«Соңғы үкім» тарихи кинодрамасының алдын ала көрсетілімі Астанадағы кинотеатрлардың бірінде өткізілді. Тұсаукесерге танымал актерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер, Мәдениет және ақпарат министрі қатысты. Туынды көрсетілмес бұрын Ахмет Байтұрсынұлының суреттері қойылған шағын көрме ұйымдастырылған. Келген көрермен ұлт ұстазының картиналарын тамашалады. Қайраткер тұлға туралы фильмнің сценарий авторы Ғалым Доскеннің айтуынша, «Соңғы үкім» тарихи драмасы нақты деректерге сүйеніп түсірілген.
– Естеліктерінің өзінде қайшы тұстар кездеседі. Оның өзі қаншалықты рас екенін тексеріп алу керек. Сондықтан біз барынша сол кездегі жағдайға, сол кездегі реалиге, сол кездегі саяси жағдайға осы фильм жауап бере ала ма, жоқ па дегенге басымдық бердік, – деді сценарий авторы, продюсер Ғалым Доскен.
Фильмде Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған, қазақ зиялыларының алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған бастауыш сынып мұғалімінің өмір жолы туралы баяндалады. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің негізін салып, XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны қалай тең тұтқаны, оны жұрттың қатарына іліну жолындағы құралы етуге білігі мен қайратын жұмсағаны көрсетіледі. Жалпы кинода ағартушы, педагог ғұмырының қилы кезеңдері мен бұралаң сәттерінен тұратын 8 кезеңі көрініс тауыпты. Басты рөлді белгілі актер Азамат Сатыбалды сомдаса, ұлт ұстазының адал жарын Дарья Александрова ойнаған.
«Соңғы үкім» тарихи кинодрамасы Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарында түсірілгенін де айта кету керек. Көрерменнің көз алдында өз елінің теңдігі мен хақысын талмай жоқтаған күрескердің ең бір бейнетті кездері келгендей. Өйткені көпшілік басты рөлдегі кейіпкермен бірге екі сағат бойы өмір сүріп, сол аласапыран заманға көшкендей күйде отырады.