Оның бірі есте жоқ ескі заманнан сыр шертсе, енді екіншісі ерекше қасиетімен таңғалдыруда. Сондай жердің бірі – Жамбыл облысында орналасқан Әулиебастау бұлағы.
Әулиебастау бұлағы ежелгі «Әулиебастау» қалашығының маңында ағып жатыр. Қалашық мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар қатарына алынған.
Әулиебастау қалашығы мен бұлағы Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауылынан он үш шақырым, Тараз-Қарабастау тасжолының солтүстік жағында бір шақырым қашықтықта орналасқан. Қалашық шамамен VІ-ХІІІ ғасырларда бой көтерген деген болжам бар.
Қалашықта ХІХ ғасырдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, топографиялық құрылымы анықталған. Қалашық Орталық Азияға іссапармен келген В.Бартольдтың жазбаларында «Абдуррахман» деген атпен берілген.
Әулиебастау қалашығының географиялық жағынан өте ыңғайлы жерде орналасуы оның Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалалардың бірі болғанын байқатады. Себебі көшпелі және отырықшы мәдениеттердің тоғысқан жері Шу мен Талас аймақтары дами келе үлкен сауда ошағына, Қытайдан Еуропаға өтетін үлкен керуен жолының дәлізіне айналды. Әулиебастау қалашығы да алғашында Батыс Түрік қағанатының саяси-экономикалық маңызы бар қалаларының бірі ретінде негізі қаланған. Саяси талас-тартыстар нәтижесінде Әулиебастау қалашығы өз дәуірінде талай оқиғаны бастан өткеріп, құлдырауды да, өрлеуді де көрген. Түркі тайпалары құрған мемлекеттердің қаласы ретінде тарихта қалды.
Қала орны төбе болып үйіліп жатқан батыс және шығыс бөліктерден тұрады. Батыс бөлігі 85х87 метр, шығысы 100х130 метр, биіктігі 9 метр болатын үйінді алаң түрінде сақталған.
Әулиебастау қалашығының оңтүстік-батыс жағындағы жарылған жартастың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың суынан қалашықтың іргесінде көлшік пайда болған. Бұлақтың ерекшелігі суы жыл бойы бір температурада ғана ағып жатады. Яғни, жазда да, қыста да жер астынан жылы су шығатындықтан, суы мүлде қатпайды. Бұлақтың суы аса маңызды минералдар мен микроэлементтерге бай. Көптеген науқас осы бұлақ суына шомылу арқылы дертіне дауа тапқан.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, судың емдік қасиеті соншалық оны тұтынған адам ерекше күшке ие болады екен. Тіпті, бұлақ суын ішіп, шомылғаннан кейін аяғын әрең басып келген науқастардың жүгіріп кеткенін көргендер бар.
Қыр етегінде ағып жатқан кәусар бұлақтың дәмі де ерекше. Тағы бір адам сенгісіз жағдай – бұлақтың суына күміс бұйымдармен шомылсаң, біраз уақыттан кейін сол күміс жалтырап тазарып шыға келеді. Сондықтан бұлақ жергілікті халық арасында «Әулиебұлақ» деп аталып кеткен.
Бүгінде қасиетті бұлаққа келушілердің қатары көбейген. Әсіресе, жаз мезгілінде дертіне дауа іздеп келетіндердің қарасы қалың.
Алайда кейінгі кезде «Әулиебастау бұлағын қалталы бір кәсіпкер жекеменшікке айналдырып алмақшы» деген әңгіме шығып, халық дүрлікті. Кәсіпкер бұлақтың суын тұтынуды ақылы қылып, бизнеске айналдыруды көздеген.
– Бұл бұлақтың суы көз ауруы мен асқазанға ем. Жазда адам қарасы мүлдем үзілмейді. Қыста адамдар бұлақ суын үйіне алып кетіп ішеді. Қалың қарда суға түсетіндер де бар. Біз осы жердің тазалығына қараймыз. Көлдің қасында отырған соң келімді-кетімді ел-жұрттан ұят болмасын дейміз. Жекеменшік болғаны мүлдем дұрыс емес. Мына жақтағы «Таскөл» көлі жекеменшікке өткен. Оған кіру үшін 5 мың теңге төлеу қажет. Ақыры ешкім бармай қойды.
Мына жерде адамдар емін-еркін демалады. Балық аулап, бұлақтың көліне де шомылып кетеді. Біз келген қонақтарға таза ұстауды өтінеміз. Жазды күні бие сауамыз. Сол кезде ел-жұрт бізден қымыз ішеді, – дейді бұлаққа бас-көз болып жүрген шаруа Ербол Тұрғынбеков.
Әулиебастау бұлағының жекеменшікке өтуіне қатысты ел ішін кезіп жүрген әңгіменің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Айша бибі ауылдық округінің әкімі Дармен Дәулетовке хабарластық.
– Әулиебастау бұлағы жергілікті әкімдіктің теңгерімінде. «Жекеменшікке өткелі жатыр» деген дүние – бос қауесет. Әкімдік тарапынан Әулиебастау бұлағының айналасына отыратын орындықтар қойылып, оның тарихы туралы сыр шертетін тақтайшалар орнатылды. Осылайша, біз бұлақтың сақталуына барынша күш салып жатырмыз. Ал басқа әңгімелер шындыққа жанаспайды, – дейді округ әкімі.
Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Қазір қалталы азаматтар қоныштан басып, мемлекеттік жерді меншіктеп алып жатқанын көз көруде. Оған қоса, Әулиебастау бұлағының маңындағы «Таскөл» көлі жекеменшікке өтіп кеткенін елдің өзі айтып отыр. Демек, бұлақтың жекеменшікке өтуі бұқара бас көтергеннен кейін басылған секілді.
Тұрғындар Әулиебастау бұлағына қатысты тағы бір тылсымды айтып берді. Олардың сөзіне сүйенсек, бір жылдары бұлақты дәулетті азамат жекеменшігіне алған көрінеді. Жан-жағын қоршап, бұлаққа адам аяғын бастырмай қойыпты. Алайда бұлақтың айналасы қоршалған күні бұлақ суы тартылып, мүлде ақпай қойған екен. Кейін кәсіпкер ақылға келіп, бұлақ қоршауларын алғаннан кейін су қайтадан аққан. Бұған таңғалған кәсіпкер бұлақты мемлекетке кері қайтарып берген.
Бұл – ел ішінде аңызбен астасып жүрген әңгіме. Алайда жергілікті билік өкілдері бұлақ ешқашан жекеменшікке өтпегенін айтады. Кім біледі, бәлкім бұл да «құпия құлпына» таңылған ақпар шығар...
Жалпы, Тараз қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендерде бірнеше бұлақ бар. Халық сол бұлақ суын бүгінде тұтынып келеді. Елдің айтуынша, бұлақ суын қайнатсаң, су құйылған ыдыстың қағын қағып түсіреді екен. Сондай-ақ бұлақ суында темірдің мол құрамы болуына байланысты салмағы ауыр әрі ұйытылған айрандай қою құйылады. Суда темірдің мұндай мөлшерде болуы денсаулыққа таптырмас ем дейді білетіндер.
Иә, Жамбыл жерінде суы қасиетті, дертке шипа осындай бұлақтар бар. Алайда оны жамбылдықтардан басқа көп адам біле бермейтіні анық. Сондықтан бұл маңда туристік кластерді дамытқан абзал. Сондай-ақ жарнама жағын да дұрыс жолға қойған жөн. Сонда өңірдің қасиетті орнын таныта отырып, туризмнің де түтінін тік ұшыра түсеміз...
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы