқа барады.
Жыл сайын мыңдаған жан «жұмыссыз» мәртебесінен бір шығып, қайта оралумен болады. Дәл осы кезде шенеуніктер ондаған жылдан бері жұмыссыздықты 5%-дан аспайтын деңгейде сақтағанына мәз.
Экономист Данияр Молдақановтың пікірінше, уақытша жұмыс орындарын мемлекет жас мамандарға тәжірибе мен жұмыс өтілін жинауға мүмкіндік беру үшін ашса ғана орынды. Жалпы, ауланы абаттандыру немесе меморганның ғимаратын жөндеу сияқты біліктілігі төмен жұмыстар азаматтардың тұрмысын жақсартуға, кредитін ұзақ мерзімді өтеуге, тіпті қарапайым түйіндеме-резюмесін жақсартуға көмектесе алмайды.
Енді Үкімет аталған заң жобаларымен жыл сайынғы есептерін көркемдеуге көмектесетін осы тетікті әкімдерден алып қойғалы тұр.
Мұны депутаттардың бір бөлігі құптаса, бір бөлігі құптамады.
«Заң жобасында құқық бұзушылардың қоғамдық жұмыстарды орындауын ұйымдастыруды және қадағалауды жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге жүктеу ұсынылған. Бұған келіспейміз! Мысалы, әкімдіктердегі Әлеуметтік қорғау басқармаларында жұмыс істейтін мамандардың, әсіресе жас қыз-келіншектердің дебошир немесе абьюзер секілді құқық бұзушыларды жұмыс істеуге мәжбүрлеуге сөзі жүрмейді, әлі де келмейді. Сондықтан мұны ішкі істер органдарына жүктеу керек», – деді Мәжіліс депутаты Қ.Әбден.
Депутаттардың бұл ұсынысын енді жұмыс тобы қарап жатыр. Бірақ оған Ішкі істер министрлігі қарсы. Ведомствоның ұстанымы келесідей: пробация қызметі инспекторларының мойнында онсыз да жүк көп, олар қылмыскерлердің түзеу жұмыстарын орындауын бақылайды. Оған тағы әкімшілік істер аясындағы қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылау да жүктелсе, жүйе зіл батпан салмақты көтермей, жайрап қалуы ықтимал.
Әкімдіктер неден сескенеді?
Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов құқық бұзушылар тегін істейтін қоғамдық пайдалы жұмыстарды табуға болатынын, өйткені жергілікті жерде жұмыс қолы жиі жетіспей жататынын айтады. Мысалы, өңірлерде сәуір айынан бері өршіген тасқын кезінде көптеген ауылда тұрғындар үдере көшіп, жаппай эвакуацияланды, салдарынан ол аудандарда арынды өзендер жағасын бекітетін адам табылмай қалған. Содан мемлекет амалсыз әскерді жұмылдырды.
Дегенмен әкімнің орынбасары құқықбұзушылыққа бейім адамдарды тәртіпке, жөнге салу әкімдік қызметкерлеріне қиынға түсетінін жасырмады. Бірақ егер заңда солай бекітілсе, орындауға тура келеді.
«Біз өз тарапымыздан ол адамдар үшін абаттандыру, санитариялық тазалау және көгалдандыру бойынша қоғамдық пайдалы жұмыстарды ұйымдастырып, ұсынуға дайынбыз. Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға әкімшілік жазаның орындалуын қадағалау функциясын жүктеу ұсынылады. Осы орайда елорда әкімдігінің ұстанымына қатысты бірнеше күрмеулі мәселені атап өткім келеді. Біріншіден, әкімшілік жазаларды орындату жергілікті атқарушы органдардың құзырына кірмейді. «Ішкі істер органдары туралы» заңға сәйкес, әкімшілік жазаларды орындау ішкі істер органдарының міндеттерінің бірі», – деді Евгений Глотов.
Екіншіден, оның айтуынша, әкімшілік жазалардың нақты, сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктерде жеткілікті құқықтық құралдар да, ең бастысы, кадрлық ресурстар да жоқ.
Қазақстанда әкімшілік жазамен ғана құтылатын тентек-телі көп, ертең әкімдіктер олардың үлкен легінің астында қалуы мүмкін.
– Біз 2020-2022 жылдардың статистикасына талдау жүргіздік. Сөз болып отырған 9-бап бойынша 58 мыңнан астам адам немесе жылына орта есеппен 20 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қоғамдық жұмыстар түріндегі әкімшілік жаза жалпы істердің оннан бір бөлігіне қолданылса, бізге жылына кем дегенде 2 мың адамды бақылауға алу қажет болады екен. Ал ішкі істер органдарының құқықтық, кадрлық және басқа да бақылау, қадағалау мүмкіндіктері жеткілікті. Сондай-ақ әкімшілік жазаларды орындауды қамтамасыз етудің қалыптасқан тәжірибесі мен жүйесі бар оларда, – деді елорда әкімінің орынбасары.
Үшіншіден, оның мәліметінше, әкімшілік істерге көбіне денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, адамды ұрып-соғу сияқты қылмыстар ілігеді. Бұлардың қатарына маскүнемдер, нашақорлар, токсикомандар, қит етсе, сом жұдырығын ала жүгіретін оспадарлар, басқасы кіреді.
– Олардың өзіне кесілген жазаларды қалтқысыз орындауын бақылау қарапайым мемлекеттік қызметшілердің қолынан келе бермейді, олардың психологиялық, физикалық денсаулығына қауіп төндіреді. Бұл арнайы дағдылар мен біліктілікті талап етеді. Сондықтан әкімдік ретіндегі ұстанымыз бойынша құқық бұзушының қоғамдық жұмыстар түріндегі әкімшілік жазаны орындауын қадағалау функцияларын ішкі істер органдарына жүктеген дұрыс, – деді Е.Глотов.
Бұл жерде жемқорлық мәселесі де туындайды. Бірақ тіпті пара бермегеннің өзінде, кәнігі қылмыскер өзіне немесе тауып алып, бала-шағасына зақым-залал келтіретінін айтып, қорқытса, қоқан-лоқы жасаса, әкімдіктің қызметкерлері, қыз-келіншектер құқық бұзушының айтқанын істеуге, сұрағанын беруге мәжбүр болуы мүмкін. Өйткені формасы мен погоны бар полиция қызметкерімен салыстырғанда, әкімдік қызметкерлерінің сұсы мен мысы жоқ, арнайы заңда арнайы мәртебесі де, оларды қорғау да қарастырылмаған.
Осылайша, бұл мәселе бойынша мемлекеттік органдардың ұстаным-пікірлері әртүрлі болды. Жік-жік, жақ-жақ болып айтысу жалғасты. Сондықтан жұмыс тобына Үкіметпен бірлесіп мұны бір жағына қарай шығару тапсырылды. Бірақ ол Парламенттің күзде басталатын үшінші сессиясы еншісіне қалғалы тұр.
Айхан ШӘРІП