Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Түрік Республикасы Ұлы ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушпен кездесті.
Мәжіліс Спикері Түркия парламенті басшысымен парламентаралық ынтымақтастықты талқылады
475
оқылды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Түрік Республикасы Ұлы ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушпен кездесті.

Ерлан Қошанов Қазақстан мен Түркияны ғасырлар бойы ортақ рухани және мәдени құндылықтар біріктіріп келе жатқанын атап өтті.

Екі ел басшыларының берік достығы, үндескен саясаты қазақ-түрік қарым-қатынасын жаңа белеске көтеруге ерекше қарқын беруде. Біздің президенттеріміздің тұрақты кездесулері – осының айқын дәлелі. Біз Парламент тарапынан жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов түрік әріптестеріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық, саяси реформалар туралы айтып берді. Ол бүгінде Қазақстанда мемлекеттік биліктің барлық тармағын тепе-теңдікте ұстайтын жаңа саяси жүйе қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Палата Төрағасы Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканың екі есе өсуін көздейтін жаңа экономикалық саясаты туралы да айтты. Мәртебелі меймандарға Мәжілістің заң шығару қызметі туралы ақпарат берілді. Тараптар екі ел депутаттары достық топтарының жұмысы туралы да пікір алмасты.

Өз кезегінде Нуман Куртулмуш Түркия Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын толық қолдайтынына назар аударды.

– Бұл – демократия жолындағы батыл қадамдар. Соның арқасында Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен рөлі нығая түседі. Халықтарымыздың арасында тығыз әрі көп қырлы байланыс орнықты. Түркия мен Қазақстан көшбасшыларын достық және шынайы қарым-қатынас байланыстырады. Мемлекеттеріміз арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік алдағы уақытта да көптеген салада әлеуетті жобаларды іске асыруға септігін тигізетініне сенімдімін. Біз Парламенттің де, көпжақты парламенттік ұйымдардың да өзара іс-әрекетін арттыруға дайынбыз, – деді Түрік Республикасы Ұлы ұлттық Мәжілісінің төрағасы.

Кездесу барысында Мәжіліс Спикері түрік халқына су тасқыны кезінде Қазақстанға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Түркия Республикасының 100 жылдығына орай өткен жылы Астанада Анадолы көшесі, Шымкентте Түркия даңғылы мен саябақ ашылғанын, Алматыда Мұстафа Ататүрікке ескерткіш орнатылғанын еске салды.

Жиын соңында Ерлан Қошанов Ұлы ұлттық Жиналыс төрағасының ресми сапары саяси диалогті нығайтып, Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.