Жиналған 13 млн теңгеге жуық қаражат балабақшаларда аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағытталады. Іс-шараны «Болашақ» корпоративтік қоры Астана қаласы әкімдігінің және серіктестерінің қолдауымен ұйымдастырды.
Жүгіріс 1 шақырым, 2,5 шақырым, 5 және 10 шақырым – төрт қашықтық бойынша өтті. Қатысу бағасы 5 990 теңгеден бастап 8 990 теңгеге дейін болды. Марафонға Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степногорск, Талдықорған, Шахтинск, Ақтөбе, Семей, Арқалық, Атырау, Қостанай қалаларынан барлығы 2 330 адам қатысты. Шараның құрметті қонағы және жарысқа қатысушы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев болды.
– Run for Autism – жай спорт жарысы емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға және ауылдарымыз бен қалаларымызда инклюзивті орта қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгін біз осы жарыс арқылы еліміздегі әр балаға ерекше қажеттілігіне қарамастан білім алып, дамуы үшін тең мүмкіндіктер беру жолында тағы бір маңызды қадам жасап отырмыз. Баршаңызды осындай игі бастаманы қолдауға, әр баланың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасалған инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосуға шақырамын, – деген Мәулен Әшімбаев жарысты ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Жарысқа кәсіби спортшылар, бочча бойынша параспортшылар, ым тілі спортшылары, әуесқойлар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, 120-дан астам ерекше қажеттіліктері бар балалар, ата-аналар және т.б. қатысты. Алматы, Ақтау, Екібастұз, Орал, Қарағанды, Петропавл, Қосшы және т.б. қалаларынан 24 адам марафонға онлайн қатысты.
Мәреге жеткен барлық қатысушы естелік медальдарға ие болды, ал әр қашықтық бойынша жеңімпаздар дипломдар мен медальдармен марапатталды. Әрбір жүгірушіге шоппер, футболка, жүгіріске арналған нөмір, ұтыс ойыны үшін нөмірі, тамаққа талон, бағдарлама және спорттық батончиктен тұратын жинақ табысталды.
Іс-шара аясында аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старт» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді. Оған аутизм бар, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, Даун синдромы бар және т.б. 5-14 жас аралығындағы 100-ден астам бала қатысты. Эстафета аяқталған соң балаларға медаль және іс-шара серіктестерінен сыйлық табысталды.
«Run for autism – аутизм бойынша зерттеулерді қолдау үшін қаражат жинауға арналған халықаралық бастама. Олар әртүрлі форматтарда өткізіледі: марафон, жартылай марафон, триатлон, жүгіріс және т.б. Бұл іс-шара әлемнің ең ірі қалаларында өткізіледі: Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Чикаго, Питсбург және т.б. Біздің қор бұл халықаралық тәжірибені алғаш рет елімізде енгізді. Былтыр біз алғашқы Run for autism жүгірісін өткіздік. Жиналған қаражатқа біз елорданың балабақшаларында үш инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтадық. Бір кабинетті жабдықтауға шамамен 2 млн теңге жұмсалады. Бұл сомаға ерекше балалардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға арналған жиһаз, оргтехника және көмекші оқыту материалдарды сатып алу кіреді. Бүгін жиналған қаражатты да біз балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағыттаймыз. Өйткені инклюзияны ерте жастан бастаған жөн. Бұл жағдайда менталдық бұзылыстары бар баланың болашақта сәтті оқуға және әлеуметтенуге мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Осындай ауқымды шараға қолдау көрсеткен демеушілеріміз бен серіктестерімізге алғысымыз шексіз. Жыл сайын жарысқа қатысушылардың саны артып келеді, бұл – ақпарат көбірек адамға таралады деген сөз. Біз қоғамның барған сайын ашық болып келе жатқанына қуаныштымыз. Біз мүмкіндігінше көп адамның аутизм туралы көбірек білсе, ал инклюзия мәселелері барлық деңгейлерде шешілсе дейміз», – деді «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесі төрайымы Динара Гаплан.
2015 жылдан бері «Болашақ» қоры Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алғанын айта кеткеніміз жөн.
Жарысқа 50-ден астам компания мен ұйымның қызметкерлері, оның ішінде инклюзивті білім беру саласындағы қызметкерлер қатысты. АВА-терапевт Алмас Ақан даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Тамшылар» балаларды дамыту орталығынан әріптестерімен бірге жүгіріске қатысты:
«Мен жүгіріске бірінші рет қатысып отырмын. Мен үшін осы марафонға қатысу – бұл тақырыпқа адамдардың назарын аудартудың, аутизм қиындықтарымен күнделікті бетпе-бет келген жандарға қолдау көрсетудің, AСБ бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарта алатын білімнің таралуына көмектесудің тәсілі. Мен өз жұмысымда дамуында ерекшеліктері бар балаларға жағымсыз мінез-құлықпен күресуге, басқалармен қарым-қатынас жасауға және өзара әрекеттесуге көмектесемін. Біз дәлелденген әдістерді қолданамыз және балалар күнделікті тапсырмаларды жақсырақ орындай алуы үшін отбасымен және басқа мамандармен бірлесе жұмыс істейміз», – деді ол.
Астана тұрғыны Амангелді Дощановтың жасы 81-де, ол – осы марафонның ең жасы үлкен қатысушысы. Амангелді ата 10 шақырым қашықтыққа тіркелген екен.
«Бүгін мен өзімді, өз күшімді сынап көргім келеді. Біз бәріміз қай жаста болсақ та дұрыс әрі толық өмір жасауымыз үшін өз денсаулығымыздың қадірін біліп, өзімізге қарауымыз тиіс. Әртүрлі елдердің 70, 80, 90 жастағы қарттары өздеріне жаттығулар қолданып, ел-жұрт қатарында жасайды. Біздің қазақ елінде де осындай жандар бар. Әрине, мен аутизмі бар балаларға қолдау көрсеткім келеді», – деді ақсақал.
Run for Autism қайырымдылық жарысы қорытындыланған соң қатысушылардың барлығы «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті. Олар спортшылар жүгіріп өткен жолдар мен айналаны қоқыстардан, қағаз бен басқа да пластик бұйымдардан тазартты.
Айта кетейік, сәуір айының басынан бастап елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экоакциясы өтіп жатыр. Ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және кәдімгі кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Наурызбек САРША