Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов пен Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің спикері Нуман Куртулмуш түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына барды.
Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісі төрағасының Қазақстанға ресми сапары бүгін Түркістанда жалғасты.
Алдымен Ерлан Қошанов пен Нуман Куртулмуш киелі жерлерді аралап, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Рабиға бегім кесенелерінде бабалар рухына тағзым етті.
Түстен кейін Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің төрағасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «ХХІ ғасырдағы Түркі әлемінің орны» атты конференцияға қатысты.
Нуман Куртулмуш Қазақстанға сапары жемісті өтіп жатқанына назар аударды.
– Кеше біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болдық. Парламент палаталарының төрағаларымен кездестік. Бүгін Түркістанда өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Жалпы, Қазақстанның біз үшін орны бөлек. Ал Қожа Ахмет Ясауи бабамыз – ислам әлемінде есімі ерекше тұлға. Оның еңбектері мен асыл мұралары төрткүл дүниеге кең тараған. Анадолы мен Балқан елдеріне дейін Ясауи ілімінің ізі жатыр. Ғұламаның хикметтері мен бізге жеткен тағылымды мұрасы мемлекеттерімізді байланыстырады, – деді Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің төрағасы.