Қазақ елінің ғана емес, туысқан түркі тілдес халықтардың да мемлекеттілігі, мәдени-ағарту мәселесінде өшпестей із қалдырған тарихи тұлғаның мұрасын түгендеп отыру елдік істің белгісі болса керек. Осы орайда Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Досалы Салқынбекті әңгіме тартқан едік.
– Досалы Исаханұлы, қайраткер азамат Сұлтанбек Қожанұлының еңбек жолы оқытушылықтан басталған екен. Ол кісінің ел мүддесі жолындағы саяси қызметі қай кезеңнен басталды?
– Сұлтанбектің алғаш рет ауылдан жыраққа білім қуып, сапарға шыққаны жөнінде Созақтық көнекөз қариялардан қалған мынадай бір әңгіме бар. Әкесі Сұлтанбекті атының артына мінгестіріп Түркістанға кетіп бара жатқанда, ауылдасы: «Әй, Қожан, қайда барасың?» деп сұраған екен. Сонда Қожан: «Мына балам оқимын деп қоймайды, соны оқуға алып кетіп барам», – дегенде ауылдасы: «Ой, баланы оқытып не қыласың, одан да байдың қозысын, лағын бағып, мал тапсын. Оқығанда «жарты патша» болады дейсің бе?» – депті. Кейіннен Сұлтанбек Қожанұлы үлкен мемлекет қайраткері болғанда әлгі ауылдасы, сол сөзі үшін қатты ұялған екен дейді. Сұлтанбек Қожанұлы 1913-1917 жылдары аралығында Түркістан қаласындағы мұғалімдер семинариясында білім алды. Оны бітіргеннен кейін, мұғалім болып жұмыс істеді. Сол кезеңдегі ел ішінде болып жатқан аласапыран өзгерістерге байланысты қоғамдық-саяси істердің бел ортасынан бірақ шықты. Дегенмен де, қоғамдық-саяси істермен қатар жауапты қызметтерді атқара жүріп ұрпақ тәрбиесі мен жастарға ана тілінде сапалы білім беру ісін қаперден шығармады. Ұдайы баспасөз бетінде білім саласына қатысты мақалалар жазды. Арнайы оқулықтар жазып шығарды. Сұлтанбек Қожанұлының «Балалар білімді де, тәрбиені де өз ана тілінде алуы керек. Жат тіл-тәрбие ісінде қиын, түсінуге ыңғайсыз, құр жол бөгеу. Ұлт мектептері жоқта оқығандардың көбі тілмаштар, арамқорлар болып шықты» – деуінің астарында қаншама шындық жатыр десеңізші.
Сұлтанбек Қожанұлы Түркістан өлкесіндегі Сырдария облыстық орталық атқару комитетінің төрағасы және 1920-1924 жылдары аралығында Түркістан Республикасының Ішкі істер халық комиссары, Түркістан Республикасының оқу-ағарту халық комиссары, Түркістан Республикасының жер-су халық комиссары, Түркістан Республикасының Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары және «Ақ жол» газетінің редакторы сынды жауапты кеңестік, партиялық, қоғамдық қызметтерді атқарып шыңдалды. Сұлтанбек Қожанұлының саяси қайраткерлік тұлғасының жарқырап көрінген кезі осы тұс.
– Сұлтанбек Қожанұлының Алаш қайраткерлерімен қарым-қатынасы қалай болды, сол жайында айтсаңыз...
– Сөз жоқ, 30-жылдардың басында Алаш қайраткерлерінің басына қиын-қыстау заман туғанда оларға қол ұшын беріп, көмектескен азаматтың бірі де Сұлтанбек Қожанұлы. Бұл оның Алаш орда құрамында болмаса да, ұлттық мүдде жолындағы күресте алаштықтармен идеялас, мүдделес болғанын көрсетеді. Осы ортақ мүдде оларды жақындастырды. Қазақ кеңестік автономиясынан пана таппай қуғындалған Алаш қайраткерлер: А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, Х.Болғанбаев, М.Есполов сынды марқасқа қайраткерлерді әртүрлі қызметке алды. Халқымыздың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағына алғысөз жазып, жарыққа шығуына көмегін тигізді. Алашордашыларды жан-жақтан табалап, қуғындап, оларға тас лақтырып жатқанда: «Қазақтар арасындағы төңкеріс туралы мәселе қозғағанда, Абай Құнанбайұлы мен Ахмет Байтұрсынұлын айналып өтуге болмайды. Олар қазақтар арасында төңкерістің дамуына, көп еңбек сіңіргеніне күмән келтіруге болар ма екен? Қазір төңкерісшілердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірттері болып табылады», – деп оларды ашық түрде қорғап шықты. Кейінгі жылдары Сұлтанбек Қожанұлын «ұлтшыл», «топшыл» деп айыптап, үстінен арыз жазушылар мен қуғындаушылар үнемі осы Алаш қайраткерлеріне жасаған қамқорлығын алға тартып, кінәлаған болатын.
– 1924-1925 жылдары Орталық Азия республикаларының аумағында ұлттық-шекаралық тұрғыда межелеу жұмыстары жүргізілді. Сол кезде бұрын Түркістан Республикасына қарап келген, қазақ облыстарын Қазақ автономиясына қосу жұмысының басында да Сұлтанбек Қожанұлы жүрді ғой
– Иә, Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүддесі жолындағы күресінің айқын көрінісі, осы ұлттық аумақтық межелеуді жүргізу барысында көрінді. Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Тәжік, Қарақалпақ халықтарының саяси және экономикалық өміріне тікелей қатысты бұл жауапты шараны өткізу оңайшылықпен іске асқан жоқ. Осы бір жауапты кезеңде Түркістан Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орталық Азия бюросының мүшесі қызметтерін атқарған Сұлтанбек Қожанұлы бұған дейін Түркістан Республикасының құрамында болып келген Сырдария мен Жетісу облыстарының аумағындағы біраз жерлерді «қарпып» қалғысы келген, өзге республикалар басшыларына батыл тойтарыс берді. Сұлтанбек Қожанұлының алға қойған басты талабы Қазақ Республикасын ұлттық республика ету және Ресейдің құрамындағы автономиялы республика емес, КСРО-ға тікелей кіретін одақтас республика ету болды. Қазақ автономиясының құқықтық мәртебесін кеңейтіп, одақтас республикаға айналдыру Қожанов секілді тұлғалардың басты армандарының бірі болатын. Сондықтан осы мәселеге байланысты негізгі дәйектер мен пікірлерді ұсына отырып, қайраткер тұлға Орталық комитеттің атына «Орталық Азиядағы ұлттық межелеуге байланысты, Қазақстан жөнінде» деген қазақстандық комиссияның атынан хат ұйымдастырады. 1924 жылы қыркүйек айының 25-28 күндері аралығында болған РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің екінші пленумының күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелердің бірі Қазақ АКСР-на Түркістанның қазақ аудандарының қосылу жағдайы болды. Пленумға Түркістан қазақтарының атынан қатысқан С.Қожанұлы, С.Есқараев, Ж.Барибаев және Түркістан ОАК-ті Қазақ АКСР-ның өкілі Т.Жүргеновтер ұлттық аумақтық межелеуге, астананы ауыстыру мәселесіне, ұлттық республика құру ісіне байланысты өткір пікірлерін айтып, осы мәселелерді іске асыру жұмыстарын жүргізуге табанды талаптар қойды. Әсіресе, Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мәселесіне байланысты өткір де орынды пікірлері шовинистік өктем оймен уланған Қазақ обкомының мүшелері Равдель, Ежов, Бах сияқтылар тарапынан қарсылыққа ұшырады. Сұлтанбек ұлттық мәселелерді шешуде халқымыздың мүддесін көздеп, «республикамыз ауылшаруашылықты ел, елдің халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады, қазақтар мен орыстардың малы бірдей болғанымен де орыстардың иемденіп отырған жері қазақтарға қарағанда бес есе көп болып отыр» деп ұлттық теңсіздіктің жасалып отырғанына баса назар аударды.
1924 жылы 28 қыркүйекте межелеуге байланысты Сұлтанбек Қожанұлы қортынды сөз сөйлеп, мемлекет үшін саяси және ұлттық маңызы бар мәселелерді шешуде, қорғауда кәнігі қайраткер екенін тағы бір қырынан көрсетті. Сұлтанбек Қожанұлы қорытынды сөзінде ұлттық республика құру мәселесіне тағы да тоқталып: «Мен ұлттық республика құру мәселесі жөнінде тағы да айтқым келді, бұл мәселе барлық өткірлігімен және кеңдігімен қойылуға тиіс. Біз аса қажырлы ғана болған жоқпыз, біз дөрекі де болдық, бірақ Ташкентті ұстап тұра алмадық. Ал енді біз сіздердің алдарыңызда Орынбордан ауысасыздар ма деген сұрақты қоямыз», – деген болатын. Ташкент қаласы жөнінде жасалып жатқан әділетсіздікке көнбей «Мен обкомның үшінші рет Ташкентті бізге қосу мәселесін сұрап отырғанын қолдаймын, бірақ мен бізге Ташкентті емес, Шымкентті де бермей қояма деп қорқамын. Бізге Әулиеата немесе Қазалыны ұсынбаса және бізге Шымкент үшін күресуге тура келер», – деп қортындылайды. РК(б)П Қазақ обкомының II пленумында межелеуді жүргізу жөніндегі және Қазақ халқының болашағы үшін айтылған мәселелер мен қабылданған қаулылардың барлығы да аса маңызды еді. Бірақ межелеу барысында талас тудырған Ташкент қаласы мен Ташкент уезіндегі біршама жердің тағдыры біздің пайдамызға шешілмегені белгілі. Қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени-рухани өмірінде үлкен маңызды орны бар бұл мәселелерді шешуде РК(б)П Қазақ обкомы жалтақтық, жайбасарлық пен табансыздық танытты. Дегенмен де, 1924 жылдың соңында Орталық Азия республикаларының аумағын межелеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, бүкіл қазақ жерлері бір мемлекетке біріктіріліп, Қазақ АКСР-ның қалыптасуы аяқталды. Республикамыздың аумағы 700 мың шаршы километрге жуық ұлғайды, халқымыздың саны 1 миллион 468 мың адамға көбейді. Қазақтар республиканың барлық халқының 61.3% пайызы болып көпшілікке айналды. Осы орайда Сұлтанбек Қожанұлы бастаған халқымыздың ұлтжанды қайраткерлерінің ұлттық аумақтық межелеуді жүргізу жұмысы барысындағы халқымыз үшін қызметін, жер-ана үшін күресіп астын сызып тұрып, үлкен мақтаныш сезіммен айтамыз.
Қайраткер 1924 жылы қараша айында жаңадан құрылған РК(б)П Қазақ обкомының жауапты хатшысы, 1925 жылы ақпан айында Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы болып Қазақстанда 11 айдай ғана қызмет атқарды. Ол өзара тартыстың салдарынан болып отырған аса ауыр саяси келеңсіздіктермен күресті. «Жегі құрттай» іштен жеген топшылдық пен жершілдік, рушылдық алауыздықтар жөнінде 1925 жылы мамыр айында өткен Қазақ өлкелік партия комитетінің алқа мәжілісінде былай деп мәлімдеген болатын: «Қазір біз Қазақстанның ішкі құрылысының қызу практикалық жұмыстарына көштік, соған сай осыған дейінгі тоқырау жағдайында төзуге болған жағдайларға енді төзуге болмайды. Бізге өзіміздің орталығымызды құру, біртұтас қазақ республикасын құру, бұл республиканың ішкі жабдықталуы, Қазақстан шаруаларына қызмет ету жөнінде кезек күттірмейтін шараларды атқаруымыз керек. Осы алдымызда тұрған орасан зор міндеттердің алдында, топшылдыққа төзу, бір-бірінің ізін аңдумен айналысуға жол беру, бастықтарға жағыну, жаулық ниеттегі қандай да бір топтардың қолында тұрған істерді атқаруға жол беру, біздің тарапымыздан қылмыс болып саналады».
Бірақ ішкі алауыздық одан сайын өрши түсті. Біздің «салпаң құлақ желауыздар» жанып тұрған отты, одан әрі үрлей түсіп, Сұлтанбек Қожанұлы секілді қайраткерлердің өзіне «топшылдықтың» жетекшісі деген айдар тағып, орталыққа оның үстінен жалған арыздарды жөнелтіп жатты. Жеке бастың қамын күйттеген қорқаулардың арамза ниетіне орай «жарылқаушы» Мәскеу Қазақ елінің басшылығына Ф.Голощекин секілді қолшоқпарын жіберді. Халқымыз үшін қасіретті қаралы кезең осыдан басталған болатын.
– Сұлтанбек Қожанұлының астананы ауыстыру және Қазақ атауын қайтару мәселесіне де атсалысқан деседі...
– 1925 жылы 15-19 сәуір күндері Ақмешіт қаласында Қазақстан кеңестерінің V құрылтайы өтті. Бұл бүкіл Қазақ жерлері біріктірілгеннен кейінгі өткізілген тұңғыш Бүкілқазақтық құрылтай еді. Жалпы, сәуір құрылтайы туралы сөз қозғағанда қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының еңбегін ерекше атап өтеміз. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүддесі жолындағы бұған дейінгі күресінің бүкіл болмысы ұлттық республика құру, бөлшектенген Қазақ жерінің біртұтастығын қалпына келтіру, ұлт мектебін құру, Қазақстанда мемлекет тілін Қазақ тілі ету жолындағы күресінен көрініс тапса, бүкіл Қазақ жерін біріктіру ісі аяқталғаннан кейінгі жауапты қызметінде Қазақ Республикасының астанасын Қазақ халқы көбірек шоғырланған қалаға ауыстыру ісінде айқын көрінді. Жоғарыда тоқталып өткеніміздей Орталық Азия республикаларының аумағын межелеуді жүргізу барысында Сұлтанбек Қожанұлы Ташкент қаласын Қазақ республикасының астанасы ету жолында аянбай күресті. Өз ойларын Сталиннің алдында дәлелдеп, дәйектеді де. Бірақ Орталық Азия республикаларына қатысты терең ойластырылған зымиян әрекеттерді қолға алған Мәскеу, Сұлтанбек Қожанұлы бастаған қазақ оқығандарының арман-мақсатына кедергі жасап, Ташкент қаласын Өзбекстанға беріп жіберген еді. Ендігі кезекте, Қазақ халқының әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени және экономикалық өмірінің локомотиві болатын астана мәселесін Сталиннің атына жазған хаттарында батыл көтерді және «Ақ жол» газетінің бетінде бірнеше мақала жазды. «Іс жүзінде орындалу керек» деген мақаласында астана жөніндегі ойын: «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, Қазақ ұлт жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамсыз емес. Қазақ қаласы болмағандықтан, Қазақ ұлттық мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, Қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, Қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қалпы қамына керекте шаралар іс жүзінде істелуі қиын», – деп дәйектеген болатын. Сұлтанбек Қожанұлы 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің 2-хатшысы болып істеген кезінде, астана мәселесін батыл түрде күн тәртібіне қойып, оны Қазақ халқы тығыз қоныстанған Ақмешіт қаласына ауыстыруға қол жеткізді. Сұлтанбек Қожанұлының тұлғалық қасиетін, саяси қызметін сөз еткенде халқымыздың тарихи атауын қайтару жолындағы еңбегін айналып өту мүмкін емес. Отаршылар бұрмаланған халқымыздың төл атауын қайтару ісінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және тағыда басқа Алаш қайраткерлері аз еңбек сіңірген жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлы тізе біріктіре отырып шығарған газеттің атауын «Қазақ» деп айқайлатып қоюының астарында терең мән бар еді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, сол кеңестік билік саласында лауазымды қызметкер атқарған С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов сынды қайраткер тұлғалар да бұл мәселені көтерді. Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында Алаш қайраткерлері, Кеңестік билік тарапынан қуғындалып, мұндай саяси аса мәні бар мәселені көтеруге мүмкіндігі болмаса, сол кеңестік билік жағында үлкен лауазым атқарып жүрген қайраткерлер тарапынан батылдық жетпеді. Бұлар тарапынан баспасөз бетінде ұсыныс-пікірлер айтылды, мақалалар да жазылды. Бірақ негізгі мәселе сол ұсыныс-пікірлерден әріге аса алмады. Ұлтымыз үшін мұндай саяси-әлеуметтік аса маңызы бар мәселеде, қайтпас қайсарлық, ұлтжандылық және алған бетінен қайтпайтын табандылық керек еді. Сұлтанбек Қожанұлының бүкіл болмысында мұндай қасиеттер бар болатын. Ол Қазақстан кеңестерінің V құрылтайында сөз алып, батыл түрде халқымыздың дұрыс тарихи атауын қайтаруды, яғни қырғыз атауымен бұрмаланып келген халқымыздың Қазақ атауын қайтаруды күн тәртібіне қойып, Қазақ атауын қайтартқызды. Осы құрылтайда Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау жөніндегі ұсынысты жасаған да Сұлтанбек Қожанұлы болатын.
– Сұлтанбек Қожанұлының тілімізді ұлттық мәдени мұраларымызды қорғау жолындағы қызметі жайында не айтар едіңіз?
– Сұлтанбек Қожанұлының батыл түрде күн тәртібіне қойған келесі бір өзекті мәселелердің бірі, ол мемлекеттік тіл мәселесі еді. Бүкіл қазақ жерінің бірігуі аяқталып, қазақтар өз жерінде көпшілікке айналып, ұлттық мемлекет құруға қадам басқан кезеңінде «Ақ жол» газетінде «Мемлекет тілі Қазақстанда қазақ тілі болмақ. Осы күнге дейін бұған кесір болып келген – Қазақстан халқының көбі орыс болғандығы һәм Үкімет басындағы, кеңсе қызметіндегі қазақ азаматтары орыстыққа жаттығып, орыс болып кеткен адамдар болғандығы. Көбісі қазақша білмейді. Қазақшаны осы күні орыстармен бірге үйреніп жүргендері екінің бірінде көресің» – деп қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына тұсау салып жүргендердің бет-пердесін ашқан болатын. Бір ғасыр бұрын айтылған қайраткер тұлғаның пікірінің бүгінгі күнді де алдымызда тұрғанын қараңызшы! Және Тәуелсіз Қазақстан жағдайында мемлекеттік тілдің өркендеуіндегі тосқауылды жағдайының ертеден бері жазылмай келе жатқан сырқатты жара секілді ауру екенін ашып көрсетеді. Ал жараны емдемесе, оның арты үлкен қатерге ұрындыратыны белгілі жағдай. Сонымен қатар ертеден Түркілер дәуірінен бері ұлттық мейрамымыз, жаңа жылымыз деп тойланып келе жатқан наурыз мерекесін жойып жіберуге тырысқандарға қарсы: «22-інші март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқына тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер дін мейрамы деп жиреніп, лажы болса құртып жіберу керек деп сопышылсынып, аңқау елге арамза молдалық соғатын қазақ коммунист жолдастардан бар екен... Наурыз – жыл басы. Наурыз – күн мен түннің теңеліп, күннің асып кетіп бара жатқан уағына дәл келетін мейрам», – деумен Наурыз мейрамын тәрк еткісі келген «шолақ белсенділерден» қорғап қалады. Бірақ Сұлтанбек Қожанұлы және тағы да басқа ұлтжанды қайраткер қызметтерінен алынып, қуғындалғаннан кейін әлгі «шолақ белсенділер» жарылқаушы Мәскеудің көмегінің арқасында өз дегендеріне жетіп тынды. 1926 жылдан 1988 жылға дейін Наурыз мейрамын атап өте алмай келдік.
– Сұлтанбек Қожанұлы қызметінен алынып, қудалауға түскен кезде Қазақстандағы саяси жағдай қалай өрбіп жатыр еді?
– Жоғарыда атап өткеніміздей Қазақстаннан осындай толассыз жазылған хаттар өкінішке қарай, қараусыз қалдырылған жоқ. 1925 жылы тамыз айында бас хатшы И.Сталин Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығына Ф.Голощекинді жіберді. Ол өз кезегінде хатта көрсеткен «кемшіліктерді», «қателіктерді» түзетуге білек сабына кірісті. Оның ең бірінші қудалаған адамы Сұлтанбек Қожанұлы болды. Сұлтанбек Қожанұлын Мәскеуге шақыртып алдыртқаннан кейін, өзге ұлтжанды қайраткерлерді қудалауға көшті. Сұлтанбек Қожанұлының іс-әрекетіндегі батыл қадамдарды сол кезеңде оның қарсыластары ұлтшылдыққа теңеп, бұрмаласа да, мойындауға мәжбір болды. Ал онымен қызметтес болған және қызмет барысында қарсылас та болған кейбір қайраткерлер оның қадірін кеш түсінді. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов кеңестік биліктің шовинистік саясатына қарсы күрес тәсілін сөз ете отырып: «Жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастықтық орнап отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақы тәсілмен күресті, ал мұнда Шыңғыс ханның тәсілі керек... Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым», – десе екінші бір мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов 1925 жылы қазан айында қайраткер Садықбек Сапарбековке, Сұлтанбек Қожанұлының Қазақстаннан Мәскеуге шақыртылғаннан кейінгі Қазақстанда болған саяси жағдайға байланысты жазылған хатында Қазақ автономиясының ұлттық-мемлекеттік дамуының болашағы, ұлттық мәселенің қойылуы, Қазақстандық партия ұйымдарындағы ішкі партиялық мәселелердің үлкен маңызға ие болып отырғанын сөз ете отырып: «Осы мәселелердің барлығында Сұлтанбектің өзіндік көзқарасы болды. Бұл мәселелердің барлығына ол тактик ретінде келді және оның тактикасының кейбір жағдайларында асыра сілтеушіліктер болды. Бірақ шын мәнісінде, (бұл менің жеке ойым) оныкі дұрыс. Ұлттық межелеу жүргізіліп, Қазақстанның ұлттық кеңестік республика болып қалыптасқан кезеңінде басқаша іс әрекет ету мүмкін емес еді. Сонымен қатар ұлтаралық қарым-қатыныстың шиеленісуі, Қазақ халқының өзінің артта қалғанын, Сұлтанбектің түгелдей жалғыздықта қалған жағдайларын ұмытпауымыз керек», – дейді. Мұны Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүддесі жолындағы қызметіне, ол Қазақстаннан шақыртып алдырылғаннан кейінгі (дұрысы кетірілгеннен кейінгі) қайраткер тұлғалар тарапынан ізін суытпай берген бағалары, өзіндік көзқарастары тұрғысынан деп пайымдасақ та Сұлтанбек Қожанұлының саяси қызметінен мол хабар береді. Сұлтанбек Қожанұлы 1937 жылы 16 шілдеде Өзбекстандық НКВД-ның шешімімен қамауға алынады. Ұзақ уақытқа созылған тергеу ісінен кейін 1938 жылы 8 ақпанда КСРО жоғарғы соты әскери коллегиясы қолдан ұйымдастырылған жалған айып тағып, ату жазасына кесілген болатын.
– Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүддесі жолындағы қызметі бүгінгі күні қаншалықты лайықты бағаланып жатыр?
– «... Мен Сталинмен сөз сайысына түскенде ұлтымның, халқымның ар-намысын қорғаймын деп тайталасқам. Қазақты ешкімге ешбір адам баласына мазақ етпесем дегем...» – деген Сұлтанбек Қожанұлы халқына қызмет етудің айқын үлгісін көрсетті. Батыл да болды, ештеңеден қаймықпады да. Осындай ер тұлғалы азамат көп болғанда халқымызды ешкімнің де қорлығына да, зорлығына да бермес едік. Өкініштісі сол, сол кезеңде билік басында отырған өз қандастарымыздың көпшілігі мансап қуып, соның жетегінде таптық ұранды алға тартып, өз халқына қарсы әрекеттерге барғанын қалай жасырамыз. Қайраткер тұлға Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мүддесі жолындағы қызметін халық арасында, әсіресе жастар арасында насихаттау жұмыстарын кең көлемде жүргізу біздің міндетіміз. Жақында Түркістан облысы Арыс қаласына барғанымда сондағы Сұлтанбек Қожанұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектепке арнайы соғып, алаш ардақтысы, Сұлтанбек Қожанұлының саяси қызметі жайында мектеп оқушыларына дәріс оқып, біраз мағлұматтармен таныстырдым. Яғни, Сұлтанбек Қожанұлының қоғамдық саяси қызметі, ғылыми мұралары жайында Республикалық деңгейде тәлімдік-тағылымдық шараларды осы биылғы жылғы тұлғаның 130 жылдық мерей тойы аясында кешенді жүргізу, атқарған қызметіне тағзым жасау біздің азаматтық парызымыз! Ойымызды халқымыздың біртуар перзенті Мұстафа Шоқайдың «Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айрылмайды деп сенеміз», – деген пікірімен қортындыласақ. Иә, Сұлтанбек Қожанұлы өмірінің соңына дейін ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған қайраткер ретінде, өз ұлтына қалтықсыз қызмет етіп, тұлғалық қасиеттерінен айнымай өтті. Сұлтанбек Қожанұлы сынды арыстарымыздың еңселі де биік тұғыры әрдайым тәуелсіз елімідің биік төрінен көрінсе дейміз! Міне, сондықтан да қайраткер тұлғаның есімі ардақталып, төл тарихымыздың төрінен қашанда өзінің лайықты бағасын алады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ұлағат БЕКБОЛАТ