Алматы облысында өңір дамуының өзекті өркендеу жолдары қарастырылып, инвестициялар тарту, тиімді ынтымақ­тастықтар орнату мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда.
Инвестициялар индустрияны дамытады
847
оқылды

Күні кеше облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасының біздің елдегі Бас консулы Цзян Вэй ханыммен кездесті. Екі жаққа да пайдалы болады деп болжанып отырған іскерлік жүздесу бұған дейінгі экономикалық байланыстарды одан ары нығайта отырып, өзара тиімді ынтымақ­тастықтардағы тың мүмкіндіктерге жол ашатын аса маңызды қадам болып са­налады. 

Содан да болар, кездесу барысында талқы­ланған мәселелердің басында Қытай мемлекеті мен Алматы облысы арасындағы сауда қаты­нас­тарын барынша кеңейтуге қатысты сауал тұрды. 

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев көрші елмен екі арадағы мемлекеттік шекарада орналасқан «Қалжат» пен «Нарынқол» өткізу бекеттерін да­мыту екі ел арасындағы тауар айналымын арт­тырып, нығайтуға аса қомақты үлес қосатын­ына ерекше тоқталды. 

«Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауарлар мен қызметтер алмасуды арттырудың әлеуеті аса зор. Сауда-саттықты кеңейту эко­номи­каны әртараптандыруға және даму мен өркен­деудің тың мүмкіндіктерін қарастыруға жол аша­­ды. Сондықтан екі тарап арасында өзара тү­сіністіктегі әрі тиімділіктегі қарым-қатынас қа­лып­тастыру аса маңызды», – деп атап өткен об­лыс басшысы дәл қазіргі кезде өңірде ҚХР инвес­торларының қатысуымен бірқатар жоба жүзеге асқанын айта келе, алдағы кезге жоспар­ланған шаралардың да біраз екеніне назар аудара кетті. 

Нақтырақ айтқанда, Kelun-Kazpharm ЖШС фармацевтикалық зауытының өндірісі іске қосылып, «Жетісу Энергиясы» ЖШС энергияның жаңартылатын көздері жобасын жүзеге асырған. «Жібек жолы» компаниясы ауыл шаруашылығы саласын дамыту аясында тамшылатып суару жү­йесі үшін құрамдастар өндірісін, малға арналған жемге азықтық қоспалар өндірісі үшін дәнді дақылдарды қайта өңдеуді іске қосқан. Сонымен бірге фиброцементті плиткалар мен рельстік бекіткіштер, талшықты су сақтағыш технология­лар шығаратын зауыттың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген. Осынау жүзеге асырылған және қолға алынып жатқан жобалардың барлығы қос тараптың экономикалық даму мәселелерін ше­шудегі өзара табысты қарым-қатынасына нақ­ты дәлел бола алады. 

«Қытайлық инвесторлармен өзара табысты әрекеттестік облыстың экономикалық дамуын­дағы басты бағыттардың біріне айналды. Екі жақ бірлесе отырып, жүзеге асырып жатқан жобалар өңірдегі өндірістің түрлерін артырып қана қой­май, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға мүм­кін­дік туғызады және жергілікті экономиканы ын­­таландыруға серпін береді. Сонымен бірге мұн­дай инвестициялар индустрияны жан-жақты дамытуға жол ашып, жұмыс күшінің кәсіби дең­гейін арттыратын технологиялар мен білімдерге қол жеткізуге мол мүмкіндік береді. Қытаймен екі арадағы ынтымақтастықтағы тиімді тәжірибе өңір экономикасындағы тағы басқа да секторларды дамытуға серпін беріп, жаңа инвестициялар әкелуді барынша ынталандырары сөзсіз», – дейді Марат Сұлтанғазиев. 

Облыс әкімі өз сөзінде қытайлық кә­сіпкер­лердің қатысуымен облыс экономикасының түрлі саласында ірі жобалар жүзеге асырылып жатқан­дығына, олардың қатарында Gezhouba Cement Company Ltd цемент зауытының құрылысын, «Же­тісу Вольфрамы» ЖШС кен-байыту ком­бинатының құрылысы мен вольфрам кеніштерін игеруді, QazMetProduct ЖШС дайын болат сымдар өндірісін және тағы да басқа жобаларды іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. 

Бүгінде ҚХР инвесторларының атсалысуымен тиімділігі жоғары болады деп болжанған 11 жобаны жүзеге асыру ойластырылуда. Олардың қатарында TBEA компаниясының трансформатор зауытының құрылысы, Yulin irrigation компания­сының тракторлар мен ауыл шаруашылығы тех­ника­ларын құрастыратын зауытының құрылысы және суландыру жүйесін іске қосу сынды аса ірі жобалар бар. 

 Бас консулмен жүздесу соңында облыс басшысы Алматы облысының шетелік инвес­торлар үшін аса тартымды аймақ болып сана­латындығына тағы бір мәрте тоқталды. 2023 жыл­дан бергі кезеңде тек қана көршілес жатқан Қытай Халық Республикасы өкілдерімен 200 бизнес-кездесу өткізілгені де бұл сөзге айғақ бола алады. Сонымен бірге инвесторлар тарапынан қы­зығушылықтың артуы өңірдің аса зор инвес­тиция­лық әлеуетін білдіріп, экономикалық тұрақ­тылығын аңғартады. Биылғы мамырдағы жағдай бойынша, Алматы облысының инвес­тициялық портфелінде жалпы сомасы 3,4 трлн теңге болатын 189 жобаның бар екендігін және олардың ішіндегі жалпы сомасы 268 млрд теңгені құрайтын 10 жобаның Қытай Халық Республика-сы кәсіпкерлерімен бірлесе жүзеге асырылып жат­қанын да атай кеткен жөн. 

Б.ҚАБДЕШҰЛЫ, 

Алматы облысы