Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жал­пы отырыс өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» және электромобиль инфрақұрылымын дамыту туралы заңдарды екінші оқылымда қа­был­дады.
Вандализм үшін заң қатаң
570
оқылды

Сонымен қатар эко­номика­лық құқықбұзушылық­тарды одан әрі қылмыстық си­пат­тан арылту мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымнан өтті.

Қазақстанда бұған дейін адам сауда­сымен күрес туралы жеке заң болған жоқ. Жұмыс тобының жетекшісі Марат Бәшімов осы себепті бұл жолы қарас­тырылып отырған түзетулер халық­ара­лық құқық нормаларын ескере оты­рып, отандық заңнаманы жетілдіру қажет­тігіне байланысты әзірленгенін айтты. Жаңа заңда алғаш рет «адам саудасының ықтимал құрбаны» түсінігі анықталған. «Адамды қанау» түсінігі мәжбүрлеу әдістерін кеңейту тұрғысы­нан халық­аралық конвенцияларға сәй­­кестен­діріл­ген. Осы саладағы уәкі­летті орган­дар ретінде Ішкі істер ми­нистрлігі мен Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі таныл­ған. «Жекелеген азаматтар қоғамдық орындарды ластау сияқты құқықбұ­зушылықтарды жа­сауын жалғастырып, өздерінің әдеп­сіздігі мен мәдениет­сіздігін көрсетуде. Осыған байланысты депутаттар ван­дализм, ғимараттарды, қоғамдық орын­дарды бүлдіру және бөтеннің мүл­кін жою әрекеттері үшін жазаны қатай­туға бағытталған түзету­лер енгізуде. Мәселен, 294-бап «Ванда­лизм» бойын­ша жаза күшейтілді» дейді депутат Марат Бәшімов.

Талқылау нәтижесінде депутаттар «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заңды ілеспе түзетулерімен екінші оқы­лымда қабылдап, Сенаттың қа­рауына жолдады.

Мәжілісмендер экологиялық таза көлікті танымал ету және электро­мобильдерге арналған инфрақұры­лым­ды дамыту мәселелері туралы заңды да екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Арман Қалықовтың айтуынша, заң аясында «электро­мо­биль» және «электрқуаттау станция­сы» жаңа ұғымдары енгізіледі. Жолдар­ды жобалау кезінде электр­қуаттау стан­ция­лары үшін бөлек орын­дар бөлу, тұр­ғын және қоғамдық аймақ­тарда, сондай-ақ ерекше қорғалатын аумақты жоспарлау жобасында электр желілеріне қол жеткізе алатын электрқуаттау стан­циялары бар тұрақтар орналастыру жоспарлануда. Электромобиль иелері автотұрақ ақысын төлеуден боса­тыла­ды. Электрқуаттау станция­ларымен жаб­дықталған орындарда көлік құрал­дарын тоқтату немесе қою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

«Екінші оқылымда депутаттар об­лыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның әкімдігіне электрқуаттау станцияларын орналастыру туралы шешім қабылдау жөнінде құзырет беруге, электрқуаттау станцияларын электр желілеріне өз бе­тінше қосуға тыйым салуға қатысты тү­­­зе­тулер енгізді», – деді А. Қалықов.

Сондай-ақ депутат автобус және трол­лейбус жүргізушілерінің жасын 23 жасқа дейін төмендету және оларға ке­мінде 3 жыл, ал D1 кіші санатындағы жүр­гізушілер үшін 1 жылдан кем емес жұ­мыс өтілін белгілеу нормалары қа­рас­­тырылғанын айтты.

Мәжіліс экономикалық құқықбұзу­шылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жы­лыс­татуға), терроризмді қаржылан­дыруға қарсы іс-қимыл туралы заң жо­басын Әкімшілік құқық бұзушылық ту­ралы кодекске енгізілетін ілеспе түзе­ту­лерімен бірінші оқылымда мақұл­дады. Түзетулерді депутаттар Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйек­тегі «Әділетті Қазақстанның эко­но­мика­­­лық бағдары» атты жолдауы мен эко­номиканы ырықтандыру шаралары туралы Жарлығын орындау мақсатымен әзірледі. Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Абзал Құс­пан баяндама жасады.

«Қылмыстық кодекстің 219 (кре­дитті заңсыз алу немесе бюджеттік кре­дитті мақсатсыз пайдалану) және 241 (Бухгал­терлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзу) бабы толық қылмыссыздандырылады. Қыл­мыс­тық кодекстің 234-бабы (эконо­мика­лық контрабанда) ӘҚБтК-нің 551-бабына көшіріле отырып және ҚК 236-бабы (кедендік баждарды, кедендік алымдар­ды, салықтарды, арнайы, дем­пингке қарсы, өтемақы баждарын тө­леу­ден жал­тару) ішінара қылмыссыз­дан­дырылады. Олар үшін қылмыстық жа­уапкершіліктің шегі ұлғайтылады», – деді А.Құспан.

Сондай-ақ тиісті акт не қорытын­дыларында қылмыстық құқықбұзу­шылық белгілерінің болуын көрсететін жеткілікті деректері бар қорытынды қоса берілмеген, актілерге қатысты жоғары тұрған органға не сотқа шағым жасалған кезде, есепке жазылған салық сомалары толық ерікті түрде өтелген кезде істерді тіркеуге жол берілмейді. Норма кәсіпкерлерді қылмыстық жа­уап­кершілікке тартудың әділ механи­змін енгізу мақсатымен енгізіледі. Заң аясында Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жар­лығын орындау мақсатымен «Қыл­мыстық жолмен алынған кірістерді заң­­дастыруға (жылыстатуға) және тер­роризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңына қылмыстық жол­­мен алынған кірістерді заңдас­тыру­ға (жылыстатуға) және терроризмді қар­жы­ландыруға қарсы іс-қимыл ту­ра­лы заңнаманың мақсаттары, міндет­тері мен қағидалары белгіленеді.

 Сонымен қатар депутаттар спорт­тық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша түзетулерді қа­былдады. Депутат Айдарбек Қожа­назаров­тың айтуынша, заң отандық спорт­тық жылқылардың тұқымын қал­­­­­пына келтіріп, оның асылтұқымды қа­­­­сиеттерін мемлекеттік қолдауға ба­ғытталған.

 «Түзетулерде қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молай­туға бағытталған іс-шараларды суб­сидия­лау көзделген. Олар – асылтұқым­ды орталықтардың шетелдік селекция­ның спорттық бағытындағы асыл­тұ­қым­ды айғырларды сатып алу, асыл тұ­­­қымды аналық мал басымен селек­ция­­лық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу және оларды ұстау бойынша шығын­дарды өтеу», – деді А.Қожаназаров.

Жалпы отырыста Мәжіліс Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемле­кеттердің үкіметтері арасындағы оңай­латылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа тараптар 2022 жылдың 11 қарашасында Самарқандта қол қойды. Заңды депу­таттарға Қаржы министрі Мәди Тәкиев таныстырды. Жұмыс тобының жетек­шісі Еркін Әбіл Келісімнің оңай­латылған кеден дәлізі аясында сауда операторлары тасымалдайтын жүктер ту­ралы ақпарат алмасуға мүмкіндік бе­ре­тінін айтты. Кедендік ресімдеудің басым тәртібі мен өткізу пункттерінде кедендік жете тексеруді қолданбау сияқты жеңілдіктер қарастырылған.

Мәжіліс комитеттері жаңа заң жоба­ларын жұмысқа қабылдады. Олар: бир­жа саудасы мәселелері бойынша, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық мә­­селелері бойынша заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер, сондай-ақ Дү­ниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне (Балық аулау суб­сидиялары жөніндегі келісім) өзгеріс енгізу туралы хаттаманы рати­фикация­лау бойынша заң жобасы.

 Жалпы отырыс соңында мәжіліс­мендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 8 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, «AMANAT» фракциясы мү­шесі, депутат Нұрсұлтан Байтілесов Пре­мьер-Министрдің орынбасары Та­мара Дүйсеноваға жолдаған сауалында соттағы аудармашылардың мәселесін көтерді. 

«Сот төрелігінің әділдігі, тарап­тардың теңдігі аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты. Ал білікті маманды тарту оның өтем ақысына тә­уелді. Қазір азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төлем Үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негі­зінде жүргізіледі. Оған сәйкес 1 бетті аударғаны немесе 1 сағаттық жұмысы үшін 369 теңге төленеді. Ал егер процесс жарты сағатқа созылса, онда төлем осы соманың жартысын құрайды, яғни 180 теңге. Қазақстан нарығында 1 парақ мәтіннің, 1 сағаттың аударма жұмысы 5 мың теңгеден жоғары бағаланады. Ал син­хрондық аударма құны 10 мың тең­геден басталады. Жақында өткен қо­ғам­дық резонанс тудырған іс бойынша аударма қызметінің сапа деңгейіне  куә болдық. Бүгінгі күні сот ісіне тартылған аудармашылар осындай төмен мөл­шердегі төлемге байланысты қызмет көрсетуден бас тартады. Нәтижесінде, сот процестері кешіктіріліп, хатшылар басқа аудармашыларды іздеп, оларға қызмет көрсетуге жалынуға тура келеді. Осыған орай, қазіргі нарықтық заман­ның деңгейіне сәйкес аудармашылардың өтемақысын қайта қарау қажет деп санай­мын», – деді ол.

Келесі бір депутат, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков отандық анимация жайын көтерді. 

«Біздің балалар жат ел идео­логия­сының құрбанына айналып, өзінің ұлттық болмысына жат, санасына сай келмейтін өнімдерді тұтынуда. Өйткені біздің ел анимация саласында мақтана алмайды. Қазір жасөспірімдер шетел анимациясын өзінің төл туындысындай тұтынып, қалың қазақ отырған ауыл­дағы бесік балаларының тілі не орыс, не ағылшын тілінде шығуда. Өйткені отандық анимацияда тың ой, жаңашыл жаңалық жеткізуі жағы кемшін. Сол себепті еліміздегі анимация саласына жаңа серпін беріп, Үкімет ұлттық ани­мация өнімдерін субсидиялау көле­мін арттыруы керек. Елдегі мультип­лика­тор маманын даярлайтын оқу орындары 2D анимациясы бойынша білім берумен шектелмей, 3D форматты игеруге ба­сым­дық беруі міндет. Кәсіби сценарист пен талантты суретшілер және IT ма­ман­дар бірлесе жұмыс істеп, сапалы ани­­мациялық өнімдер дайын­дауды жол­ға қою маңызды. Анимация сала­сын заманауи талаптарға сай дамы­ту үшін IT мамандарды тарта оты­рып, идео­логтар мен психологтер, керек бол­ған жағдайда педагогтерді тартуды ойлас­тыру өзекті. Мәдениет және спорт министрлігі мен Оқу-ағарту минис­трлігі бірігіп, отандық анимацияны да­мытуда концепция дайындауы ма­ңыз­ды», – деді ол.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ