Сондықтан да болар, қазақ тарихында үш жүздің бірі ретінде танылып, халқымыздың біртұтастығын сақтауда ел есінде қалған баба рухына өзбек ағайындардың құран бағыштауы әсте бекер емес.
Қос өңірдің өрісі кеңейді
Өзбекстанның Науай облысы Нұрата ауданында Әйтеке би Байбекұлымен қатар оның бабасы Сейтқұл әулие де жатыр. Жыл сайын осы қос тұлғаның зираты орналасқан киелі мекенге мыңдаған халықтың ат басын бұруы, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан бетер нығайта түскенін аңғартады.
Жалпы, 2000 жылдардың басында жергілікті халықтың бастамасымен осы өңірден Әйтеке бидің зираты табылып, зерттеу жұмыстары жандана түсті. Бертін келе, 2009 жылы баба ұрпақтары жергілікті қазақтармен бірлесіп, еңселі кесенені тұрғызды. Бүгінде сол маңға мешіт, музей, шырақшыға арналған үй-жай салынған. Тарих парақтарында Сейтқұл әулиенің XVI ғасырда Сыр өңірі Қазалы ауданынан Нұратаға 40 мың отбасымен қоныс аударғаны айтылады. Ал Әйтеке бабамыздың 25 жасында би атанып, елдің тұтастығын сақтауда ерен еңбек сіңіргені белгілі.
Қызылорда мен Науай облысының өзара ынтымақтастығы 2022 жылы жанданды. Сол жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапарымен барғаны белгілі. Осы сапарда қос елдің басшылары алдында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Науай облысының хокимі Нормат Тұрсунов екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейтін арнайы Жол картасына қол қойды. Аталған Жол картада екі өңір арасындағы әріптестік байланысты нығайтып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттырып, жаңа жобаларды жүзеге асыру көзделген.
Өзбек жеріндегі өзгеше шара
Ерте көктемнен екі мемлекет өкілдерін қауыштырған биылғы Әйтеке бидің 380 жылдығына жиналған жамағаттың қарасы қалың болды. Үш күнге созылған салтанатты шараны Науай облысы әкімдігі ұйымдастырған.
Науай облысында өткен биылғы жиын өзгеше өрнекке толы болды. Бұл екі облыс басшыларының ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылғанын айта кету керек. Соның негізінде Өзбек жеріне Сыр өңірінен Қызылорда облыстық филармониясы арнайы барып, өз өнерлерін паш етіп қайтты.
«Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Өзбекстан жеріне іссапар ұйымдастырылды. Оған Қызылорда облыстық филармониясынан 40 адам бардық. Атап айтқанда, «Томирис» би ансамблі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, жергілікті жырауларымыз, айтыскер ақындарымыз арнайы ат басын бұрды. Концертімізді Сыр өңірінің дәстүрлі нақышын айшықтайтындай негізде ұлттық аспаптарымызды пайдалана отырып өткіздік. Яғни, өзіміздің қазақи болмысымызды сақтай отырып, Сыр өңірінің дәстүрлі өнерін дәріптейтіндей дүние жасадық. Шара жоғары кәсіби деңгейде өтті деп айта аламын. Көрермендердің көптігінен көз сүрінеді. Халық залға сыймай қалды. Жергілікті жұртшылықтың қолдауын да сезіндік», – дейді Қызылорда облыстық филармониясы басшысының орынбасары Азиза Іздіқұлова.
Өзбек топырағында өткізген «Достық сазы» атты концерттік бағдарламада би, фольклор ансамбльдерінен бөлек, өнер көгінде қалықтаған тұлғалар да бой көрсетті. Соның ішінде «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Бимбетова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ноғайбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің йегері Майра Сәрсенбаевалар арнайы барды. Бұдан өзге халықаралық конкурстардың лауреаттары Б.Төлеубай, М.Сүгірбай, айтыскер жас ақын әрі жырау Б.Орынбасар, әнші А.Табынбаев, Б.Қарғабаев, С.Тасбергеновалар да өнер көрсетіп, көрермендердің ерекше құрмет-қошеметіне бөленді.
«Бұл күні Сыр өнерпаздарының концерттік бағдарламасынан бөлек, ақындар айтысы ұйымдастырылып, жерлесіміз Мұхтар Ниязов бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Бұдан өзге, екі мезгіл ас беріп, бәйге ұйымдастырды. Шараға қазақтың игі жақсылары түгел жиналды десек те болады. Жалпы, шара жоғары деңгейде өткізілгені байқалды. Көрермендердің Сыр өнерпаздарына деген ықыластары да ерекше болды. Концертті өздерінің жергілікті фольклорлы ансамблі ұлттық нақыштағы әуендерімен ашып берді. Шара соңында өзбек ұлтының әншісі «Қазақстан мен Өзбекстанның достық арнасы» деген тақырыптағы керемет әнімен жапты», – деп әсерімен бөлісті Азиза Гәжденбекқызы.
Шыны керек, бұл облыстық филармонияның Өзбекстанға жасаған алғашқы гастрольдік сапары емес. Бұған дейін де көрші мемлекетке жиі іссапармен барып тұрады. Бұл тұрғыда екіжақты шығармашылық байланысы өте жақсы қалыптасқан. Нақты тоқталар болсақ, 2019 жылы Өзбекстан Республикасы, Навой қаласы, Фарход мәдениет сарайында Қызылорда облыстық филармониясының Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі және жеке орындаушылардың «Сырдария – достық арнасы» атты концерті болып өткен еді. Аталмыш бағдарлама мемлекетаралық достықты нығайту және бауырлас халыққа қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған болатын. Ал 2022 жылы Базар Жыраудың 180 жылдығына орай «Жыр керуені» танымдық-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Сол уақытта да филармония жыраулары Амандық Бүрлібаев, Әділхан Қуаңбаев, Марат Сүгірбайлар Өзбекстан Республикасына арнайы шығармашылық іссапармен барған. Бұл жолғы шара осы сынды игі бастамалардың жарасымды жалғасын аңғартты.
Осы орайда, бір кездері тұтас қазақтың қамын күйттеген тарихи тұлғаны ұлықтаған бұл тағылымды шара еліміздің өзге өңірлерімен қатар, Ресей мен Германиядан келген қандастарымыздың да басын қосқанын айта кеткен абзал.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы