3 жыл мерзімге есептелген бұл қаржы қоқысты сұрыптаудан бастап, тасымалдау, қайта өңдеуге дейінгі кезеңде жүзеге асырылатын жобаларға бөлінбек. Ендеше әрі экономикалық, әрі экологиялық проблемалардың шешімі болар бұл саланың бүгінгі тынысы қандай?
Қайта өңдеудің де өз машақаты бар
Елімізде жыл сайын қоқыс полигондарына шамамен 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық төгіледі екен. Соның тек 24%-ы ғана қайта өңделеді. Соның өзінде де еліміздегі қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары шикізатқа жарымай отыр. Оның бір себебі – сұрыптау және тасымалдау жұмыстары тыңғылықты жолға қойылмаған. Айталық, кәдеге жарату процесін сұрыптау, жинау, жеткізу және қайта өңдеу деп бөлер болсақ, полигондарға әкімдіктер жауапты, ал іріктеу және жеткізумен шағын бизнес айналысады. Бірақ олардың өндірістік қуаты жеткіліксіз. Коммуналдық қызмет бұл процеске ішінара шаруашылық жолмен көмектескені болмаса, басыбайлы кірісіп кете алмайды. Қайталама шикізат деп пластик, макулатура, шыны сынықтары, резеңке қиындылары, қаңылтырлар және тағы басқаларды айтар болсақ, олар бостан босқа полигондарда шіріп жатыр. Түптеп келгенде, қайта өңдеушілер қиналуда.
«Біздің зауыт құрылғалы бері толық қуатында жұмыс істеген емес. Негізгі проблема – шөлмек сынықтары қат. Мысалы, өндіріске 30% шөлмек сынықтары керек десек, оны біз барынша өз күшімізбен жинауға тырысамыз. Бірақ бәрібір де 10%-ын жинап тапсырушылардан аламыз. Ал «ӨКМ операторы» мекемесі жұмысын тоқтатқалы, олар тым саябырсып қалды. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл салаға көңіл бөлініп жатқанына қуаныштымын. Бірақ бұл жерде кешенді түрде қарастыру қажет. Мәселен, шикізат түрлерінен біз құм мен мәрмәр тасты ғана жергілікті жерден аламыз. Басқасы шетелден келеді. Бірақ «санкциялық соғыс» басталғалы ол да қиындап тұр. Біздің өндіріске шпатл, доломит, сода сынды тағы да басқа өнімдер керек. Ол өнімдерді Қазақстанда да өндіруге болады. Егер осы жолы соны да жолға қояр болсақ, шетелге тәуелділіктен арылар едік. Сол сияқты газ бағасының өсуі, теміржол тарифтерінің өзгеруі де қайта өңдеу саласына теріс әсер етіп отыр. Соның кесірінен, біз нарықта бәсекеге қабілеттілігімізден айырылып қалдық. Өнімдеріміздің өзіндік құны аспандап кетті. Әсіресе, экспортқа шыға алмай қалдық», – дейді «Еврокристал» ЖШС коммерциялық директоры Елена Журавлева.
Шыны құю зауыты Шымкент қаласында орналасқан. Қазір онда екі пеш пен екі желі жұмыс істеп тұр. Өндірістік қуаты – жылына 210 миллион шартты бірлік бұйым. Көлемі 200 миллилитр мен 3 литр аралығында болатын пайдалану аясы кең, түрлі пішіндегі жоғары сапалы шөлмек ыдыстар шығарады. Сол сияқты Ақтөбе қаласында орналасқан Capital Plast Kz ЖШС бүгінде қайта өңделген қағаздан гофра өнімдерін, түрлі қаптамалар мен пакеттер, стақандар, бір рет пайдаланылатын пластик ыдыстар, фольга қалыптар, PET контейнерлер, сорғыш сүлгілер, ланч бокстар және тағы да басқа бұйымдар шығарады. Олардың да бір проблемасы – шикізат.
«Макулатура қабылдайтын компаниялар негізінен еліміздің оңтүстігінде шоғырланған. Оларға өзге өңірлерден қағаз жинап әкелу қымбат. Тіпті, соңғы өнімнің өзіндік құнында тасымалдау үлесі 20%-ға дейін жетіп жатады. Еліміздің батыс өңірінде жиналған макулатуралар жақын болғандықтан Ресейге кетіп жатады. Сол себеп Ақтөбеден макулатура өңдейтін зауыт ашуға ниет етіп отырмыз. Бұл – стратегиялық мәселе, онсыз да жетпей жатқан шикізатты шетелге жібермеуіміз керек», – дейді Capital Plast Kz ЖШС бас директоры Берікхан Санке.
Оның айтуынша, бұл мәселені «қоқыстан қоқысқа дейін» деген цикл аясында қарастыру керек. Ол дегеніміз, қоқыстан шыққан қалдық өңделіп, қайта дайын өнім болып алдыңызға келген соң да қайта қоқысқа кетеді, міне, осы цикл бастан-аяқ қамтылуы қажет. Мұндағы жолға түспей тұрған бір мәселе – сұрыптап жинаумен айналысатын компаниялардың жұмысын жандандыру. Нақтырақ айтқанда, олардың саны аз, соны көбейту қажет. Шындығын айтқанда, елімізде бар өндірістік қуаттың өзін ұстап тұру мұңға айналып отыр. Елімізде ПЭТ (полиэтилентерефталат) қалдықтарын өңдейтін 12-ге жуық кәсіпорын бар десек, олар 25-30%-ы ғана жүктемемен жұмыс істеуде. Ал басқа қоқыстармен араласып, шашылып жатқан шикізат полигондарда көміліп қалуда.
«Тағы бір мәселе – көрші елдермен салыстырғанда бұл салада сауда шарттары тең емес. Мәселен, Өзбекстан ПЭТ қалдықтары мен қайта өңделген материалдарды экспорттауға тыйым салған. Бұл олардың өңдеушілерін қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Өйткені аталған қалдықтарды геотекстиль, геокомпозит, геомембрана сынды құрылыс материалдарын өндіруге пайдаланып, тоқыма өнеркәсібіне арналған штапельді талшықтар жасауға, ПЭТ контейнерлерін құрастыруға болады. Сондай-ақ оны флекс түрінде шетелге экспорттаса, қомақты қаржы. Мұның сыртында шикізат пен дайын өнімге әртүрлі кедендік ставкалар мен валюта бағамындағы айырмашылықтардан туындаған демпинг проблемасы бар. Нәтижесінде, мұндай факторлар қазақстандық қайта өңдеушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, нарықтағы үлесін жоғалтуға алып келіп отыр», – дейді ол.
Мұндағы мәселеге кешенді түрде қарау керек дегенде, қоқысты сұрыптауды әрбір үйден бастаған дұрыс сияқты. Олар қоқыс тастайтын контейнерлерде целлофаны мен пластигі бөлек, қағазы мен қаңылтыры бөлек, резеңкесі мен шынысы бөлек іріктеліп тұрса, құба-құп. Бірақ азаматтарымыздың қоршаған ортаны қорғау мәдениеті төмен болғандықтан, атқарушы билік бұл тұста дәрменсіз.
Үкімет шындап бет бұра бастады
Сонымен, Үкімет экологиялық қана емес, экономикалық та проблеманың бір тетігі саналатын бұл салаға ден қоя бастады. Экология министрлігі 2024-2026 жылдарға бағдарлама дайындап, 200 млрд теңге субсидия бөліп отыр. Бұл Қазақстан тарихында болмаған нәрсе. «2030 жылға дейінгі жасыл экономикаға көшу концепциясына» сәйкес, қоқыс полигондарында төгілетін қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға жеткіземіз деп отыр.
«Еліміздің қоқыс полигондарына төгілетін 100 мың тонна пластиктің тек 3,5 мың тоннасы ғана қайта өңделеді екен. Ал қалған 96,5 мың тоннасы қайда кететіні белгісіз Егер сыртқа әкетілген болса, құжаты болу керек. Жерге көмілген болса, онда Экологиялық кодекске қайшы. Бұл заңнаманың бір тұстары толық жұмыс істемей тұр дегенді білдіреді», – дейді «Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы, «KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Батырбек Әубәкіров.
Сол себепті қауымдастық ұзақ жылдардан бері полигондар мен отандық қайта өңдеушілердің арасында орнықты байланыс орнату, салықтар мен кредиттер бойынша преференциялар беру, Қазақстанның барлық қалаларында отандық қайта өңдеушілердің қатысуымен қоқыс сұрыптау желілерін іске қосу, тіпті осы саладағы мәселелердің барлығын қамтитын Жол картасын әзірлеу жөнінде мәселе көтеріп келген екен.
«Осы ретте бүгінде оң шешімдер бар, мысалы, EcoQolday бағдарламасы жақсы нәтиже беріп жатыр. Наурыз айында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы «жасыл» жобаларға жылдық 3%-бен кредит беру туралы Үкімет қаулысы күшіне енді. Соның аясында Экология министрлігі 2024-2026 жылдарға бағдарлама дайындап, «Жасыл даму» арқылы саланың дамуы үшін 200 млрд теңге субсидия бөліп отыр. Соның негізінде бүгінде аймақтар бойынша 94 жобадан тұратын пулл жасақталды. Оның 37-сі алдын ала мақұлдаудан өтті. Десе де, бұл қаржы тек «жасыл» жобаларға қарастырылғанын баса атап өткім келеді», – дейді ол.
Елімізде сұрыптау, жинау, жеткізуді негізінен шағын бизнес жүзеге асырады. Онда да негізінен тиын санап отырған жеке кәсіпкерлер. Ал олардың жинаған қалдығының әрбір грамынан пайда іздейтіні белгілі. Сол себепті бертінге дейін батыс Қазақстандағы макулатура жинаушылар оны Шымкент, Алматыны алыссынып, Ресейге өткізіп келген болатын.
«Шикізатсыз қалған қайта өңдеушілерді қорғау үшін Үкіметке қайта-қайта хат жазып, қайта өңдеуге жататын қалдықтарды шекарадан өткізбеуді сұрадық. Соның арқасында елімізден макулатура мен пластикті алып шығуға тыйым салынды. Одан соң қалдықтарды жинап, тапсырушыларды мемлекеттен субсидиялау тетігі енгізілді. Осылайша, тыйым салу мәселесі өзімен өзі шешімін тапты. Өйткені жинаған қалдығын тапсырып, ақшасын бір алған қалдық тапсырушылар мемлекеттен субсидиясын тағы алып, пайдаға кенеле түсті. Ал қайта өңдеушілерге өнімін өткізуге мүмкіндіктер жасадық. Яки, мемлекеттік органдардың барлығын Қазақстанда шығатын кеңселік қағаздарды сатып алуды міндеттедік. Осылайша, жинаушы-тапсырушы, қабылдаушы-өңдеуші тарап тиімді позицияға шығып, салаға жан біте бастады», – дейді Батырбек Теміртасұлы.
Қоқысты кәдеге жаратуда Қызылорда ерлеп тұр
Қызылорда облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Былтыр 166 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы немесе 27,5%-ы өңделген екен. Облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасымалдау жұмыстарын атқаратын 49 арнайы техника алынған. Бұл туралы бізге Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев айтып берді.
«Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда құны 36 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асырылмақ. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен Қызылорда қаласы толық қамтылады. Бүгінде инвесторлар анықталған. Айта кетсек, қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады, 1 жобаға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралған», – деді ол.
Жобалар толық жүзеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жылына 380 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтеді. Одан құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны шығарылмақ.
«Қазір Қызылорда қаласында құны 33 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника, 3 мың еуроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылады. Осылайша, полигонның қалдық қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды. Бұдан бөлек, шыны ыдыстар өндіруде 1 жоба іске асырылады. Жоба құны – 29 млрд теңге. Қуаттылығы – жылына 220 млн шыны ыдыс. Зауытқа шикізат ретінде жиналған шыны қалдықтары қолданылады», – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Қалай болғанда да, алдағы үш жылда қайта өңдеу саласына жаңа тыныс біткелі отыр деуге болады. Ендеше қайталама шикізатты сатып алуда қазақстандық өңдеушілер басымдыққа ие болуға тиіс. Осылайша, ел бюджетіне түсетін түсімдердің ұлғаюына және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ете аламыз. Табыстың бір көзі – қоқыс. Оны өркениетті елдер әлдеқашан дәлелдеп тастаған.
Нұрлан ҚОСАЙ