Бүгінде дубляж арқылы қазақ тілінің қолданысы кеңейді. Былтырдан бастап Ұлттық кино орталығы осы сала үшін конкурстар жариялай бастады.
Қазақша дубляждың жүгі ауыр
966
оқылды

Ұлттық кино орталығы Басқарма төрағасының киножобалар мониторингі жөніндегі орынбасары Бауыржан Шөкенов дубляж саласындағы жаңалықтармен бөлісті. 

«Мемлекеттік тапсырыстар бойынша конкурс жариялап, нәтижесінде дубляж саласындағы жобаларды қаржыландырып жатырмыз. Алдымызда тұрған ең үлкен мәселе осы. Мұндай конкурс былтыр басталды, былтыр екі рет жариялағанбыз, биыл үшінші рет мемлекеттік тапсырыстың хабарландыруын жасадық. Дубляж үшін мемлекет жылына 400 миллион теңге бөледі. Бірақ конкурстың өзіндік талаптары бар. Бұл конкурс 21 мамырға дейін жалғасады. Еліміздегі ең көп дубляжбен айналысатын студия ретінде Melomаn-ды айтар едім, әрі ол біздің ең үлкен дистрибьютеріміз. Біз қаржыны қазір тек отбасылық, анимациялық фильмдерге бөліп жатырмыз», – дейді Б.Шөкенов.

Сапасы жоғары фильмдер дыбысталуы керек

50-ге жуық әлемдік фильмдерді, Disney, Pixar, Marvel, XX Fox сияқты бірқатар компания өнімін қазақ тілінде дыбыстаған Disney компаниясының дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, аталған саладағы заң жобалары әлі де біржақты жүйеге түспеген, қазақтілді дубляждың кең таралуына субтитр кедергі келтіреді. Егер осы жылы қазақша дыбысталған фильмдердің кассалық көрсеткіші жоғары болып, көрермен арасында кең тараса, келесі жылы қазақша дыбысталатын фильмдердің қатары көбеюі әбден мүмкін. Сала режиссерінің пайымдауынша, бұл тікелей осы жылдың көрсеткішіне байланысты.

– Саладағы кәсібімді Ресейдегі Останкино телерадиокомплексіндегі дубляж мамандарының тәжірибесін алып бастадым. Одан бөлек, Ұлыбританиядағы үлкен дубляж студияларының өткізген шеберлік сабақтарына қатысып, шығармашылығымды шыңдадым. Өйткені Қазақстанда осы саладағы мамандар аз. 2011-2021 жылдар аралығында «Болашақ» корпоративтік қорының қаржыландырылуымен 47 фильм дыбысталған болатын. Кейін Мәдениет министрлігіне ауысқан соң, мемлекет тарапы­нан бөлінген қаржыға бір жылдың ішінде үш фильм қазақ тілінде дыбысталды: «Аватар», «Қара қабылан: Ваканда жасасын» және «Аватар: су жолы 2». 2023 жылы қаржыландыру тоқ­тап, бірде-бір фильм қазақша дыбысталмады. 2024 жылы Disney компаниясы Melomаn компаниясының Instagram парақшасында ресми жаңалық  жариялады: фильм компаниялардың өз тарапынан қаржыландырылатын болды. Атап айтсақ, Disney компаниясының дубляжында биыл шығатын фильмдердің қатарында «Ойжұмбақ-2», «Муфаса: Арыстан патша», «Моана 2» тұр, – деді.

Ұлттық кино қолдау орталығы шетелдік фильмдерді дубляждауға конкурс жариялаған болатын. Бірақ алғашқыда конкурсқа өз фильм-дерін ұсынғандардың саны жоқтың қасы болғаны рас. Мұндай конкурс жарияланғаннан бастап қазірге дейін дубляжбен айналысатын үлкен компаниялардың бірде бір қазақша дыбысталған фильмі жоқ.

– Walt Disney, Warner Brothers, Para­mount Pictures Corporation фильмдері, өкінішке қарай, әлі дыбысталған жоқ. Не де болса, үздік фильмдер дыбысталса деген тілек бар. Еуропаның, ТМД елдерінің, Қытай мен Азияның В, С, D категорияларындағы сапасы төмен көп фильм жарыққа шығады. Бірақ қазақша көрсетілімге А деңгейлі, болашақта Оскар, Golden Globe Award, Канн фестивальдерінде үздік орын алатын, әлемдік компаниялардың, танымал режиссер, актерлердің қатысуымен болған фильмдер қазақша дыбысталуы керек деп ойлаймын, – деп ойымен бөлісті Шах-Мұрат Ордабаев. 

Дубляж актерінің табысы – өлместің күні 

Азамат Қанапия – қазақ тіліне тәржімаланған бірқатар шетелдік фильм, сериалдың дыбыстаушысы. Айтуынша, дубляж саласының өткені мен бүгінінде айтарлықтай өзгерістер жоқ. 2001 жылы дубляжға ерекше ден қойылған кезде дыбыстаушыға төленген 3 500 теңге қазір 4 000 теңгеге ғана өскеніне қынжылатынын айтты. 

– Қазақ тіліндегі дубляж қазаққа ғана керек. Осы арқылы тіліміздің қолданыс аясын кеңейте аламыз. Жалғыз мысал, қырғыз депутаты Balapan арнасын көріп, балаларымның бәрі қазақша сөйлеп кетті деп шырылдап еді. Дубляж бұрын болмаған кезде көп адам шорқақ сөйлейтін. Мұны айтуымның себебі дубляж сөздік қордың көбеюіне жақсы ықпал етті. Бірақ бұл саланың маманы «шықпа, жаным, шықпа» деп өлместің күнін кешіп жүр десем де болады. Қазір телеарналардағы бір сериалдың ұзақтығы – 45 минут. Оның дыбыс құны – 4 000 теңге. Бір күнде көп дегенде бес серияны дыбыстап үлгеруі керек. Егер дубляж актерінде шапшаңдық болмаса, табысында өсу де болмайды. Бәрін қаржыға тіреп қоюдың қажеті шамалы. Көрермен алдында дубляж актерінің жауапкершілігі өте жоғары. Өйткені аудармашы аударады, редактор тексеріп шығады. Мысалы, 2001 жылдары редакторлар Тұрысбек Сәукетай, Заманбек Әбдеш, Нұрлан Қари сияқты мүйізі қарағайдай, Жазушылар одағында отырған кісілердің барлығы дерлік редактор болып еді. Қазір редакторлар кімдер екені белгісіз, – дейді ол. 

Қазір ҚХР қандастарымыздың тапсырысымен сериалдарды дыбыстап жүрген Азамат Қанапия синхронды дубляждан гөрі, телесериалдарды дыбыстаудың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Айтуынша, елімізде осы саланың алдында әлі де шешімін таппай тұрған мәселе көп. Дубляжға жыл сайын бөлінетін қар­жы­­ны шетелдікімен салыстыруға да келмейді. Азамат Қанапия әлемдік үздік кинотуындыларды қазақша «сөйлететін» мамандардың қызметін қазір еліміз, қоғам өз деңгейінде бағаламайды деген пікірді алға тартты. 

– Бұл салаға айтарлықтай көңіл бөлінеді деп айта алмаймын. «Болашақ» қауымдастық қорына Бауыржан Байбек демеушілік еткен кездерде біраз фильмді дубляждағанбыз. Ал мемлекет тарапынан қолдауды көріп отырғанымыз жоқ. Біріншіден, Ресейден кеткен бүкіл дистрибьюторларды тартып алу керек еді, қосымша қазақша жазып таратуға болады. Бұл – өз ойым. Дегенмен қазір бұл салаға жастар қызығу­шылық танытып, келіп жатыр. Әрине, жастар келуі ке­рек, олар – қазақ тілі болашағының «әскері». Дубляждаудың да өзіне артылған жүгі бар. Дауыстың қанық, әдемі болғаны жеткіліксіз, бірінші сөйлеу техникасын меңгеру керек, тіпті демді дұрыс ұстаудың да ережесін сақтаған дұрыс, – деп бірқатар міндетті атап өтті.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ