Павлодардағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында әйеліне қол көтерген ер адам қамауға алынды. Ол ұсақ бұзақылық дерегі бойынша жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық сот мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ер адамның әйелін тұрғын үйдің алдында ұрып, балағаттап жатқанын көршілері видеоға түсіріп алған. Оны Telegram-дағы арналардың бірі жариялады. Облыстық соттың ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, 17 мамырда Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Павлодар қаласының тұрғынына қатысты ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған.
"Сот отырысында Павлодар қаласының тұрғыны 16 мамырда сағат 02:00 шамасында қоғамдық орында әйелімен жанжалдасып былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзғаны анықталды. Оның кінәсі өзінің мойындауымен, әйелінің және полиция инспекторының айғақтарымен, сонымен қатар бейнежазбамен дәлелденді", – делінген сот хабарламасында.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.