Астанада әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Білім басқар­масының қолдауымен «Астана дары­ны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау ор­талығы ұйымдастырған экофес­тиваль өтті. Іс-шараның мақсаты – мек­­теп оқушыларының назарын эко­­­логия мәселелеріне аудару.
Экосананы қалыптастырған фестиваль
614
оқылды

Астана әкімдігінің дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау жөніндегі директоры Жанар Бейсенбаева Мемлекет басшысының бас­тамасымен «Таза Қазақстан» респуб­лика­лық экологиялық акциясы аясында өткі­зілген қалалық экофесттің оқушылар үшін маңызын айтып берді. 

– Іс-шараның басты –  мақсаты оқу­шы­лардың бойында экологиялық мә­де­ни­­ет­ті қалыптастыру және оқушыларды елордадағы экологиялық мәселелерді ше­шуге тарту, табиғатқа ұқыпты қарым-қатынас жасау арқылы тұрмыстық қал­дықтарды қайта өңдеп, жаңа дүние жа­сауға болатынын түсіндіру. Бұл балалар­дың ойлау қабілетін жақсартып, ұсақ мо­торикасын дамытуға көмектеседі. Жиыл­ған оқушылар экология тақыры­бында шеберлік сыныптарын, макеттерді, ғылыми жобаларын көрсетіп, экология­лық проблемаларға өз шешімін ұсынды. Яғни, қайталама шикізаттан жасалған туындыларын жасап, қоқыстарды кәдеге асыра алды. Сонымен қатар көрмеде күнделікті өмірде қолдануға болатын өте әдемі экспонаттар бар. Бүгін елорданың барлық 97 мемлекеттік мектебі мен 50-ден астам жекеменшік оқу орнының оқушы­лары жиналғанын атап өткім келеді, – деді Жанар Бейсенбаева.

Сағат 16.00-ге дейін созылған экофест бағдарламасы түрлі форматтағы іс-шара­ны қамтыды: ғылыми жобалардың тұсау­кесерлері, тұрмыстық қалдықтардан жа­сал­ған қолөнер бұйымдары, «Fashion шоу», «Экожаз» концерттік бағдарламасы және тағы басқалар. №91 мектептің оқу­шысы Темірлан Мұздыбаев өзі жасаған сен­сорлы қоқыс жәшігімен таныстырды.

«Сенсорлы жәшікті қаладағы мектеп­терге орнатқым келеді, бұл арқылы кез кел­­ген адам кішкентай кезінен бастап қоқыстарды сұрыптауды үйренетін еді. Қағазға, қатты тұрмыстық қалдықтарға, пластикке және әйнекке арналған арнайы контейнерлер бар. Батареялар мен орга­никалық қалдықтар да бөлек сұрып­тала­ды. Жәшікке түскен қалдықтарды кейін қайта  өндіруге болады. Мысалы, өңдеуден өткен қоқыстардың ішіндегі компост ауыл шаруашылығы үшін маңызды. Осы идеямдағы жұмыстың макетін жасауға бір айға жуық уақыт кетті», – дейді ол.

Сонымен қатар кең аудиторияға ар­налған экофесттің әр бөлімі бойынша №15 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Томирис Есімнің «Қыс ханшайымы» кос­тюмі, Астана қаласының №6 гимна­зия­сының 10-сынып оқушылары Марья Төлеу мен Таслима Сағитованың материал қалдықтарынан және пластикалық бө­тел­келерден жасалған бітіру кешіне ар­налған көйлегі, №67 гимназияның оқу­шы­лары Жансая Ахметова мен Шагал Аб­дель аутизмі және сал ауруы бар бала­ларға арналған оңалту орталығының ма­кеті және осыған ұқсас ерекше туындылар ұсынылды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ