Жер бетінде жаратылыс жұмбағы аз емес. Әсіресе, тарихи орындар мен Табиғат-Ананың тумаларына қатысты құпиясы беймәлім, тылсымға толы орындар жетерлік.
Әулиебастау – дертке дауа
4,480
оқылды

Оның бірі есте жоқ ескі заманнан сыр шертсе, енді екіншісі ерекше қасиетімен таңғалдыруда. Сондай жердің  бірі – Жамбыл облысында орналасқан Әулиебастау бұлағы. 

Әулиебастау бұлағы ежелгі «Әу­лие­бастау» қалашығының маңын­да ағып жатыр. Қалашық мем­ле­кет­­тік тарих және мәдениет ескер­т­кіш­те­рі­нің тізіміне, сондай-ақ  «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­­сында «Қазақстанның киелі жер­ле­рі­нің географиясы» жобасы бойынша Қа­зақстанның өңірлік қасиетті нысан­дар қатарына алынған.

Әулиебастау қалашығы мен бұлағы Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауы­лынан он үш шақырым, Тараз-Қа­ра­­бастау тасжолының солтүстік жа­ғын­да бір шақырым қашықтықта орнал­ас­қан. Қалашық шамамен VІ-ХІІІ ға­сыр­л­арда бой көтерген деген болжам бар.

Қалашықта ХІХ ғасырдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, топографиялық құрылымы анықталған. Қалашық  Орталық Азияға іссапармен келген В.Бартольдтың жазбаларында «Абдуррахман» деген атпен берілген.

Әулиебастау қалашығының геог­ра­фиялық жағынан өте ыңғай­лы жерде орналасуы оның Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалалардың бірі болғанын байқатады. Себебі көш­пелі және отырықшы мәдениеттердің то­ғысқан жері Шу мен Талас аймақтары да­ми келе үлкен сауда ошағына, Қы­тай­дан Еуропаға өтетін үлкен керуен жо­лы­ның дәлізіне айналды. Әулиебастау қа­лашығы да алғашында Батыс Түрік қа­ғанатының саяси-экономикалық маңы­зы бар қалаларының бірі ретінде не­гізі қаланған. Саяси талас-тартыстар нә­тижесінде Әулиебастау қалашығы өз дәуі­рінде  талай оқиғаны бастан өтке­ріп, құлдырауды да, өрлеуді де көрген. Түркі тайпалары құрған мемлекеттердің қаласы ретінде тарихта қалды.

Қала орны төбе болып үйіліп жатқан ба­тыс және шығыс бөліктерден тұрады. Ба­тыс бөлігі 85х87 метр, шығысы 100х130 метр, биіктігі 9 метр болатын үйінді алаң түрінде сақталған.

Әулиебастау қалашығының оңтүс­тік-батыс жағындағы жарылған жартас­тың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақ­тың суынан қалашықтың іргесінде көл­шік пайда болған. Бұлақтың ерек­шелігі  суы жыл бойы бір  температурада ғана ағып жатады. Яғни, жазда да, қыста да жер астынан жылы су шығатындық­тан, суы мүлде қатпайды.  Бұлақтың суы аса маңызды минералдар мен мик­роэ­лементтерге бай. Көптеген науқас осы бұлақ суына шомылу арқылы дертіне дауа тапқан.  

Жергілікті тұрғындардың айтуын­ша, судың емдік қасиеті соншалық  оны тұтынған адам ерекше күшке ие болады екен. Тіпті, бұлақ суын ішіп, шомылған­нан кейін аяғын әрең басып келген нау­­қастардың жүгіріп кеткенін көрген­дер бар.  

Қыр етегінде ағып жатқан кәусар бұ­лақтың дәмі де ерекше. Тағы бір адам сенгісіз жағдай –  бұлақтың  суына кү­міс бұйымдармен шомылсаң, біраз уа­қыт­тан кейін сол күміс  жалтырап таза­рып шыға келеді. Сондықтан бұлақ жер­­­­гілікті халық арасында «Әулиебұлақ»  деп аталып кеткен.

Бүгінде қасиетті бұлаққа келу­ші­лер­дің қатары көбейген. Әсіресе, жаз мез­гі­лінде дертіне дауа іздеп келетіндердің қара­сы қалың. 

Алайда  кейінгі кезде «Әулиебастау бұ­лағын қалталы бір кәсіпкер жеке­мен­шікке айналдырып алмақшы» деген әң­гіме шығып, халық дүрлікті. Кәсіпкер бұ­лақтың суын тұтынуды ақылы қылып, бизнеске айналдыруды көздеген.

– Бұл бұлақтың суы көз ауруы мен ас­қазанға ем. Жазда адам қарасы мүл­дем үзілмейді. Қыста адамдар бұлақ суын үйіне алып кетіп ішеді. Қалың қар­да суға түсетіндер де бар. Біз осы жер­дің тазалығына қараймыз. Көлдің қа­сында отырған соң келімді-кетімді ел-жұрттан ұят болмасын дейміз. Же­кеменшік болғаны мүлдем дұрыс емес. Мы­на жақтағы «Таскөл» көлі жекемен­шік­ке өткен. Оған кіру үшін 5 мың теңге тө­леу қажет. Ақыры ешкім бармай қой­ды.

Мына жерде адамдар емін-еркін де­­­­малады. Балық аулап, бұлақтың кө­ліне де шомылып кетеді. Біз келген қо­нақ­тарға таза ұстауды өтінеміз. Жаз­ды күні бие сауамыз. Сол кезде ел-жұрт біз­ден қымыз ішеді, – дейді бұлаққа бас-көз болып жүрген шаруа Ербол Тұр­ғынбеков.

Әулиебастау бұлағының же­кеменшікке өтуіне  қатысты ел ішін кезіп жүрген әңгіменің анық-қа­ны­ғына көз жеткізу мақсатында Ай­ша би­бі ауылдық округінің әкімі Дармен Дәу­летовке хабарластық. 

– Әулиебастау бұлағы жергілікті әкі­м­діктің теңгерімінде. «Жеке­мен­шік­ке өткелі жатыр» деген дүние – бос  қауе­­­сет. Әкімдік тарапынан Әулиебастау бұ­лағының айналасына отыратын орын­дықтар қойылып, оның тарихы ту­ралы сыр шертетін тақтайшалар ор­на­тылды. Осылайша, біз бұлақтың сақ­талуына барынша күш салып жатырмыз. Ал басқа әңгімелер шындыққа жанас­пай­ды, – дейді округ әкімі.

Жел тұрмаса, шөптің басы қи­мыл­­дамайтыны белгілі. Қазір қал­­­­­талы азаматтар қоныштан басып, мем­­лекеттік жерді меншіктеп алып жат­­­­­­­қанын көз көруде. Оған қоса, Әу­лие­бастау бұлағының маңындағы «Тас­көл» көлі жекеменшікке өтіп кеткенін ел­дің өзі айтып отыр. Демек, бұлақтың же­кеменшікке өтуі бұқара бас кө­тер­геннен кейін басылған секілді. 

Тұрғындар Әулиебастау бұлағына қа­тысты тағы бір тылсымды айтып бер­ді. Олардың сөзіне сүйенсек, бір жыл­да­ры бұлақты дәулетті азамат жеке­мен­шігіне алған көрінеді. Жан-жағын қор­­­шап, бұлаққа адам аяғын бастырмай қойыпты. Алайда бұлақтың айналасы қор­шалған күні бұлақ суы тартылып, мүл­де ақпай қойған екен. Кейін кәсіп­кер ақылға келіп, бұлақ қоршауларын ал­ғаннан кейін су қайтадан аққан. Бұ­ған таңғалған кәсіпкер бұлақты мем­ле­кетке кері қайтарып берген.

Бұл – ел ішінде аңызбен астасып жүр­­ген әңгіме. Алайда жергілікті билік өкіл­дері бұлақ ешқашан жекеменшікке өт­пегенін айтады. Кім біледі, бәлкім бұл да «құпия құлпына» таңылған ақпар шығар...

Жалпы, Тараз қаласы мен оған жа­қын орналасқан елді мекендерде бір­не­ше бұлақ бар. Халық сол бұлақ суын бү­гінде тұтынып келеді. Елдің айтуын­ша, бұлақ суын қайнатсаң, су құйылған ыдыстың қағын қағып түсіреді екен. Сондай-ақ бұлақ суында темірдің мол құрамы болуына байланысты салмағы ауыр әрі ұйытылған айрандай қою құйы­лады. Суда темірдің мұндай мөл­шерде болуы денсаулыққа таптырмас ем дейді білетіндер.

Иә, Жамбыл жерінде суы қасиетті, дерт­ке шипа осындай бұлақтар бар. Алай­да оны жамбылдықтардан басқа көп адам біле бермейтіні анық. Сон­дық­тан бұл маңда туристік кластерді да­мытқан абзал. Сондай-ақ жарнама жа­ғын да дұрыс жолға қойған жөн. Сон­да өңірдің қасиетті орнын таныта оты­рып, туризмнің де түтінін тік ұшыра тү­­­­­семіз...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы